Салауат

Вим Хоф: «Мұз адамның» ерекше қасиеті

Суық суға бойды үйрету мен дұрыс тыныс алудың жолдары

Вим Хоф –  табиғаттың көмегімен өміріндегі бар қиындықты жеңіп шыққан «мұз адам» Америкалық ғалымдардың зерттеуінше, кейбір адамдарда төмен температураға төзе алатын, суықтан қорғана алатын қасиет бар. Бірақ қандай? Balbal.kz мотивациялық сайты Вим Хоф ұсынған денені суық суға үйрету мен тыныс алудың әдіс-тәсілдерімен бөліседі.

Вим Хоф кім?

Мидың бір бөлігінде кез келген ауруға, суыққа төзуге адамды бейімдейтін процесс жүреді. Адам денесіндегі жылулық суда жылдам өзгеріске ұшырайды. Мәселен, температурасы 10 градус суға сүңгісе, бір сағаттан кейін алдымен гипотермия болады, сосын өліп кетуі әбден мүмкін. Температура төмендеген сайын бұл жағдайлар 15 минуттың ішінде орын алады. Ал терморегуляциясы жоғары адамдар суық суда бірнеше сағат тұрса да, организмдеріне ешқандай қауіп төнбейді.

58 жастағы Вим Хоф – осындай ерекше қасиетке ие адамдардың бірі. Ол мұз толтырылған суда бір сағат болып, 2008 жылы алты километрлік Эверест шыңына шолақ шалбармен өрлеп шыққан. Бұл тәжірибе мен медитацияның нәтижесінде бағындырған жетістік. 2014 жылғы зерттеу бойынша америкалық ғалымдар гипервентиляция көмегімен Хофф жүректің бірқалыпты жұмысын және адреналинді реттейтінін, гипотермияның алдын алатынын айтты.
Бүгінге дейін атақты «мұз адам» 8 рет рекорд орнатқан. Екі жыл бұрын Финляндияда өткен жартылай марафонда ол 20 градустық аязда 22 шақырым жүгіріп өтті. Ал 2008 жылы Вим 73 минут 48 секунд мұзды суда болған.

ВИМ ХОФ әдісі

1-қадам: Тыныс алу.

1.Алдымен медитация үшін өзіңізге ыңғайлы жағдайды таңдап, орналасыңыз. Еркін тыныс алуға барлық мүмкіндік бар ма? Тыныс алу жолдарына және өкпеге ауыртпалық түспейтініне көз жеткізіңіз. Бұл жаттығуларды таңертең ұйқыдан оянған бойда таңғы астың алдында, организмде ас қорыту процесі жүрмей тұрып жасаған дұрыс.
2.Терең тыныс алудың 30 кезеңі. Өзіңізді шар үрлеп отырғандай сезініңіз. Ауыз немесе мұрын арқылы дем алыңыз. Ауызбен шығару кезеңінде тез, бірақ күшті серпінмен шығару керек. Іш бұлшық еттерін тарту арқылы тұрақты тыныс алу ырғағын ұстаңыз. Осылайша 30 цикл тыныс алыңыз. Осы кезде басыңыздың айналғанын және дененің шаншуын сезінесіз.
3.Тыныс алу мен шығарудың 30 кезеңінен соң тағы бір рет терең тыныс алу керек, сонда ауа өкпеңізге ешқандай кедергісіз терең енгенін сезінесіз. Терең тыныс алған соң деміңізді ұзақ уақыт ұстап тұрыңыз.
4.Өкпені ауаға толтырыңыз. Кеуде клеткаларыңыздың кеңігенін сезінесіз. Бұл кезеңде тыныс алу уақыты – 10 секунд. Осы тыныс алу техникасын 3 кезең бойынша қайталаңыз.

2-қадам: Суық су
Суық – табиғаттың тылсым күші. Денеңізге біртіндеп оған үйренуге мүмкіндік беріңіз. Ағзаңызға ауырлық қылатын жаттығулар жасамау керек, себебі гипотермия қаупі болуы мүмкін.
Суық сумен душты қабылдар кезде өте сақ болған жөн. Алдымен көзіңізді жұмып, суықты сезініңіз. Салқын сумен душ қабылдап үйренбеген жағдайда басыңызға салқын суды құймаңыз. Егер дене дірілдеп, ұйып қалу сияқты физикалық тұрғыдан жайсыздық сезінсеңіз, жылдам процесті аяқтап, денеңізді жылы температурада ұстаңыз. Сіздің тамырларыңыздың айналасында бұлшықеттер бар, олар салқын су тиген кезде жиырылады.
Вим Хофтың айтуы бойынша үздіксіз салқын сумен душ қабылдап, денені үйретсеңіз, кейін бұлшық еттер төзімді, шыдамды болады. Ал егер сіз салқын душ қабылдаған кезде тұншығып, демала алмай қалсаңыз, онда терең тыныс алуды ұмытып кеткеніңіз. Жүрек қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартуда температураны реттеп және уақытты ұзартып отыру керек.
Сосын өзіңізді сергек сезінесіз. Әрі денсаулығыңызға өте пайдалы.

Ескерту!

Жүктілік кезінде немесе эпилепсиямен ауратын адамдарға Вим Хоф әдісін қолдануға болмайды. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар немесе басқа да ауыр диагноздары бар адамдар Вим Хоф әдісін қолданар алдында дәрігермен кеңесіп алу шарт.

 

Дайындаған: Аяулым Мирханқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!