Миллионер

Сөмке тігу бизнесі: Фурнитурасы, материалы, клиенттері

Сөмке тігу бизнесі қаншалықты берекелі?

Сөмке тігу бизнесі берекелі екендігіне көзін жеткізген жас кәсіпкердің есімі – Жүсіпова Нұргүл. Бүгінде ол La charmee (exclusive) брендімен сөмке тігіп, қомақты табыс тауып жүр. Нұргүл Balbal.kz мотивациялық сайты үшін сөмке тігу бизнесіне келу оқиғасын баяндап берді. Егер сіз де қолыңыздан іс келетін ісмер болсаңыз,  La charmee (exclusive)-дің аяққа тұру хикаясына қанық болыңыз.

Мамандық таңдаудан қателескен қыз

Жүсіпова Нұргүл:

Жүсіпова Нұргүл
Жүсіпова Нұргүлдің жеке мұрағатынан

Мен оқуға түскен жылдары заңгер, бухгалтер мамандықтары аса танымал болатын. Мен де «сәннен» қалмай «экономика, бухгалтерлік есеп және аудит» бойынша білім алуды дұрыс деп санадым. Мұның қателік болыпты. Себебі бұл мен мамандық бойынша жұмыс істеуді ниет етпедім. Сөмке тігу бизнесіне келмес бұрын неше түрлі жерде еңбек еттім. Сұлулық салондарында әкімші, сауда дүңгіршектерінде сатушы да болдым. Уақыт өте келе тігуге қызығатынымды түсіндім. Сөйтіп тігін курстарына қатысып, ақырын-ақырын өзіме киім тіге бастадым. Нәтижесінде шоу-румда мен тіккен киімдер сатылымға қойыла бастады. Алайда мен жүрек түкпіріме үңілуді тоқтатқан емеспін. Соның арқасында La charmee (exclusive) деген өз «балам»-сөмке тігу бизнесі дүниеге келді.

Инстаграмнан шабыт алған ісмер

Инстаграмды ақтарып отырғанда сөмке тігіп, соны сататын «Фермуар» деген аккаунттағы бір парақшаға көзім түсті (Ол парақша қазір неге екені белгісіз өз жұмысын тоқтатқан). «Фермуардың» сөмкелеріне сүйсіне отырып, сөмке тігуге деген қызығушылығым оянды. «Неге сөмке тігіп көрмеске?» деген сұрақ туындады. Сөйтіп сөмке тігуді үйрететін шеберлік сабақтарын іздестіре бастадым. Бағалары 30 000 теңгеден кем түспегендіктен оларға ақшамды қимадым. Утюбта іздегенім алдымнан шықты. Сөмке тігуге арналған видеоларды қарай отырып, алғашқы сөмкелерімді тіге бастадым.

12000 теңгелік қуаныш

О баста екі сөмке тіктім. Олардың суретін әлеуметтік желіге салдым. Сөмкелерді көрген бір құрбым менімен байланысқа шықты. «Мына сөмкелерің керемет! Көздің жауын алады! Ешкімге сатпа, мен сатып аламын» деп тапсырыс жасады. «Бағасы қанша болады?» деп сұрағына сөмке тігуге кеткен шығынды, жұмсаған уақытымды есепке ала отырып, 12000 теңге деп жауап қаттым. Сөмке тігу бизнесі алғашқыда осындай азғантай табыс алып келгенімен, менің қуанышымда шек болмады.

cөмке тігу бизнесі
Сөмке тігу бизнесі
@La_charmee

La charmee – хоббиі

Сөмке тігу жаныма жайлылық, көңіліме қуаныш сыйлайтын. Сондықтан да хоббиім ретінде қарастырдым. Әлі күнге дейін алып келетін табысты емес, өзіме, біреуге сыйлайтын қуаныш сезімін бірінші орынға қоямын. Негізі мұндай өлшемі кішігірім сөмкелердің тарихы Франциядан бастау алады. Брендке атау іздеп бас қатырғанда құлаққа жағымды, ойда есте қаларлық болуын қаладым. Нәзік жанды келбеті мен киім-киісіне, жүріс-тұрысына ерекше әдемілік әкелетін сөмкелерге La charmee яки сүйкімділік деген французша атау беруді жөн деп санадым. Логотипін ғаламтор бетін шарлай отырып жасап алдым. La charmee сөмкелерін тіккен киімдерімді сатылымға шығаратын бутикке де қоя бастадым. Ісім одан әрмен дамысын деген ниетпен инстаграмнан арнайы парақша аштым.

Сөмкелері – аманат!

Бүгінде менің инстаграм парақшамда 4053 жазушылы бар. Бұл парақшаны ашқаныма 7-8 айдай болып қалды. Клиенттерімнің 95%-ы осы инстаграмнан келеді. Ең қызығы, бір рет тапсырыс берген клиент уақыт өте келе екінші, үшінші сөмкеге тапсырыс береді. Клиенттермен жұмыс істеу барысында мен қатаң ұстанатын ережелер бар. Солардың бірі – көшірме жасамау.

сөмке тігу бизнесі
Сөмке тігу бизнесі @La_charmee

Кейде қымбат бір брендтің сөмкесіне қызығып, «маған тура осындай тігіп беріңізші» деп өтініш айтатындар кездеседі. Бірақ мен біреудің еңбегін қатты бағалайтын жанмын. Сондықтан біреудің көшірмесін жасаймын әрі бөгденің көшірмесіне айналғым келмейді. Бір айта кетерлігі, инстаграмға салынған фотоларды әдемілеу мақсатында фильтр қосып өңдемеймін. Арнайы бағдарламамен өңделген сөмке суреттерін клиентті алдау деп қабылдаймын. Фотода керемет болып көрінген сөмкеге тапсырыс берген клиенттің содан соң үнжұрғасы түсіп, реніш білдіргенін қаламаймын.

Сөмке қалай тігіледі?

Әр сөмкені тігіп шығуға әртүрлі уақыт кетеді. Сөмкенің стиліне, дизайнның күрделілігі үлкен рөл атқарады. Жалпы, бір сөмкені бір күнде тігіп шығуға болады. Жұмысты енді бастағанда сөмкелерімнің бағасы барынша қолжетімді болсын деп арзан материалдармен тігетінмін. Тәжірибе жинақтай келе сапаның қаншалықты маңызды екендігін түсіндім. Жылдар өтсе де, сөмкенің сәні де, сапасы да кетпей қызмет еткені маған абырой екендігін ұқтым. Бүгінде бір сөмкенің бағасы 15000-25000 теңге көлемінде. Материалдар мен фурнитураларды кезінде Қазақстанның әртүрлі қаласынан алдыртатынмын. Ал қазір тек Корея мен Дубайдан тапсырыс беремін. Материал мен фурнитураның бағасы өскенімен сөмкенің сапасы да артты. Нәтижесінде тек менен сөмке сатып алғысы келетін тұрақты клиенттер көбейді. Бір өзі 20 сөмкеге тапсырыс берген клиентім бар.

Бір сөмкенің шығыны қандай?

Шығынға келер болсақ, ол да сөмке дизайнының күрделілігіне тікелей байланысты. Әр сөмкеде әртүрлі материал мен фурнитура қолданылуы мүмкін.

Дубайдан келетін панбархаттың бір метрі 7000-17000 теңге;

Жапониядан келетін бисердің 10 грамы 500-1000 теңге;

Сөмкені асуға арналған шынжыр бау 1000-1500 теңге;

Жалпы, бір фурнитура 2000-3000 теңге;

Айлық табысы – 350 000-450 000 теңге

Үйде отырып өз сүйікті ісіңмен айналысу бір ғанибет екен. Ал хобби тұрақты түрде табыс әкеліп отырса, тіпті керемет. Мен басында қомақты қаржы таптым деп айта алмаймын. Алайда бала-шағамның жанында жүріп-ақ нәпақа тауып жүргеніме қанағаттандым. Осыдан екі ай бұрын 250 000 теңгедей таза табыс тапсам, қазір 350 000-450 000 теңге тауып жүрмін.

сөмке тігу бизнесі
Сөмке тігу бизнесі @La_charmee

Мотивацияны керек етпейтін кәсіпкер

Мотивация іздеп арнайы семинар-тренингтерге барған емеспін. Инстаграмның өзі тұнып тұрған мотивация деп білемін. Себебі өз өмірімді өзгелермен салыстыра отырып, шабыттанып шапшаң қимылдауға болады. Жалпы, рауандап атқан әр таңым мен қызара батқан күнім – мына өмір мені алға жылжуға итермелейді.

Махаббат пен сүйіспеншілікті ту еткен кәсіп берекелі болатындығына көзім жетті. Біраз уақыт бұрын халықаралық көрмеге қатысуға шақыру алдым. Бірақ дайын коллекция болмағандықтан қатыса алмадым. Бірақ мұның өзі еңбегімнің еленгенінің бір дәлелі. Болашақта шетелге шығып, La charmee-дің отандық бренд ретінде аты шығуын ниет еттім.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!