Біліп жүр

Денис Тен: Ертең не болатынын ешқашан білмейсің

Денис Теннің үздік мотивациялық сөздері

Денис Тен — қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері. Balbal.kz мотивациялық сайты Денис Теннің сұхбаттарынан үздік мотивациялық сөздерін жинақтап, материал ретінде ұсынады.

Спорт

1. Спорт – өте қатал алаң. Спортпен 100 мың адам айналысады делік. Бірақ олимпиада тұғырында тек 3 орын бар. Маған сол орынның біреуінде тұру бақыты бұйырды.

2. Спорт адамға қабілет қана бермейді. Мінезін, ішкі дүниесін қалыптасырады.

3. Қоғамда «спорт пен білімді қатар алып жүруге болмайды» деген қате пікір қалыптасқан. Мен бұл оймен келіспеймін. Білім спортшыны толықтырады. Спорттағы жетістіктерінен бөлек, тұлға ретінде қалыптасуына көмектеседі.

4. Спорт мәңгілік емес. Ол – өміріңнің жарқын бір бөлігі. Өмірде спорттан басқа ештеңені білмесең, спорттық мансабың аяқталған соң не істейсің? Ал білімің болса, ол сенімен өмір бойы қалады.

5. Спорт өміріңнің бөлігі болуы мүмкін. Бірақ спорттағы жетістіктермен өмірің аяқталмайды.

6. Мен өзімнің академиямды ашар болсам, балаларды алдымен мықты спортшы ретінде емес, жеке тұлға болатындай тәрбиелейтін едім

7. Салауатты өмір салты мен кәсіби спорт бір-біріне кереғар ұғымдар. Кәсіби спорт әрқашан жарақаттармен қатар жүреді. Кәсіби спортшының денесі күнделікті өте ауыр жаттығулардан өтетінін адамдардың түсінуі керек.

8. Қазіргі ата-аналар мемлекет оларға бәрін дайындап беруге міндетті деп ойлайды. Барлық жағдайын жасап алып қана балаларын спортқа бермекші. Бар мүмкіндікті бағаламайды. Мен сіздерге бір құпияны ашайын, батыс елдерінде мұндай тегін үйірмелер жоқ. Ол жерде спортпен айналысқың келсе, ауқымды қаражат төлейсің.

Патриотизм

1. Мен – бірінші кезекте қазақпын. Ойлауым, қарым-қатынасым бәрі қазақша. Мен Қазақстанда туып өстім.

2. Корея алаңында Қазақстан әнұранының ойнауы, Қазақстан туының дәл ортада бәрінен биік көтерілуі менің көкейімді қуанышқа толтырды. Бұл – баға жетпес естеліктер.

3. Қазақстанда мәнерлеп сырғанаушылардың үлкен тобы пайда болуын армандаймын.

4. Бәрі тең. Патриоттық, еліңе деген сүйіспешілік осындай қарапайым ұғымдарды түсінуден басталады.
Меніңше, патриоттық ол өз еліңді сыйлау. Мен патирот екенімді сөзбен көрсетпеймін. Ол күнделікті өмірде көрініс табады. Мысалы, көшеде жүргенде ешкіммен ұрсысып, жаға жыртыспаймын. Өзгелерді де, өзімді де сыйлаймын.

Мотивация

1.Қазіргі болмысыңнан артық болғың келсе, бар да қалаған ісіңмен айналысып көр. Бір ғана рөлді ойнама. Бәрін көріп, өзіңдікін тап.

2. Бір күні таңертең оянып, менде ештеңе өзгермегенін түсінуден қорқам. Белгілі бір уақыт аралығында ой-санамның өзгермегенін, бір сатыға болсын дамымағанын түсінсем, өзімнен қатты көңілім қалады.

3. Мен өлім туралы жиі ойлаймын. Өзімнен «ертең мен болмайтын болсам, бүгінгі күніме риза боламын ба?» деп жиі сұраймын. Егер «иә» деп жауап берсем, онда бақытты екенімді сеземін. Ал «жоқ» десем, көңіл-күйім түсіп кетеді де, бар күш-жігеріммен тырысу керек екенін түсінемін.

4. Бұл өмір. Қиындықтар болып тұрады. Бастысы берілмеу керек. Мүмкін биыл қалағаным орындалмаған шығар. Бірақ дәл осы мәселеге қадалып қалғым келмейді. Қайта қиындықтарды бағындыру арқылы мен өсе беремін.

5. Жас кезімде идеяларым таусылып, рухани күшім мен энергиям қалмағанша шығармашылық қабілетімді толық іске асырғым келеді.
Кез келген адамның басты қарсыласы – өзі. Ішкі күресте өзімді жеңсем, барлық жетістікке жете аламын деп ойлаймын.

Өмір мен қоршаған орта

1. Белгісіздікке қадам басудан қорықпаймын. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмеу саған еркіндік сыйлайды. Мен мұндай еркіндікті жақсы көремін.

2. Мен балаларды қатып қалған бірнәрсеге үйреткім келмейді. Мен олардың өздеріне деген сенімділігін арттырғым келеді. Рухтандырғым келеді. Сонда олар өзі қалаған, өзіне ұнайтын жолды табады.

3. Бозбала кезде бәрін өзіміз білетін сияқты боламыз. Бірақ уақыт өте келе ата-анамыздың айтқан әрбір кеңесі дұрыс екеніне көзіміз жетеді. Мен балаларға көп айтамын: «сендерге ата-аналарыңнан артық ешкім жақсылық тілемейді»

4. Мен бала кезімде әлемдік тұлғалардың өмірбаяны жазылған кітаптарға қатты қызықтым. Стив Джобс, Майкл Джексон сынды тұлғалар жайлы оқысам, олардың жетістікке жету жолдарын түсініп, өзім де сондай биікке шыға аламын деп ойлайтынмын. Уақыт өте біреудің жолын тура солай қайталауға болмайтынын түсіндім. Бірақ оқыған кітаптарым өмірде маған көп көмектесті.

5. Менің ең үлкен жетістікке жеттім деп санамаймын. Мен жолы болған адаммын. Менің дәл осындай отбасында, дәл осындай ортада өмір сүпгенім үшін бақыттымын.

6. Мен әлеуметтік желілерді онша ұната бермеймін. Өмірімде одан да маңызды заттар бар.

7. Өмір – нәзік құбылыс. Ертең не болатынын ешқашан білмейсің…

Дайындаған: Досбол Атажан

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!