Таным

Қиын жағдайда аман қалу туралы 10 фильм

Өмір сүру үшін кейіпкерлер қандай әрекетке барады?

Тіршілік етуге қолайсыз жағдайларда аман қалуды суреттейтін шытырман оқиғалы әдебиет жанры барлығымызға бағзыдан белгілі. Тіпті, Даниель Дефоның “Робинзон Крузосы” бұл жанрды бейнелейтін тұңғыш картина емес. Әлемдік классикада бұл тақырыпты қозғағандар “Робинзон Крузодан” бұрын да кездескен. Ал survival horror жанрында түсірілген фильмдер күні кеше ғана көрермендердің назарына ұсынылған. Survival horror — кейіпкердің өмірге жанталасуына негізделетін, қорқыныш пен үрей атмосферасында түсірілетін жанр. Адамдардың бұл жанрға деген қызығушылығын түсінуге болады: тірі қалу туралы фильмдер адам мүмкіндіктерін жаңа қырынан көрсетіп, кез келген қиындықтан шығуға болатынын дәлелдейді. Сонымен, Balbal.kz сайты киносүйгіш оқырмандар үшін survival horror жанрында түсірілген үздік 10 фильмді ұсынады.

1. Тірі қалған 
The Revenant

  • АҚШ, 2015 жыл.
  • Драма, вестерн.
  • Ұзақтығы: 156 минут.

Сюжет америкалық жазушы Майкл Панкенің биографиялық романына негізделген. Басты кейіпкер — ауыр жарақаттанған аңшы Хью Гласс (Леонардо Ди Каприо). Хью Жабайы Батыстың ашылмаған жерлерінде тірі қалуға тырысады. Моральдық таңдау жасаудың қиындықтары жайлы эмоционалды фильм Леонардоға тұңғыш “Оскар” сыйлығын иеленуге көмектесті. Ал фильм режиссері Алехандро Иньярриту көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Алехандроның айтуынша, түсірілім барысында олар жасанды жарықтан бас тартқан. Аңшылар мен үндістердің арасындағы қақтығыстар сынды аса күрделі сахналар екі апта уақыт түсірілген екен.

басқыншы фильм

2. Басқыншы
Cast Away

  • АҚШ, 2000 жыл.
  • Драма, шытырман оқиға.
  • Ұзақтығы: 143 минут.

Fedex жеткізу қызметінің инспекторы Чак Ноланд (Том Хэнкс) Тынық мұхит ортасында ұшақ апатына ұшырап, аралда жалғыз өзі тірі қалады. Ол мұхит арқылы келетін сәлемдемелер арқылы сыртқы әлеммен байланыс іздеуге тырысады. Сәлемдемелердің бірінде Чак волейбол добын тауып алып, оны Уилсон деп атайды. Сюжетте «тірі» доптың пайда болуының қызықты тарихы бар. Фильм сценарисі Уильям Бройлес өзінің кейіпкерін толықтай сезіну үшін Калифорния шығанағында орналасқан оқшауланған жағажайда бір апта уақытын жалғыз өткізуге шешім қабылдаған екен. Кенеттен су арқылы жағада волейбол добы пайда болады. Осылайша Бройлес фильмде диалог құрудың тамаша идеясын ойлап тапқан.

3. 127 сағат 
127 Hours 

  • АҚШ, Ұлыбритания, 2010 жыл.
  • Драма, триллер.
  • Ұзақтығы: 97 минут.

Дэнни Бойл түсірген картинаның сюжеті шатқалдарды бағындырушы, альпинист Арон Ралстонның шынайы оқиғасы туралы. Ралстонның рөлін Джеймс Франко сомдаған. Аронның кезекті саяхаты кезінде альпинисттің қолы Юта штатының тар шатқалдарының бірінде ауыр тастардың ортасында қысылып қалады. Аронның туыстары мен достары оның қайда жол тартқанынан бейхабар. Фильмді түсіруге Аронның өзі белсенді атсалысқан. Сұмдық жағдайды бастан кешірсе де Арон өз хоббиынан бас тартпай, әлі күнге дейін альпинизммен айналысады. Аронның хикаясы кез келген жағдайларға қарамастан қиындықтарды жеңуге болатынына тағы бір дәлел.

4. Кон-Тики 
Kon-Tiki 

  • Норвегия, Дания, Ұлыбритания, Германия, Швеция, 2012 жыл.
  • Драма, шытырман оқиға, тарихи фильм.
  • Ұзақтығы: 118 минут.

Фильм норвегиялық археолог және саяхатшы Тур Хейердалдың өмірінен алынған шынайы оқиғаға негізделген. Ол испандық конкистадорлардың көне суреттерінен шабыттанып, Полинезияға Оңтүстік Америкадан Тынық мұхиты арқылы қолдан жасалған «Кон-Тики» кемесін іздеуге аттанады. Продюсер Джереми Томас 1996 жылдан бері осы кинокартинаны түсіруді жоспарласа да, 2002 жылы ғана Хейердалдың өлімінің алдында түсірілімге рұқсат алған. Айта кететін жайт, нағыз «Кон-Тики» кемесі Осло мұражайларының бірінде әлі күнге дейін сақталған. Қазірдің өзінде кеме ұзақ қашықтыққа жүзуге қабілетті екен.

5. Аман қалу 
Alive 

  • АҚШ, 1993 жыл.
  • Драма, өмірбаян.
  • Ұзақтығы: 127 минут.

Режиссер Фрэнк Маршалдың фильмі өмірде болған оқиғаға негізделген. Анд тауларында қираған ұшақтың жолаушылары адам төзгісіз жағдайларда аман қалуға жанталасады. Аштан қырылып қалмау үшін тірі адамдар қаза болған жолдастарының мәйітін азық етуге мәжбүр болады. Апатқа ұшыраған ұшақ тау қарының әсерінен көрінбей, тірі қалған адамдарды іздеу шаралары тоқтатылатынын естіген кейіпкерлер аман қалу үшін қауіпті жорыққа аттанады.

6. Тірідей көмілген 
Buried 

  • Испания, АҚШ, Франция, 2010 жыл.
  • Драма, триллер.
  • Ұзақтығы: 95 минут.

Фильмнің басты кейіпкері Пол Конорэй (Райан Рейнольдс) есін жиған сәтте өзінің жер астында көмілген жәшікте жатқанын түсінеді. Жанында ұялы телефоны мен оттығы ғана бар екен. Өлім тұзағынан құтылу үшін оның тек бір жарым сағат уақыты қалған. “Тірідей көмілген” фильмі режиссер Родриго Кортестің оның мансабындағы тұңғыш толық метражды жұмысы. Бұл тұсаукесер шағын қаржыға қызықты фильм түсіруге болатынын дәлілдейді.  Бастысы- тың идея мен тамаша драматургия.

7. Арктика
Arctic 

  • Исландия, 2019 жыл.
  • Драма, шытырман оқиға.
  • Ұзақтығы: 98 минут.

Фильмнің басты кейіпкері ұшқыш Хаксли Овергард (Мадс Миккельсен) Арктикада апатқа ұшырайды. Ол құтқарушылардың өзін байқайтынына үміттеніп, өлместің күйін кешеді. Бірақ, тағдыр тәлкегі бойынша, жалғыз ұшып бара жатқан тікұшақ та әуеден жерге құлап түседі. Жолаушылардың арасынан ауыр жараланған жас әйел ғана тірі қалады. Джо Пеннің режиссерлік дебютін әлем жылы қабылдады: премьералық көрсетілімде көрермендер кинокартинаны ұзақ уақыт бойы қошеметке бөлеген. Ал, Мадс Миккельсеннің тамаша актерлік ойыны өмір сүруге деген құлшынысты дәл жеткізіп, керемет драманы одан әрі әрлендіргендей.

8. Үмітің үзілмесін
All Is Lost 

  • АҚШ, 2013 жыл.
  • Шытырман оқиғалы триллер.
  • Ұзақтығы: 100 минут.

Актер Роберт Редфордтың аты жоқ кейіпкері өзінің желкенді қайығымен теңізге аттанып, апатқа ұшырайды. Байланыс құралдарынан айырылып қалған ол тірі қалу үшін барлық икемі мен білімін қолданады. Оның үстіне, қайық кенеттен қарқыны мықты дауылға ұшырайды. Режиссер Джей Си Чендордың фильмі «бір актердің театры» сынды: бір локация, жалғыз кейіпкер. Тіпті, фильмде диалог жоқтың қасы. Бұл кинокартинаны сыншылар жоғары бағалап, басты рөлді сомдаған актер «Алтын глобус» жүлдесіне номинацияланды.

9. Мұзға қатқандар 
Frozen 

  • АҚШ, 2010 жыл.
  • Драма, триллер, қорқынышты фильмдер.
  • Ұзақтығы: 94 минут.

Паркер (Эмма Белл), Дэн (Кевин Зегерс) және Джо (Шон Эшмор) таулы аймақта шаңғы теуіп, көңілді уақыт өткізгісі келген. Тағдырдың жазуымен олар мінген аттракцион істен шығып, жоғары биіктікте тұрып қалады. Бір қызығы, түсірілім барысында режиссерлар компьютерлік графиканы пайдаланбаған. Актерлардың барлығы 15 м биіктікте өз рөлдерін сомдап шығыпты.

10. Жәбірленуші 
Wrecked 

  • АҚШ, Канада, 2010 жыл.
  • Драма, шытырман оқиға.
  • Ұзақтығы: 91минут

Бас кейіпкер (Эдриан Броуди) джунгли ортасында көлік ішінде аяғы сынған күйі есін жияды. Ақыл-есінен айырылған ол айналасындағы мәйіттер, көліктегі қару-жарақ пен ақша салынған сөмкенің қалай пайда болғанын білмейді. Эдриан Броуди рөлге толықтай ену үшін нағыз ерлік жасаған: қыстыгүні орманда жалғыз өзі түнейді. Сонымен қатар, Броуди дублердан бас тартып, барлық сахналарда өзі ойнап шыққан екен.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Close