Әлің құрып, өзіңнен-өзің шаршап, ештеңеге зауқың соқпайтын кездер жиі бола ма? Оянған кезде өзіңді мүлде ұйықтамаған сияқты сезінесің бе? Тіпті, демалуға да ерінетін кездерің бола ма? Өкінішке қарай, созылмалы шаршау дерті көптеген адамның бас ауруына айналған. Бұлай өмір сүруге болмайды!
Balbal.kz сайты созылмалы шаршауға әкеп соғатын ең жаман қасиеттердің тізімін жасады. Мұқият оқып, энергияңның қайда жұмсалатынын тексер! Өміріңді жақсы жаққа өзгерт!
Күнделікті шаршаңқы сезімнен қалай арылуға болады?
1. Суды көп іш!
Организмдегі сұйықтық мөлшері қалыпты жұмыс істеу үшін жеткіліксіз болса, қанның қоюлануына әкеп соғады. Сол себептен, қан айналымына жауап беретін жүрек екі есе күшпен жұмыс істеуге мәжбүр болып, қарқынын азайтады. Салдарынан ағзадағы оттегі айналымы төмендеп, шаршаңқылықпен дос болуға тура келеді! Суды көп ішкен дұрыс!
2. Темір, темір, темір!
Ас мәзіріне құрамында темір элементтері көп кездесетін азық-түлікті қосу керек. Адам организмінде темір ферменттері аз болса, адам әлсіз, ойы шашыраңқы, аурушаң келеді. Сергек жүріп, анемияға ұшырамау үшін өз рационыңа тофу, жасыл түсті көкөністер, жаңғақ, анар, бауыр қосқаның жөн.
3. Перфекционист болуды доғар!
Адам идеал бола алмайтынына көнуге тырыс! Жұмыспен де солай. Жұмысқа тым көп уақыт бөлсең, оның сапасы да жоғарылайды деген сөз емес. Жұмысты керегінен көп атқарып, болмайтын нәрсеге бола уайымдай беретін болсаң, демалуға уақытың да аз болады. Сол үшін өзіңе қатаң график жасап, сол графикпен жұмыс істеп үйренуің керек. Жұмыс пен демалыс өзара баланста болуы тиіс!
4. Түйе ме? Түйме ме?
Кейбір жайттарға тым көп мән бересің. Негативті уайым-қайғыға салынуыңды доғар! Егер сен үнемі болатын жайттарды жаманға жорып, алдыңнан тосқауылдар шыққанын күтіп тұратын болсаң, ағзаң қатты стресске ұшырайды. Ондай ойдан арылу үшін өзіңді басқа нәрсемен аула. Демал, пайдалы кітап оқы, музыка тыңда, фильм көр, спортпен айналыс. Маңызы жоқ дүниеге бола басыңды қатырып, өзіңді бекер шаршатудың қажеті шамалы.
5. «Ә, ештеңе етпес…»
Таңғы ас ішуді ұмытып кетесің! Таңғы ас — ең маңызды ас қабылдау процесі. Ол сенің күні бойы көңіл-күйіңнің жақсы болуы мен энергияңның сарқылмауына жауап береді. Егер сен таңғы ас ішпесең, сенің ас қорыту жүйең баяулап, өзіңді нашар сезінесің. Айтпақшы, кофе, шәй, су толыққанды таңғы ас болып есептелмейді. Сондықтан, жұмыста, болмаса жұмысқа барар жолда жей салармын деген жеңіл көзқарастан арылу керек. Таңғы асқа көмірсуға бай тағам түрлерін жеген дұрыс. Мысалы, әртүрлі ботқа түрлері мен сүзбе дайындасаң болады.
6. Құлдық сана
Өзіңді шаршаңқы сезінуіңнің бір себебі — сен бас тарта алмайсың. “Жоқ ” деп айтып үйрен. Барлығына бірдей ұнау үшін олардың міндеттерін де өзіңе жүктеп, артық жұмыс жасағаның дұрыс емес! Сол себепті уақытың да, қуатың да таусылудың аз-ақ алдында. Өзіңді ойла! Өзіңнің жұмыстарыңды барлығынан бірінші орынға қой! Адамдарға “жоқ” деп айтқаннан өзіңді тағы бір бас ауруынан арылтасың.
7. Қоқыс, шығармашылық хаос
Жұмыс орныңда заттар әр жерде жатса, қоқыс пен жан-жақта шашылған қағаздар арасында нәтижелі жұмыс істеуің екіталай. Күнделікті жұмыс орныңды тазалап кетуге әдеттен. Сонда келесі күні жұмыс орның таза, жинақы тұрады. Жаңа жұмыс күнін тез әрі оңай бастап кете аласың.
8. Демалыс кезінде де жұмыс істеуге құмарсың
Демалыс кездерінде жұмысыңды ұмыт! Жақсы демалсаң, жақсы жұмыс істейсің! Жұмыстан келген хаттарға, хабарламаларға мән берме. Тіпті, телефоныңды өшіріп тастап, үйде сүйікті сериалыңды көрсең немесе табиғат аясына достарыңды жинап, таза ауамен тыныстап келсең болады. Демалыс кезінде үнемі жұмысты ойласаң, демалғандай болмайсың.
9. Ммм… Иісін-ай!
Барлық нәрсенің өзінің мөлшері болады. Сондықтан, күніне 3 кесе кофе әбден жеткілікті. Бұл сусын түрі организмге қатты әсер етеді. Ұйқыны түбегейлі бұзады. Кофеинның сергітетін әсері бірте-бірте азаяды, ал сенің организмің өзін шаршаңқы сезініп, ұйқыға тартып тұратыны белгілі. Сол себепті, кофені қарапайым суға алмастырған жөн.
Бұл кеңестер сенің үнемі сергек әрі көңілді жүруіңе септігін тигізеді деген ойдамыз. Жақсы демалатын, тамақтанатын адам ғана жақсы жұмыс істейтінін ұмытпа!