Қолдау

Тоқыма арқылы кәсібін бастаған 17 жастағы қыз

Ozgeris – студенттер мен оқушыларға арналған онлайн-бизнес жоба.  17 жастағы қостанайлық Элиза Абдибекова Ozgeris жобасының мүшесі.

Тоқыма

Жазда сыныптасыммен және оның сіңлісімен серуенге шықтым. Сіңлісінің қолындағы тоқылған ойыншыққа көзім түсті. Кезінде еңбек сабағында тоқыманы қолыма алып едім. Бірақ жасай алмаған соң тастап кеттім. Қызығушылығым қайта оянып YouTube-тен ойыншықтарды тоқуды үйрететін видео таптым. Бірнеше талпыныстан кейін тоқыманың технологиясын түсіндім. Барған сайын қызығушылығым арта түсті.

Тоқылған ойыншықтарға сұраныстар түсе бастады. Өз кәсібімді бастауды жөн көрдім. Инстаграм парақшамды ашқан күні бір ойыншық сатылып кетті. Бұл менің алғашқы табысым болды. Осы ақшаға керек заттарымды алдым. Екі ай көлемінде 20 ойыншық саттым. Табысым 50 мың теңгені құрады. ҰБТ-ға қатысты екі курсты сатып алу мүмкіндігім болды.

Ozgeris жобасы

Ойыншықтардың бағасы 2500-3500 теңге аралығында. Бағасы қымбат деп айтақандар да болды. Бірақ бір ойыншықты тоқуыма 6 сағат уақытымды жұмсаймын. Инстаграмнан Ozgeris деп аталатын кәсіптік парақшаны тауып алдым. Өзімнің жобамды ұсындым.

Мені қабылдамайтын шығар деген қорқыныш болды. Қатысушыларын көріп, олардың да мен сияқты мектеп оқушылары екенін түсіндім.

Қазір сабағым мен емтиханыммен қатар Ozgeris-тің тапсырмаларын орындап жүрмін. Тоқумен тек кешке айналысамын. Тоқыма ойымды жинақтауға, жоспар құруға көмектеседі. Ержан Ғабдуллин мені кәсіп жолына апарған ұстазым. Мені жігерлендіріп отырады. Қазір маркетинг саласын түсініп келемін.

Ozgeris жобасына қатысуым мен үшін жаңа бастама болды. Өзіме сенімді бола түстім. Киімдермен, түстермен, әшекей бұйымдармен тәжірибе жасауға қызығушылығым оянды.

Ата-анам кез келген бастамама қолдау білдіреді. 2-сыныбымда моншақтан білезік жасап сатқаным есімде. Кейде тапсырысқа сурет те салатынмын.

Алдағы жоспар

Ozgeris жетекшісі жоба үшін алдарыңа мақсат қойыңдар деп тапсырма берді. Менің мақсатым – сатып алушылардың санын арттыру. Тоқыма көп уақытымды алатыны рас. Бірақ жарты жолдан тастап кеткім келмейді. Кәсібімді ары қарай дамытып, сайт құруды меңгеру ойымда бар. Болашақ студент ретінде шығынымды өзім жапқым келеді.

Екі шет тіліне тапсырамын. Ағылшын мен араб тіліне. Тіл үйреніп, әлем елдеріне саяхаттағым келеді. Алматы қаласына тапсыру ойымда бар. Қостанай қаласында қалсам, кеңістіктен шыға алмай қалатын сияқтымын.

Дайындаған: Гауһар Бердібек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!