Біліп жүр

Жапония – ерекше бизнес идеялар елі

Жапон еліндегі бизнес идеялар

Жапония өзге батыс елдерінен өзінің дәстүрі мен наным-сенімдері арқылы ерекшеленеді. Мұндай ерекшеліктер кәсіпкерлікке де әсерін тигізетіні сөзсіз. Жапонияда шығатын кейбір тауарлар мен кәсіп түрлері шетелдіктерді таңқалдырып жатады. Бірақ бұл жапондық бизнес идеяны өз нарығыңызда қолдануға болмайды дегенді білдірмейді. Balbal.kz Жапонияда танымал кәсіп түрлерін назарыңызға ұсынады.

         Түрлі-түсті шоколад

«Osaki» компаниясы әдеттегі қоңыр түсті шоколадтан бөлек, әр түрлі түстегі десерттерді ұсынған. Олар бұл үшін түссіз шоколадты пайдаланады. Жасыл түске бояу үшін Матча шәйін қосады. Ал мүкжидек арқылы шоколад қызыл түске боялады. Үгітілген батат шоколадқа күлгін реңк береді. Мұндай шоколадтардың ғаламтор дүкендеріндегі бағасы 1 000 теңгеден басталады. Салмағы мен көлемі, санына қарай баға өсе түседі.

Төрт бұрышты қарбыз

Жапония кәсіпкерлері өз тауарларын сату үшін ауыл шаруашылығында да түрлі әдістерді қолданады. Солардың бірі – төрт бұрышты қарбыз. Мұның бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, тұтынушы назарын бірден аударады. Екіншіден, қарбызды тасымалдау кезінде домалап кетпейді және бос орынның барлығын толтырып тұрады.

Қарбызды өсіру үшін қандай да бір биологиялық және генетикалық тәсілдер қажет емес. Жидекті белгілі өсу мерзімінде қалың төрт бұрышты ыдысқа салып қояды. Бұл оның дәмі мен түсінің өзгеруіне еш әсер етпейді.

         Өсімдіктен жасалған қабырға

Табиғатты қорғау – Жапониядағы басты мәселелердің бірі. Сол себепті ірі компаниялар өз аттарын жақсы жағынан шығару үшін өсімдіктен жасалған қабырғаларды қолданып жатады.

Құрылымы қарапайым. Темірден жасалған қаңқаға өсімдік егетін ыдыстарды орнатады. Бұған қосымша өсімдіктерді автоматты түрде суаратын құрылғыны да орнатуға болады.

Мұндай табиғи қабырғалар тек бөлмені сәндеп қана қоймайды. Ол ауаны тазартып, адамдардың көңіл-күйін көтереді. Өсімдіктен жасалған қабырғаларды көбіне ірі компаниялар, сауда үйлері, мейрамханалар сатып алады.

         Жылдам құралатын жиһаз

«Nendo» компаниясы жиналмалы жиһаздың жаңа түрін ұсынды. Бұрын тұтынушылар жиһазды құрау үшін бірнеше құрылғыларды қолданатын. Ал бұл жиһазға қалтаңыздағы тиын жеткілікті.

Жиһаз бөліктері арнайы бекіткіш арқылы біріктіріледі. Тиынның көмегімен бекіткішті 90 градусқа бұру қажет. Жиһаз тек бір қалыпта ғана жиналмайды. Түрлі комбинацияны қолдана отырып, жиһаз формасын да өзгерте аласыз. Шығарушылардың айтуы бойынша, мұндай жиһаздарды шағын офистер қолданады. Себебі көлемі шағын әрі кез келген қалыпқа келе алады.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!