Табыс

Аманжол Рысмендиев лидерлік туралы: «Үміт сатушы адаммын»

"Бүгінгі күнді ертеңгі күндер үшін құрбандыққа шалдым" дейді

Аманжол Рысмендиев лидерлік туралы ерекше тренинг өткізіп, құпиясымен бөлісуді ұйғарыпты. Рысмендиевтің бизнес-тренерлік қызметімен айналысып жүргеніне он жылдан асты. Жасы әлі орда бұзар отызға жетпеген азаматтың аузынан «Мен үміт сатушы адаммын» деген сөзді естігенде таңырқайсыз. Шындығын айтқан миллионердің Бонапарттың қанатты сөзін өмірлік ұраны еткеніне сенесіз. Көшбасшылық және менеджменттің академиясының негізін қалап жатқан Аманжол Рысмендиев лидерлік құпиясымен бөлісті.

Лидер деген кім?

Мен кішкентайымнан лидермін десем артық кеткенім болмас. Менің жанымда үнемі бір топ бала жүретін. Мектепте де солай болды. Мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс барлық шараны ұйымдастыратынмын. Тіпті сыныптың «старостасы» болдым. Үнемі алдыңғы қатарды жүру мен үшін үйреншікті жағдай. Енді қалай ойлайсыз, осыншама адам өмірімнің әртүрлі кезеңінде не үшін қасымда жүрді? Мен оларға бір тиын төлемегенімді, не болмаса «қасымда жүр» деп қинамағанымды да ескертейін. Қандай құдірет оларды бір ауыз сөзімді жерге тастауларына әсер етті? Ол құдыреттің атауы – лидерлік. Олар менің мұрныма, не ол кезде әлі жоқ байлығыма қызығып қасымда жүрген емес. Олар менің идеямды қолдап келді. Әлі де менің командам менің идеямды қолдаушы адамдар болып табылады. Айтпағым, адам адамды қолдамайды. Тек өзгенің идеясын бағалайды. Идеясына сенім артқандықтан оның жанында жүріп, қолғабыс етуге дайын тұрады.

Қандай идея адамды лидер ететін?

Идеяның да түр-түрі болады. Тек өтімді, тиімді, өзекті идеяны ұсынған адам ғана лидерлік деңгейге көтеріле алады. Ол үшін мені қоршаған жандарға не қажет, олардың қандай мәселесі бар, қандай идея өмірді жеңілдете түседі деген сұрақтарға жауап алған дұрыс. Мысалы, мен мектепте лидерлік санатқа қалайша көтерілдім? Себебі мен оқушыларға қызық, олар қатысқысы келетін шараларға мұрындық болдым. Олар сол шаралардың өтуіне тікелей қызығушылық танытқандықтан, менің тапсырмаларымды ойдағыдай орындап, белсенділік танытты. Демек ұжымның лидері атану үшін ұжымды алаңдататын, қызықтыратын дүниелерге аса мән беру қажет. Ең бірінші болып тиімді идея айтып отырсаңыз, сіз назарға түсесіз, сіздің артыңыздан адамдар ереді. Мұны идеяның сиқырлығы десе болады.

Кейде идеяны қажеттііктен іздеудің қажеті жоқ. Ол сіздің өз арманыңыздың болуы ғажап емес. Сіздің міндетіңіз сол арманның өзгелердің арманына айналуына септік ету. Мысалы, қоғамда өзгеріс жасаған қаншама лидер өз арманын тұтас мемлекеттің идеясы ете білді. Елбасымыздың «Қазақстанның әлемнің дамыған алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарынан табылуы тиіс» деген идеясы өз арманы. Алайда ол оны қазақстандықтардың арманы ете білді. Біз бірінші болып Айға ұшамыз деген Кеннеди де өз арманын барша америкалықтардың арманына айналдыра білді. Армстронгтың табаны Айға бірінші болып тигенде, америкалықтар бөркін аспанға атты. Олар өз армандарының өмірге айналғанына балаша қуанды.

Сіз мемлекетті басқарып отырған президент емессіз. Не әлі жеке компанияңыз жоқ. Алайда абыройға ие лидер болғыңыз келеді. Ендеше құр идея айтып, белсенділік танытумен шектеле алмайсыз. Енді сіз жаныңыздағыларға үміт сата бастайсыз. Иә-иә. Құлаққа жағымсыз естілуі бек мүмкін. Бірақ мен сіздермен барынша шынайы боламын деп басында уәде еттім.

Лидер неге үміт сатуы тиіс?

Бұл менің сөздерім емес. Наполеон Бонапарт солай депті. Айтыңызшы, сіз неге видеоларымды ғаламтордан іздеп көресіз? Неге тренингтеріме қатысқыңыз келеді? Өйткені мен сізге бүгін диваннан тұрып, әрекет етсеңіз, бүйтсеңіз, сөйтсеңіз, ертең табысты адам болатыныңызға сендіремін. Демек мен сізге қызмет көрсеттім? Болашағына алаңдап, жол айырығында не оңға, не солға бұрылатын білмей тұрған жанға «оңға бұрылсаңыз, сізді байлық пен береке тосып тұр» деген үмітті сата білдім.

Менің тренингтеріме қатысып жұлдызы жанып кеткендер толып жатыр. Мен оларды «бәрі жақсы болатынына» сендірдім. 10 жыл бойы мен үміт сатумен сәтті айналысып келе жатырмын. Университетте дәріс беріп жүрген азаматтың марафон ұйымдастырып, рухани тренер болып кетуіне себепкер болдым. Жарақатын уайымдап, рингке шыққанда дірілдей бастайтын спортшының қайта аяққа тік тұрып, чемпион атануына мұрындық болдым. Мектеп мұғалімінің бала тәрбиесі бойынша кеңес беретін тренинг, бүгінгі таңда балаларды дамыту орталығының иесі атануына әсер еттім. Мұндай тізімгі таңға дейін тізіп отыра беруге болады. Өз-өзіне сенбей, алдыма күмәнданып келгендер маған дейін білімді де сауатты болатын. Мен оларға қосымша білім берген жоқпын. Менің міндетім олардың бір жыл, бес жылдан кейінгі өмірлерінің картинасын сызып, суреттеп беру болатын. Міндетімді адалынан атқарғандықтан олар бай-қуатты, абыройлы. Себебі олар да маған имандай сенді.

Мен құрбандыққа шалдым

Лидер – бүгінгі күнді болашақ күндер үшін құрбандыққа шалатын адам. Сіздің нақты мақсатыңыз бар. Демек ырду менен дырдуға сізде бос уақыт жоқ. Сіз приоритетіңізге сай келмейтін, құр бекер уақытыңызды алатын шаралардан бас тартасыз. Шақырған адамға «жоқ» деп айта аласыз. Өйткені сізге бүгінгі күннің күлкімен өткені емес, ертеңгі күні бай-қуатты болғаныңыз аса маңызды. Мен солай еттім. Нәтижесі көз алдыңызда.

Материалға арқау болған ақпараттың түгелі Аманжол Рысмендиевтің лидерлік тақырыбында өткізілген тренингі незінде дайындалды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close