Салауат

Фрэнсис Нганну: Камерундық қара жұмысшыдан UFC төріне дейін

Фрэнсис Нганну және оның жетістік тарихы

Фрэнсис Нганну – «жыртқыш» лақап атымен аралас жекпе-жектің ауыр салмағында өнер көрсететін UFC-дің жарық жұлдыздарының бірі. Balbal.kz мотивациялық сайты камерундық спортшының жетістікке жету жолын ұсынады.

Туған жері мен балалық шағы

Фрэнсис Нганну Камерун мемлекетінің Батье ауылында дүниеге келген. Осы ауылдың барлық адамдары секілді Фрэнсистің отбасы кедей болды. Камерундық спортшы жағдайының болмауынан орта білім де ала алмаған. 12 жасынан бастап қауіпті құмды карьерлерде жұмыс істеді. Бала Фрэнсистің күні қара жұмыспен өтіп, киімі жыртық, қарны ашы болса да, өз болашағына сенді. Жүрегінің түкпірінде арманы болды.

Спортқа қадам басуы

Бала кезден Фрэнсис Майк Тайсонның жанкүйері болған. Геттодан өз күшімен шығып, әлем чемпионы атанған Майк Тайсонның жеңіс жолы камерундық спортшыны алдағы өмірін спортпен байланыстыруға қанаттандырды.

Спортпен айналысу үшін Фрэнсис Камерунның ірі қалаларының бірі Дуалаға көшіп барды. Жүк тасушы болып жүріп, бокс үйірмесіне жазылды. Сөйтіп Фрэнсис Нганну қолына алғашқы боксерлік қолбақты 22 жасында киді.

Францияға көшу

Дуаладағы бокс үйірмесі Фрэнсисті қалаған жетістіктерге жеткізбеді. Сондықтан ол 26 жасында Францияға көшіп баруға бел байлайды. Ешқандай таныс пен қаражаты жоқ камерундық спортшыға Париж қаласы жылы қабақ танытпайды. Бұл уақыт туралы UFC спортшысы былай дейді:

«Мен Камеруннан өмірімді өзгерту үшін көштім. Ол жақта мені даму мен жарқын болашаққа апарар жол болмады. Францияға келген соң да оңай болған жоқ. Бақытыма орай Париж түндері жылы болып, далада қонып жүрдім».

Қиындықтарға қарамай Фрэнсис алдымен түңгі клубта күзетші болып жұмысқа тұрады. Одан кейін өзіне қажетті бокс залын табады. Ол «MMA Factory» орталығы болатын. Бас жаттықтырушы Фернандо Лопес Фрэнситің қаражаты жетіспесе де, оны жаттықтыруға келіседі. Бірақ Лопесдің бір талабы болады. Фрэнсис Нганну боксшы емес, аралас жекпе-жектің жауынгеріне айналуы керек. Камерундық спортшы аралас жекпе-жек әлеміне осылайша қадам басады.

UFC-ге келу

Өзіне қажетті заманауи жаттығу орталығы мен кәсіби мамандарды тапқан соң, Фрэнсис арманын орындауға кіріседі. Күнделікті ауыр жаттығулардан өтіп, бар уақытын залда өткізеді.

«MMA Factory» орталығының бас жаттықтырушысы Фернандо Лопес Фрэнсис Нганнудың жаттығуы жайлы:

Нганнудың Bellator чемпионы Кристиан М`Пумбумен жұптасып жаттыққан күні есімде. Ол тәжірбиелі Кристианға қарсы ештеңемен төтеп бере алмады. Бірақ Нганну оның әрбір қимылын тез ұғып, жаттап отырды. Ол үйреткен тәсіліңді өте тез үйренеді.

Осылайша бар уақыты жаттығумен өткен Фрэнсис Нганну 4 жылдан кейін ауыр салмақта UFC чемпиондық белбеуіне үміткер атанады. Бүгінгі күні камерундық спортшы аралас жекпе-жек әлемнің жарық жұлдыздарының бірі.

Патриот әрі жақсы адам

Фрэнсис Нганнудың Камеруннан көшкеніне біраз жыл өтсе де, туған жерін ұмытқан емес. Камерунның туын әрбір жекпе-жегіне мақтанышпен алып шығады. Ал балалық шағы өткен Батье ауылында балалар спортпен тегін айналыса алатындай бокс залын ашқан. Бұл орталық мұқтаж жандарға қосымша тамақ та таратады. Фрэнсистің өзі Камерунға жиі барады. Кейде тіпті қайдан шыққанын ұмытпас үшін бұрынғы құмды карьерлерде жұмыс істейді.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!