Психология

Марзия Бекайдар. Сіз неге бақытты емессіз?

Марзия Бекайдар адамдардың барлығы шын мәнінде бақытты дейді. Бірақ...

Марзия Бекайдар барлығымызға бірдей уақыт, бірдей бақыт берілетінін тілге тиек етті. Алайда бақытсыздықты өзіміз қолдан жасап аламыз. Осы мақаланы оқып отырып, «кім өзіне бақытсыздық тілейді екен?» деп ашулануыңыз заңды. Келісеміз. Барлығымыз бақытты болуға ұмтыламыз. Бірақ біздің бақытты екенімізге санамыз сенбейді. Біз үшін бақытсыздықтың суретін миымызға сызып алып, өзгелердің аяушылығына бөленіп жүрген артық. Сонымен…

Біздің миымыз қалай жұмыс істейді? Сана және бейсана дегеніміз не?

Адамның санасы 5-10%-дан, бейсанамыз 85-90%-дан тұрады. Санамыз әрдайым «мен тек жақсылық ойлаймын», «өмірім тамаша» деп айтуы мүмкін. Бірақ бейсанамызда түрлі қатып қалған қағидалы ойлар бар. Ол қағидалар біздің кішкентай күнімізде миымызға жазылған. Оның түп-тамыры алыстағы балалық шағымыздағы естеліктерде жатыр. Өйткені кішкентай кезіңізде психологиялық күйзеліске түскен боларсыз? Тіпті ондай күйзеліс болмаған күннің өзінде бала кезіміздегі қорқыныштар, өзгелерден көрген қысым – мұның барлығы есейе келе бейсанымызда жазылып қалады.

Сіз оны аңғармауыңыз да мүмкін. Бірақ бейсанаңыз барлығын сақтайды. Оны дәл тауып, түбірімен жою үшін біраз уақыт қажет.  Тіпті генетикалық тұрғыдан ата-анаңыздың қорқынышы сізге берілуі мүмкін.

Марзия Бекайдар. Сіз неге бақытты емессіз?
Марзия Бекайдар — Balbal.kz

Психологиялық тұрғыдан адамды сана емес бейсана басқарады

Адамның миы ғылымда толығымен түсіндірілмеген ағза.

Біз санамызбен бақытты, сүйікті, сыйлы болуымыз керек екенін білеміз. Бірақ біз барлығын саналы түрде түсінетін болсақ, неге оны бейсанамызға жеткізе алмаймыз? Өйткені, сана мен бейсананың ортасында кедергіден соғылған қамал бар. Оны бұзып шығу өте қиын.

Енді не істейміз? Санамыз бақытты болуға ұмтылып тұр, бірақ бейсанамыз бәрібір кедергі келтіреді. Қалайда біз сол тас қамалды бұзып шығуымыз керек. Біреулер бұл қамалды еңсеру үшін 10 жыл, 20 жыл, 30 жылын кетірді.  Тіпті, саналы ғұмырын сарп еткендер бар. Барлығының шешімі Жаратқаннан келетінін біліңіз. Бейсананы түзету үшін ең алдымен ниетіңізді анықтап алғаныңыз дұрыс.

Қолыңызға қалам алып, жолдың дәл ортасына «Мен қалаймын» деп бастап, шын мәнінде өмірден не қалайтыныңызды тізіп шығыңыз. Барлығын нақты жазыңыз. Кім шынайы ниет етсе, ары қарай әрекет етуі керек. Әрекетіңізге қарай берекетін аласыз.

Сіз неге талпынсаңыз, Алла соны береді

Иә, талпынғаныңызды береді. Мен ананы қалаймын, мынаны қалаймын деп талпыныссыз отырсаңыз, оның берекеті жоқ. Барлығы талпынысыңызға қарай реттелетінін ұмытпағайсыз. Сіздің ниетіңізге қарай барлығы орындалады.

Сана мен бейсананың арасындағы қабырғаны біріншіден – ниет, екіншіден – аффирмациялар жояды. Аффирмацияларды қайталап айта бергенде санамыз бейсананы төмендете береді. Бейсанамызда қалыптасқан қағидалардың барлығы біртіндеп жойылады.

Мен бақыттымын, менің денім сау, мен сүйіктімін деп сан рет қайталай беріңіз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөзді атам қазақ танымал психологтардан бұрын айтып қойған.  Қайталаған сайын біздің миымыз соған үйрене бастайды. Өйткені жаттанды сөзден ойымыз өзгереді.

Марзия Бекайдар. Сіз неге бақытты емессіз?
Марзия Бекайдар / instagram @marziya_bekaidar

Мен бастапқыда аффирмация айтып, бір сөзді күні бойы қайталау ақымақтық қой деп ойлайтынмын. Бірақ шындығына келгенде, біздің ойымыз одан да басқа сан түрлі бос нәрселерді ойлаумен толады. Мысалы, «қарыздарымды қалай қайтарам?»,  «мені неге өзгелер ұнатпайды?» сынды сұрақтардың жауабын іздеумен бас қатырамыз.

Күні бойы аффирмация қайталасаңыз, керек емес ойлардың барлығынан арыласыз. Өзге ойды ойлауға да шамаңыз келмейді. Иә, басында бейсана қарсыласады. Неге қарсыласады? Өйткені ми бірқалыпты, жайлы өмір сүруге үйреніп алған. Сіз келесіз де  «мен бақыттымын» деп бағдарламасын өзгерте бастайсыз. Ми оған шыдай алмайды. Күнде жақсы сөздерді айтқан сайын, жаман ойларға орын қалмайды. Тіпті уақыт та жоқ. Адам біреуді жамандап, қызғанып, жамандық тілеп, өсектейтін болса энергиясы төмендеп кетеді.

Алла қанша жақсылық берсе де бақытсыз болып жүретін адамдар бар. Оның үйі де, берекесі де, баласы да, күйеуі де бар, ішкен-жегені алдында, жыл сайын шетел аралайды, астында көлігі бар. Алайда іштей бақытсыз. Адамның табиғаты қызық. Алла сан мың жақсылық нәсіп етсе де, адам іштей бақытсыз болуға бейім.

Бізге бақыт құсы өздігінен келіп қонбайды

Адамдар ішкі жағдайына байланысты екі типке бөлінеді:

  • Бақытты
  • Бақытсыз

Оны адамның ішкі жағдайы немесе аурасы деп атасақ та болады. Адам неге бақытсыз? Өйткені ол айналасына өкпелі, өзіне-өзі сенімді емес, назалы, шағымы көп, өркөкірек. Алла оған бәрін берсе де көзін тас қылып жауып тастаған. Ол еш нәрсені көре алмайды.

Бақытты адамның жағдайы белгілі. Ол өмірдің әрбір таңын қуанышты жүзбен қарсы алады, әрнәрсеге көңілі толып жүреді.

Мен бір әйелді білемін. Өзі ауылда тұрады, қарапайым сауыншы әйел. Ол саяхаттап көрген жоқ, тіпті біз білетін заманауи техникалардың барлығын қолдануды білмейді, біз сияқты сан түрлі көйлегі де жоқ, күнде неше түрлі мейрамханаларға барып ас та ішпейді. Күндіз-түні үйдің жұмысымен жүреді. Таңғы 5-те тұрып, шаруаларға бірден кірісіп кетеді. Сырттан бақылаған адам оның өміріне қызықпас та еді. Тіпті аяушылықпен қарайтындар көп.

Соған қарамастан ол әйел ерекше бақытты болып жүреді. Көп нәрседен хабарсыз болса да жанында жүріп өзің бақытты адамға айналасың. Неге ол бақытты? Өйткені оның ішкі жағдайы жақсы. Бізге бақыт құсы өздігінен келіп қонбайды. Адам бақытты, не болмаса бақытсыз болуды өзі таңдайды. Бізге бақытсыз тағдыр берілмейді, бақытсыздықты біз өзіміз жасап аламыз.

Адамды бақытсыздыққа көбінесе нәпсісі алып келеді. «Міне, мен осыны жасаймын», «мынау менің қолымнан келеді» деген кезде міндетті түрде жалқаулық пайда болады. Мұның барлығы нәпсі.

Сіз қиындықты көп көрсеңіз, демек артында үлкен бақыт бар.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Бір пікір

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!