Салауат
«Плацебо» және «ноцебо: адамды ой арқылы емдеу не өлтіру
«Плацебо», «ноцебо» терминдерінің мағынасы
«Плацебо», «ноцебо» деген медициналық терминдер бар. Плацебо – еш емдік қасиеті жоқ дәрілер және соны пациенттерге қабылдату арқылы емдеу. Ноцебода дәл сондай, бірақ онда керісінше «у қабылдап жатсың», «бұл дәріден ішің ауырады» деген сынды негативті пікірлер арқылы пациентке кері әсер ету. «Плацебо», «ноцебо» терминдері қалай пайда болды? Balbal.kz мотивациялық сайты «Плацебо», «ноцебоның» тарихына көз жүгіртеді.
«Мен күн сайын өзімді жақсы сезінемін»
Шығыста «Адамға өз ойынан артық ешкім залал келтіре алмайды» деген сөз бар. Антикалық дәуірдегі әйгілі емшілердің бірі Авиценна: «Дәрігер ауруға қарсы күресте үш қаруды пайдалануы тиіс: сөз, дәрі, пышақ». Байқаған болсаңыздар, сөзді ең бірінші орынға қояды.
Париждегі ауруханалардың бірінде жас психолог Эмили Ки бас дәрігер рұқсатымен барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, науқастарға күніне үш рет дауыстап «Мен күн сайын өзімді жақсы сезінемін» деген сөзді қайталауды міндеттеді. Мұны механикалық емес, сенімді түрде қайталау керек. Нәтижесінде ауыр халдегі науқастар 1 ай ішінде емделе бастады. Олардың ішінде кейбіріне тіпті хирургиялық отаның да қажеті болмай қалған. Яғни, сөз және сенім – ең күшті құрал деген пайым расталды.
Инфекциядан қорғаныңыз!
Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар психотерапевт Андрей Метельский: «Кез-келген инфекциядан жақсы қорғаныс – бұл өз денсаулығына деген сенім және жағымды эмоциялар. Теріс ойлар адам жанына да, тәніне де кері әсер етеді. Мысалы, ашу-ыза асқазан-ішек жолдарының ауруларын тудырады. Уақыт өте келе реніш бауыр, ұйқы безі, холецистит ауруларына әкеледі» деген. Адамдардың психикалық және физикалық жағдайларының арасында тікелей байланыс бар екеніне ешкім күмәнданбайды.
«Плацебо» мен «Ноцебо» кімге қалай әсер етеді?
Зерттеулерге сәйкес, плацебо барлық адамдарға әсер етеді, бірақ эффективті нәтижеге көбірек қол жеткізгендер – экстраверт, тәуелділікке тез түсетін, эмоционалды және тым сенгіш ақкөңіл адамдар. Плацебо эффектісі, көбінесе, төзімсіз, интроверт және бәріне күдікпен, сенімсіздікпен қарайтын адамдарға аса қатты әсер етпеген. Өзін-өзі бағалауы төмен, өз-өзіне күмәнданатын, ғажайыпқа сенуге бейім невротикалық адамдар плацебо әсеріне көбірек ұшырайды. Медициналық тәжірибеде плацебо жұмсақ психосоматикалық бұзылулары бар адамдарға, мысалы, жұмсақ ұйқысыздық немесе жеңіл депрессиямен ауыратын адамдар үшін жақсы жұмыс істейтіні расталды. Ал ноцебо эффектісін іске асыру тіпті оңай, себебі адамдар жаман пікірді тым қатты қабылдап қоятын болған.
Көріп отырғандай, әлемде адам сенімінен артық ем жоқ. Жаман ойларға байланысты аурулардың жалпы саны тұрақты түрде өсуде.
Егер сіз жақсылық туралы ойласаңыз, жақсылық боларына сеніңіз. Егер сізді жаман ойлар торласа, онда барлық пәле тілден екенін біліңіз. Сондықтан ешқашан ештеңеге алаңдамаңыз! Атақты америкалық кардиолог Роберт Элиотиннің екі ережесін естен шығармаңыз: Біріншіден, ұсақ-түйектерге алаңдамаңыз, екіншіден, бәрі шынымен де ұсақ-түйек нәрсе.
Дайындаған: Қырмызы Скендирова