Компас

Алғаш саяхатқа шыққанда жіберілетін 8 қателік

Алғаш саяхатқа шыққанда жіберілетін негізгі 8 қателік туралы айтпақшымыз.

Алғаш саяхатқа шыққанда жіберілетін 8 қателік жайында сіз де білесіз. Бірақ ескермейсіз…

Қазір жалғыз саяхаттау ерекше сәнге айналған. Тіпті бір ғана сөмкесін арқалап жаһанды жалғыз кезіп жүрген адамдармен әлеуметтік желіде жақсы таныспыз. Сіз де дәл сондай саяхатшылардың жазбаларын оқып шабыттанып, өзіңіз де саяхатқа шығуды армандап жүрген болсаңыз асықпаңыз. Алдымен біздің кеңесімізге құлақ түріп, керек жерін түртіп алыңыз.

Сонымен, алғаш рет саяхатқа шыққанда қандай қателіктер жіберіледі.

1.Өзіңізбен бірге тым көп жүк арқалайсыз

Әрине, ең алғаш рет саяхатқа шыққан кезде көп қателіктер жіберіледі. Әсіресе, керек болып қалар деген желеумен барлық затыңызды ала барғыңыз келеді. Шынымен де керек болып қалса ше? Осылайша барлығын тоқтаусыз жинай бастайсыз.

Тоқтаңыз! Барлығын арқалап жүруге дайынсыз ба? Сапарыңызды есіңізде қалған азапқа айналдырғыңыз келмейтін шығар? Негізінде адамға ең қажетті заттардың саны соншалықты көп емес. Ал керек болып қалатын заттарды барған жеріңізден де табуға болады. Саяхатқа дұрыс жиналу негізінен тәжірибе барысында келеді. Өйткені жиі саяхаттап жүрген болсаңыз, өзіңізге не керек екенін нақты білетін боласыз. Дегенмен алғаш рет саяхатқа шыққан кезде де аз жүк арқалауды о бастан ескергеніңіз жөн.

2.Барлығын алдын ала жоспарлау

Алғаш рет саяхатқа шыққан адамдардың көпшілігі баратын жерлерді, жүретін жолдарды алдын ала жоспарлау керек деп ойлайды. Қажетті билеттердің барлығына ертерек тапсырыс бергенді жөн санайды. Жақсылап жоспарласақ, саяхатымыз сәтті болады деп ойлайды.

Алайда, барлығы керісінше болуы мүмкін. Күтпеген жерден сіздің жоспарыңызда жоқ жағдай туындап жатса, таң қалмаңыз. Сол себепті, әрине жоспарлаған жақсы, бірақ барлығы 100% сіз ойлағандай болады деуге келмейді.

3.Үлгеру, үлгеру тағы да үлгеру

Өзге елге алғаш рет шыққанда, мәдени орындарының барлығын аралап үлгергіңіз келеді. Иә, үлгергім келеді деген тілегіңіз орынды. Бірақ әлеуметтік желіге көрнекі орындарды аралап, саяхатыңыздан көбірек сурет жүктеймін деп жүргенде өзіңізді зорықтырып алуыңыз мүмкін.

Алдымен өз-өзіңізге келіңіз, тынышталыңыз. Сіз барлығын бір уақытта көріп үлгермейсіз. Сол себепті аралаған жеріңіздің санына емес, сапасына мән беріңіз. Ең әдемі орындарының біріне барып, арайлы таңын қарсы алыңыз. Жаңа тағамдардан дәм татып, сіз үшін таңсық дәстүрлермен танысыңыз.

3.Сандық техникаларға сенім арту

Алғаш саяхатқа шыққанда жіберілетін қателіктердің бірі — біздің онлайн өмірге үйреніп алғандығымызда. Барлығы сандық жүйеге көшкен заманда өмір сүріп жатырмыз. Біз тұтынып жүрген заттардың барлығы өзінің материалдық құндылығын жоғалтып жатыр. Ақшамыз, құжаттарымыз, жол жүру билеттеріміздің барлығы онлайн жүйеге көшкен. Бірақ сіз саяхаттап баратын мемлекетте несие карточкасы, электронды билет, онлайн қызмет деген ұғымдар жоқ болуы мүмкін. Сол себепті сіздің мемлекетіңізде бар-жоғы 3 секундты алатын қызмет түрлері, сіз баратын елде мүлдем болмай қалады деген жағдайға дайын болыңыз. Әрдайым билеттеріңіздің, талондарыңыздың және басқа да қажетті құжаттарыңыздың қағаз нұсқасы қолыңызда болсын.

5. Роуминг

Шетелде роумингті оңды-солды пайдалану өте қымбатқа түсуі мүмкін. Саяхаттан қайтқаннан кейін мобильді трафик үшін қомақты ақша төлеуге мәжбүр болған адамдар туралы оқиғаларды желіден жиі оқуға болады. Сол себепті саяхатқа шықпас бұрын, роумингтердің бағасын және шығындарды барынша азайтудың тиімді жолдарын табуға тырысыңыз.

6. Адамдарға сенім

Жалғыз саяхаттауға алғаш шыққан адамдардың барлығында қорқыныш болады. «Әлем зұлымдыққа толы, алдап кетсе қайтеміз», —  деген ой аяқтан тартуы мүмкін. Ал кейбіреулері мүлдем басқаша ойда. Олар адамдар арасындағы мейірімділікке, жақсылыққа сенеді.

Ал, шын мәнінде өмір әртүрлі жағдайларға толы. Иә, сізді шынымен де алдап, тонап кетуі мүмкін. Кей жағдайда шынымен де жақсы ортаға тап болуыңыз ғажап емес. Сол себепті ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Жаңадан танысқан ортаңызға байланысты жүрегіңізде сенімсіздік дабылы қағылса, бірден кетіп қалыңыз.

7. Барлығын сатып алу

Кейбір адамдар көрсеқызар келеді. Саяхат барысында барлығын сатып алуға, қымбат жерден ас ішуге құмар. Тіпті түкке қажеті жоқ майда-шүйде кәдесыйларды сатып алуға ақшасын да, уақытын да жұмсайды. Қалтасындағы ақша ортая бастаған кезде ғана есін жинайды. Бірақ барлығын қайтаруға тым кеш. Есіңізде болсын, саяхаттау сол елдегі барлық дүниені сатып алумен өлшенбейді. Саяхатқа шықпас бұрын баратын еліңіздің ақша айырбастау жүйесін анықтап, барлық жердегі дүкендердің бағаларын салыстырыңыз. Ең бастысы саудаласудан қорықпаңыз.

8. Сақтандырудың болмауы

Біз тек жақсылыққа сенеміз. Көп жағдайда сеніміміз ақталады. Алайда саяхат кезінде түрлі келеңсіздіктер де кездеседі. Мысалы астан улану, суық тиігізіп алу… Мұның алдын алуға бола ма? Егер сақтандырылған болсаңыз, барлығы дұрыс. Сол себепті туристік сақтандыру қызметін пайдалануға ақша аямаңыз. Бетін әрі қылсын, егер сақтандыруыңыз болмай басыңызға іс түсе қалса, бұдан да көп шығынға батуыңыз мүмкін.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!