Психология

Мел Роббинс. «5 секунд ережесі» кітабы

Мел Роббинс – атақты америкалық медиатұлға әрі бизнесвумен.

Мел Роббинс TEDTalks-та айтқан«5 секунд ережесі» туралы видеоны 14 миллионнан астам адам тамашалап шыққан. Бүгінгі таңда Мел Роббинстің 5 секундтық ережесіне сүйеніп, өз өмірін бақылауға алғандар баршылық. Тіпті олардың әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларын теріп-жинақтап, өз идеясының қарапайымдылығын түсіндіріп Мел Роббинс оны кітап етіп шығарды.

Мел Роббинстің ережесі

Дэвид Аллен 2 секунд туралы методиканы ұсынған болатын. Ол екі секунд туралы былай дейді: «Сіз жоспарлаған шаруаны екі-ақ минутта реттеп тастауға мүмкіндік болса, «кейінірек» деп созбай, ойланбастан сол шаруамен айналысыңыз!». Ал Мел Роббинс өзінің кітабында бұл идеяны әрі қарай дамыта түсті. Кітаптың толық атауы – «5 секунд ережесі. Өміріңді, карьераңды, өзіңе деген сенімділігіңді өзгертуді қолға ал» (5 seconds rule. Transform your life, work, and confidence with everyday courage). «5 секунд ережесі» кітабы әлемнің 29 тіліне аударылып, бестселлерге айналды. Amazon сайтында ең жиі оқылатын кітаптардың бестігінде үшінші орын алды.

Мел Роббинстің Дэвид Алленнен айырмашылығы – ол іс-әрекетке көшу үшін ол шаруаны тындыруға кететін уақыттың ұзақтығына бас қатырмады. Роббинстің 5 секунд ережесіне сәйкес іштей 5-4-3-2-1 деп санап, ракета сияқты орныңыздан қозғалып, аспанға қарай «ұшасыз». Құлаққа түрпідей естілуі мүмкін, алайда бұл методика әрі қарапайым, әрі нәтижелі болып шықты. Қазіргі кезде американың көптеген компанияларында Мел Роббинстің «5 секунд ережесі» туралы утюбтағы видеосын қосып, жиналыс жасау дәстүрге айналған.

«5 секунд ережесі» қалай жұмыс істейді?

Сонымен қатар ойыңызға қандай да бір негативті ой келсе де, сіз іштей іштей 5-4-3-2-1 деп санап, позитивті нәрсені ойластыруға көшесіз. Қайта-қайта бір оқиғаны көз алдыңыздан өткізіп, өзіңізді жей беруді қоясыз. Мысалы, біреуге ренжіп қалдыңыз, ол туралы жаман ойлай бастадыңыз. Міне, сол сәтте іштей 5-4-3-2-1 деп санап, назарыңызға басқа жақсы нәрсеге бұрасыз. Осы техника арқылы адам өз өміріне өзі әмір жүргізе алатындығына, әр күннің қаһарманы атануға болатындығына көз жетеді.

Мел Роббинстің айтуынша, адам ұялшақтығы, қорқақтығы, баяулығы кесірінен күн сайын қаншама керемет мүмкіндікті іске асыра алмай қалады. Олар белгілі бір әрекет жасамас бұрын тым көп ойланады дейді. «5 секунд ережесі» бойынша сіз өміріңіздің кез келген саласын реттей аласыз.

Мысалы, күн сайын таңертең ерте тұра алмайсыз. Оятқыш уәделі минутында сізді оятпақ болады. Сіз дыбысын естисіз, оятқышты сөндіруге ұмтыласыз. Миыңыз оянады, алайда сіз ерте тұрмауға миллион сылтау іздеп табасыз. Шын мәнісінде, «тұрайын ба, тұрмайын ба?», «тағы 20 минут жата тұрсам ше?» деп ойланып жатқаныңызда миыңыз сізге ең ыңғайлы, ең тиімді нұсқаны таңдатқызады. Ол – төсекте қалу шешімі. Неге? Себебі миыңыз жеңілірек нұсқаны таңдағанды жөн санайды. Ол энергиядан айырылып қаламын деп алаңдайды.

Тағы бір күн ұйықтап қалу, бүгін қоңырау шаламын деп ертең шалу, бүгін жазамын деген мақаланы ертең бітіру, танысқың келетін адамға тіл қатпау бір қарағанда ұсақ-түйек дүниелер сияқты. Алайда ертеңгі өміріміз көбінесе осы күн сайын жасалған ұсақ-түйек шешімдерден тұратынын білгейміз.

«секунд ережесі» қалай пайда болды?

Бұл туралы Мел Роббинс сұхбаттарында былай дейді: «Жаңалықтар сюжетінен кейін ракета туралы жарнамалық ролик көріп отырғанмын. Сол кезде осы идея басыма қонды. Неткен ақылға сыйымсыз идея деп ойладым. Бірақ таңертең жылы төсектен тұрғым келмегенде өзімді ракетадай сезініп, іштей  5-4-3-2-1 деп санап көруге бел будым. Ертесі әдеттегідей оятқыш шырылдады. Мен бірден 5-4-3-2-1 деп санай кеттім. «Бір» дегенде жуынатын бөлмеге бара жаттым. Өз-өзіме сенбедім. Келесі күні тағы қайталап көрдім. Іске асты. Арғыкүні тағы да ерте тұрдым. Содан соң мұны кез келген өмірлік жайтқа пайдалануды бастадым.

Телефоныма біреу звондап жатыр. «Көтерейін бе, көтермейін бе, кім екен мені іздеп жатқан, тыныштық па?» деп сансыз сұрақ қойғанша мен жай ғана 5-4-3-2-1 деп іштей санаймын да тұтқаны аламын. Бітті. Мәселе шешілді. Бір шарадасың. Маңызды адаммен танысып, визитка алмасқың келеді. «Мені менсіне ме, ұят емес пе?» деудің орнына ғана 5-4-3-2-1 деп іштей санайсың да, барып қол алысасың. Бітті. Бүгін сен ертең сенің партнеріңе не инвесторыңа айналатын адаммен таныстың. Құттықтаймын!»

Мел Роббинстің жетістігі қандай?

Мел Роббинс айына 20 миллионнан астам адамға шабыт беретін әлемнің ең атақты лектор-мотиваторларының бірі. Оның Мел Медиа-компаниясы, The Confidence Project, Inc. Жекелей даму бойынша онлайн-курстар ұсынады. Ол CNN каналының заңгер-аналитигі. Үш баласы бар Мел Роббинс бүгінгі күні Бостон қаласында тұрады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!