Кітап
«Қиялшыл қойшы қыз»: адам санасы болашақты болжай алады
«Қиялшыл қойшы қыз» кітабының тұсауы кесілді

«Қиялшыл қойшы қыз» — Сандуғаш Жолдығалидың автобиографиясына негізделген, нон-фикшн жанрындағы кітап. 2025 жылдың 27 сәуірінде тұсауы кесілген бұл туынды оқырманды сынға мойымауға, батыл армандап, қиялға сенуге шақырады.
«Қиялшыл қойшы қыз» атауының сыры
Сандуғаш Жолдығали:

Испанияда саяхаттап жүргенде өмірім туралы ой толғап, жазбаларымды ақ қағазға түсіре бастадым. Елге оралған соң оларды құрбыма жібердім. «Оқып көрші. Бірдеңе шыға ма?» деп кері байланысын асыға күттім. Сол құрбым қолдап, жобаның жетекшісі болды. Бүгін, міне, кітап оқырманға жол тартты.
Үшінші сыныптан бастап қой бақтым. Дархан далада, ашық аспан астында еркін жүріп, шексіз қиялға берілетінмін. Бар сырымды, мұңымды, армандарымды момын қойларға ақтара беретінмін. Қазір ойласам, сол қиялдар шынайы өмірге айналыпты. Бүгінде де табиғатты аңсап, ауылға қарай тартатыным содан. Бұл әдетім күйбең тіршіліктен үзіліс алып, бала күнгі «қойшы қызды» жоғалтпауға көмектеседі.
Кітапқа атау қоярда бетперде кимей, өз болмысымды ашық танытып, «Қиялшыл қойшы қыз» деген атауды таңдадым.
Қиялдауға арнайы уақыт пен көңіл бөлу қажет
Болатбек Дәлелхан:
Армандау, қиялдау адамның қолынан келетін табиғи қабілеті. Бүгінгі заманның жылдамдығы мен жоғары жиілігі бізді табиғатымыздан ажыратты. Үй-жұмыс деп жүріп қиялға ерік беруді ұмыттық. Ал кәсіпте, жалпы, белгілі бір салада жетістікке жететіндер – қиялдайтындар.
«Niet» кәсіпкерлер одағын құрғанбыз. Әр ай сайын тауға шығамыз, джип турлар ұйымдастырамыз. Ондағы мақсат – тыныш табиғатқа шығып арман-қиялға берілу. Себебі қиялдау ол да маңызды процесс, маңызды жұмыс. Оған жеңіл-желпі қарау жарамас. Арнайы уақыт пен көңіл бөлуді жоспарлаған дұрыс. Әркімнің қиялы әрқилы. Ойға келген қиялды қағазға түсіріп, кейін сол бағытта міндетті түрде әрекеттену қажет.
Қой бағу – менеджменттің көкесі
Алмас Шәйкен:
Кітапта келтірілген хадисте айтылғандай «Алла қой бақпаған пайғамбар жіберген емес». Бұл сөз тегін емес. Жамағаттың малын сеніп тапсырған қойшының мойнында үлкен жауапкершілік жатады. Қарап отырсақ, қой бағу – жай ғана кәсіп емес, адам мен аманат арасындағы сенімнің шынайы үлгісі.
Мал аман-есен иесіне оралуы үшін қойшының мұқияттығы, ыждаһаттығы керек. Жіберіп қойып қарамасаң қасқыр алып кетуі мүмкін. Ал малды тым жиі қайыра берсең аш келеді. Осыдан-ақ кез келген істе тепе-теңдік яғни баланс қажет екенін түсінеміз. Сондықтан мен мал бағуды – нағыз менеджмент мектебі деп есептеймін. Адаммен жұмыс істейтін басшы да, малмен жұмыс істейтін қойшы да – екеуі де жүйе, тәртіп, жауапкершілік арқылы нәтиже көреді.
Кітап жазу — ақылмен бөлісу, жүрекпен үндесу. Ешбір автор «зиян тигізейін» деп кітап жазбайды. Кітаптың құдіреті де осында — ол адамды ойландырады, тәрбиелейді, жол көрсетеді. Қуаныштысы, қазір кітап жазу да, оқу да бұрынғыдай қиын емес. Бір кездері бір кітапты табу үшін тау асып, ел кезетін еді. Қазір барлығы қолжетімді.
Ал кітаптың басты мақсаты — адамға қызмет ету. Бұл оқырман кітапты міндетті түрде бастан-аяқ оқып шығуы тиіс дегенді білдірмейді. Әркім өзіне қажеттісін алып, керек жерін түртіп, кәдесіне жаратса жеткілікті. Ең бастысы — сол кітаптан өзіңе пайдалы бір ой алсаң, сол жеткілікті. Қалғаны — жүрек пен ақылдың өзара тіл табысуы.
Тойға бармасам да кітап тұсаукесерінен қалмаймын
Кәмшат Бекжігітова:
Қазақ елінің кітап қазынасы тағы бір тың туындымен толыққанына шын жүректен қуаныштымын. Кітап жазатын адамдардың екі түрі бар деп ойлаймын: бірі — ақылға сүйеніп жазады, екіншісі — жүрекке сеніп жазады.
Кейде менен «Қалайша көп кітап саттыңыз?» деп сұрайды. Жауабым қарапайым: мен тек ақылға ғана сүйеніп, «мың данамен шектелейін» деп тоқтап қалмадым. Арманымды шектемедім. Өйткені шын ниетпен жазылған әр кітап бір адамның ғана емес, бүтін ұлттың ішкі сұранысына жауап беруі мүмкін. Қазір де сауатты, сапалы кітаптар жетерлік. Бірақ көпшілігі «мың данамен сатылса жетеді» деген қорғаншақ ұстанымда қалып қойып жатады. Неге біз жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған тиражды армандамаймыз? Арманның өзі үлкен болғанда ғана әрекет соған сай өседі.
Өзім той-томалаққа жылына бір-екі рет қана барамын. Бірақ кітаптың тұсаукесерінен қалмауға тырысамын. Себебі кітап жазатын, кітап сататын адамдар — қоғамға үн қосып жүрген жандар. Олар — сөздің салмағын, ойдың қуатын арқалап жүрген нағыз еңбек иелері. Ондай жандарды қолдау, демеу, «қолыңнан келеді» деп сенім білдіру — мен үшін парыз.
Ғайыпқа сену — иманның нағыз өлшемі
Жадыра ұстаз:
Ислам діні бойынша ең қуатты иман — ғайыпқа иман келтіру. Ғайып дегеніміз — адам көзімен көріп, қолымен ұстай алмайтын, бірақ шын бар нәрселер. Он сегіз мың ғаламның өзі — ғайыптың бір көрінісі. Адам табиғатынан көргеніне сенгіш. Көзбен көрмегенге илану оған қиын. Десе де мұсылмандықтың іргетасы осы көрінбегенге сенуден басталады.
Исламда иман жеті шартпен бекемделеді:
Алла Тағалаға, Оның періштелеріне, кітаптарына, Пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырдағы жақсылық пен жамандықтың тек Алладан екеніне және өлгеннен кейін қайта тірілуге шүбәсіз сену. Осы жеті тармақ — түгелімен ғайып. Бірақ біз сол ғайып арқылы жүрекпен танимыз, ақылмен иланамыз. Себебі ғайыпқа сену — иманның нағыз өлшемі.
Ғайыпқа иман келтіру — жай ғана діни шарт емес, ол — ішкі сенімнің, рухани тереңдіктің белгісі. Адамның армандауы, қиялға берілуі де осы ғайып әлеміне жақын әрекет. Арман да — көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін күш. Қиял — болмыстан тыс кеңістікке ұмтылу. Демек адам қиялдаған сәтінде ғайыпқа жанасып, болашаққа сенім артады. Арман — ғайыптың үнін тыңдау. Ол — болашақты көзбен көрмей, жүрекпен болжау. Сондықтан ғайыпқа сену мен қиялға берілу екеуі де адам рухының терең қабаттарынан тамыр алады. Екеуі де үміт пен сенімді тірек етеді. Бірі — иманның кілті, бірі — арманның есігі.


Кітапты оқыған: Жазира Байдалы