Трансильванияның тарихи орталығы, Румынияның Клуж-Напока қаласында «Рухани жаңғыру» – «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасы шеңберінде қазақ киносының екінші фестивалі өтті. Мәдени-іс шараны Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы, Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі мен ҚР Клуж-Напока қаласындағы құрметті консулдығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Фестиваль шеңберінде «Жаужүрек Мың Бала», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Оралман» және «Жаңғақ тал» фильмдері көрсетілді.
Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Дәулет Батырашев сөз сөйлеп, румын аудиториясын отандық киноиндустрия өнімдерімен таныстыру шарасы екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының дамуына ықпалын тигізетінін айтты.
Фестивальге танымал отандық актер Асылхан Төлепов қатысып, көрермендерге «Жаужүрек Мың Бала» фильмінің түсірілімі туралы айтып берді. Актер бұл іс-шара румын көрермендеріне қазақ халқының тарихы, мәдениеті және дәстүрімен жақын танысуына мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сондай-ақ, шараға жергілікті тұрғындар, қоғамдық қайраткерлер, үкімет, іскер және академиялық орта өкілдері мен Клуж-Напока қаласында оқып жүрген қазақстандық студенттер қатысты.