Саяхат

Аргентина елі туралы сіз білмейтін қызықтар

Аргентина елі туралы қызықты деректер

Аргентина елі туралы біраз мағлұматтарға қанық боларыңыз анық. Аргентина – Оңтүстік Америкада орналасқанымен, көбіне «еуропаланып» кеткен мемлектет. Кең пейілді Аргентина елінің 90% тұрғыны Еуропадан қоныс аударған иммигранттар. Ал бұл жерде талай ғасырдан бері мекен етіп келе жатқан киелі жердің байырғы тұрғындары болып саналатын – үндістердің 5-10 пайызы ғана тіршілік етеді.

Аргентиналықтар – өзінің латын америкасына тән қалыптасқан қызуқандылығымен атақты. Бөтен адамдармен қарым-қатынас кезінде олар өз тарапынан кішіпейілділік пен ізеттіліктің үлгісін барынша көрсетеді. Сыпайылық – аргентиналықтардың салт-дәстүрінің ажырамас бөлшегіне айналған. Олар өздерінің бет ажарына айрықша күтім жасап, әдемі киініп жүргенді жандары сүйеді. Сондықтан да болар аргентиналық қыз-келіншектер пластикалық ота жасатудан әлем бойынша бірінші орында тұр.

Аргентиналықтар әңгімелесіп отырған адамына өзі жайлы ерекше әсер қалдырғанды ұнатады. «Жылы, жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген мақалды берік ұстанған аргентиналықтар,  әңгімелесу кезінде сізге жылы сөздер айтып, риясыз күлкісімен еріксіз жаныңызды баурап алады. Кездесуге кешігіп келіп жатсаңыз да оған онша мән бере қоймайды. Аргентиналықтар тез өкпелегіш, жаны жараланғыш халық.  Алайда,  олардың өкпе-реніші ұзаққа созылмай-ақ тарқап кетеді.

Аргентиналықтарды ұйқышыл халық десек, еш қателеспеген болар едік. Өйткені, олар ұйқысынан тек түстен кейін бірақ тұрып, таңғы астарын кешкі 4-6-лар шамасында,  ал кешкі астарын 9-да ішеді. Олар кешкі астың дәмді болуына аса қатты мән береді. Алайда, бұл елдің қыз-келіншектері ас әзірлеуге келгенде көбіне жалқаулық танытып жатады. Сондықтан олар көбіне тамаққа тапсырыс жасап, үйлеріне алдырады. Аргентиналықтардың  ең көп  пайдаланатын азық-түлігі – ет пен нан екен. Аргентиналықтар қара нанды жемейді. Ал айран деген сусынның бар екенінен мүлдем хабарсыз.

Олардың ұлттық сусыны «матэ шайы» деп аталады

Матэ сусынын ішу қарапайым шай ішу үрдісіне мүлде ұқсамайды. Олай деуімізге негіз бар, өйткені, бұл сусынды сіз бен біз ойлағандай шынымен емес, арнайы дөңгелек ыдысқа құйып ішеді. Матэ құйылатын «калебас» деп аталатын дөңгелек ыдысты кептірілген асқабақтан жасайды. Сосын оны арнайы «бомбилье» аталып кеткен түтікшемен ішеді. Бұл сусын аргентина жұртшылығының ежелден келе жатқан сусыны десек еш қателеспеген болар едік.

Матэ шайын ең алғаш осы елдің гуарани тайпасының үндістері 9 мың жыл бұрын Yerba Mate бұтағының жапырақтарынан өндірген. Аргентина елінің ерекше шай ішу үрдісіне айналған бұл сусынның өзіндік шығу тарихы жайлы аңыз-әфсаналар да тайпалар арасында кең тарап кеткен.

Аңыз бойынша, Матэ есімді айдай сұлу ару өмір сүреді. Оның сұлулығына тамсанған Виракочи құдай оны адамдарға ұзақ та мәнді ғұмыр сыйласын деп, мәңгі жасыл өсімдікке айналдырып жібереді. Аргентиналықтар бұл сусынды адамдардың ізгілігі үшін құдайдың сыйға тартқан тартуы деп санайды. Матэ сусынының емдік қасиеті тек жүйке жүйесін ретке келтіріп, шаршағанды басып қана қоймайды. Сонымен қатар, адамды қуаттандырып, күні бойы көңілді, сергек жүруіне және мидың қызметін жақсартуға көмектеседі. Оның құрамында А, С, Е, В1, В2 дәрумендері бар.

Аргентина жайлы айтқанда ойыңызға «танго» биі оралатыны анық

Танго тек Аргентинада ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі би түрі. Әлемге әйгілі би ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған. Буэнос-Айрес қаласында 1999 жылдан бастап жыл сайын «Танго Фестивалі» өткізіліп тұрады.

Бұл фестиваль Карлос Гарделияның туған күнінде өткізіледі. Өйткені ол әлемге әйгілі «танго» биінің әуенін шығарып, алғаш шырқаған адам.

Сондықтан, бұл күн оның есімімен тікелей байланысты. Осы күні көшелерде «танго» биін кәсіпқой бишілер халыққа тегін үйретіп жатады. Бұл күні Аргентина көшелері отшашуларға оранып, мереке көркі одан сайын қыза түседі.

Миллиондаған жыл бұрын тіршілігін жойған алып диназаврлардың қаңқасы бірнеше рет табылған

Аргентина жері әлі де толық зерттеліп бітпеген құпияларға толы. Аконкагуа тауы – Оңтүстік Американың ең биік нүктесі болып саналса, ең кіші нүктесіне су деңгейінен 40 метр тереңдікте орналасқан  Салинас Чикас жерін жатқызуға болады. Аргентинада әлемнің ең оңтүстігінде орналасқан Ушуая қалашығы бар. Ушуаяға ат терлетіп бара қалсаңыз, бұл қалада болғаныңызды растайтын күәлікпен марапаттайды.

Ну орманды жасыл желекке оранған таңғажайып елдің құпияларын зерттеуге тырысқан археологтар қазба жұмыстары кезінде талай кереметтерге кезіккен. Мысалға, миллиондаған жыл бұрын тіршілігін жойған алып диназаврлардың қаңқасын бір  емес, бірнеше рет осы киелі жерден тауып алған.

Әлемдегі ең ұзын көше аргентиналықтарға тиесілі. «9 мамыр даңғылы» аталып кеткен әйгілі көше Буэнос Айрес қаласында орналасқан.

Медицинасы дамыған ел

Аргентина әлемдегі ең алғашқы радио хабарларды таратушы елдердің қатарында. Бұл елде алғашқы радио 1920 жылдың 27 тамызында хабар тарата бастаған. Оның тыңдаушы аудиториясы алғашында 20 адам болған. Аргентинада жындыханадағы жүйке аутқушылығына ұшыраған адамдарға арналған  радиостанция қызмет етіп келеді. Аргентинада ақыл-есі кемдерге, жүйке аруына ұшырағандарға арналған «Ville Freud» аталып кеткен шағын қалашық бар. Қалашықтың 100 мың тұрғынын 150 психолог өз бақылауында қарайды.

Аргентинада медицина жақсы дамып, халыққа тегін ем жүргізу шаралары жақсы ұйымдастырылған.  Бұл жердің емдеу тәсілі де ерекше. Ота жасап біткеннен кейін жараның аузына міндетті түрде қант себеді. Бұл емдеу әдісі сізге оғаштау көрінуі мүмкін. Алайда бұл аргентиналықтар үшін қалыпты жағдай.

Әлемдегі ең алғашқы анимациялық мультфильмді аргентиналық Кирино Кристиани жасаған екен. Оның «Эль-Апостол» атты мультфильмі 58 мың кадрден тұрып, 70 минутқа созылған. Бұл туындының желісі Буэнос-Айрестің сол кездегі ахуалын сипаттаған.

Дәстүрлерінің көпшілігі Еуропа жұртшылығынан тараған

Ғажайыптарға толы Аргентина елінің үйлену тойын өткізу салты тіптен ерекше. Олар үйлену тойына өте ұзақ дайындалады. Шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар тойдың қамын өздері жасап, той шығынын өз мойындарына алады. Ал ата-аналары тойда қадірлі қонақ болып, тойдың басы-қасында жақсы өтуіне себепкер болады. Жас жұбайлар некеге отырғанда олардың күәгерлері болмайды. Күйеу жолдас, қыз жолдас деген атаулар мүлде жоқ. Оның орнына оларды той өткізілетін жерге күйеу жігіттің анасы құрметпен алып келеді.

Тіпті, жас жұбайлар мінген көлікті, қалыңдықтың әкесі жүргізеді. Олар той кезінде бір-біріне сақина кигізбейді, бұл үрдісті олар неке қию салтанаты кезінде өткізеді. Некелерін міндетті түрде тойдың алдында қиылады. Аргентиналықтар үшін неке қидыру салтанаты, тойдан да маңызды. Той – олар үшін тек жас жұбайлардың неке қиып, ерлі-зайыпты болғанын жиналған қауымға жариялайтын салтанатты жиыны.

Дастархан үстінде міндетті түрде көмірге пісірілген ет тағамдары, жүгері себілген эмпанада қатпарлы бәліштері, ірімшіктер болуы керек. Әсіресе, ұлттық эмпанада бәлішін сүйсініп жейді. Той дастарханына олар мүлде шарап қоймайды. Сондықтанда, тойларыннан масайып жүрген адамды кезіктірмейсіз. Шарап ішіп мас болып жүрген адамды жас жұбайларды сыйламады деп жақтыртпайды.

Дастархан басына олар тек кешкі сағат 10-да отырады. Аргентинаның бірде-бір тойы ұлттық музыкасыз, танго биінсіз өтпейді. Жиналған қауым таң атқанша шаршамай билей береді.  Қонақтар тек жас жұбайлар кетіп қалғаннан кейін ғана тарайды. Таң атқанда аргентиналықтар қонақтарға тағы да дастархан жайып, той әрі қарай жалғаса береді. Нағыз тойшыл халық екен дерсіз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close