Психология

Қорқыныштан арылу – жетістіктің алғышарты

Қорқыныштан арылу – бизнесті алға сүйрейтін қадам

Қорқыныштан арылу мәселесі жетістікке жеткісі келетін кез келген адамды ең бірінші кезекте ойландыруы тиіс.  Себебі «Онсыз да қиындықтар жетеді», «Уақыт жоқ», «Мүмкіндік жоқ, шектеулер көп» деген сөзді өзіміз естиміз және өзгеге айтамыз. Сіз жаңа іс бастағыңыз келгенде немесе идеяларды жүзеге асырар сәтте сізге де осындай ойлар келе ме? «Бұл әлемде шектеу жоқ, шектеу біздің миымызда!» деген тіркес бүгінде жиі қолданылып жүрсе де, түпкі мағынасына үңіліп көрген жан бар ма?

Садхгуру шектеу туралы

Джагги Васудев бүгінде Садхгуру атымен танымал әлем бойынша йога сабақтарын өткізіп, адам жанын «сауықтырумен» айналысып жүрген үнді мистигі шектеулер туралы былай дейді:

«Әлемде шектеулер жетерлік. Бірақ өзіміз ойдан құрастырып алатын шектеулердің қажетінен гөрі зияны көп. Десе де әлі күнге кезінде өзіңіз ойдан шығарған шектеулер күнделікті өміріңізге кедергі келтіретін болса, одан дереу арылу керек. Сондай-ақ, шектеулердің «табиғи» түрі болады. Табиғаттан берілетін шектеулер адамның қауіпсіздігі үшін. Қалғаны тек кедергілер ғана. Әлемдік тартылыс күші онсыз да сізді төменге тартып тұрады, ал сіз оған қосымша ойыңыздан мәселелер құрастырып алып, биікке өрлеуге өз-өзіңізге кедергі жасайсыз. Неге? Қорқыныш?! Қорқыныш пен үрей сізге әрдайым: «Егер сен осы істі бастасаң, ары қарай қиын болуы мүмкін…» деген ой салады.

Табиғи шектеу және ойдан шығарылған шектеу

Садхгурудың бұл сөзінен түсінетініміз: адам арылуы тиіс ең алғашқы шектеу – қорқыныш! Сондай-ақ, ол ауырсыну сезімінің екі түрі ғана болатынын айтады. Физикалық яғни тәннің ауырсынуы және ментальды ауырсыну сезімі. Біріншісі, жоғарыда айтқан табиғи шектеудің түріне жатады. Яғни одан арылудың қажеті жоқ. Оны өз сөзінде былай келтіреді: «Егер адам тәніне жарақат сала отырып, одан ешқандай ауырсынуды сезінбесе, онда біз өз өзімізді жоятын едік. Мәселен, шашымыз немесе сақалымыз өссе, ауырсыну сезімі болмағандықтан оңай алып тастаймыз. Сол секілді мұрнымызды немесе құлағымызды да алып тастай алатын едік».

Ал қорқыныш сезімін біз ойдан шығарамыз. Айналада болып жатқан барлық оқиғаларға қатысты мұндай реакцияны тек өзіміз ойлап табамыз және соның ықпалынан өзімізді қинаймыз. Яғни адамның эмоциялары мен ойлары өзіне кері әрекет ететін сәттер болады. Ал оның іскерлік ортада және бизнес әлеміндегі орны қандай? Бұл сұраққа атақты үнді мистигі Садхгуру жауап берген. Адамның қызметі маңызды емес. Қай салада жүрсе де, ол өз тәні мен ойын және эмоциясын басқара білуі тиіс деген тұжырымға тоқталады. Егер адам өз ойын бақылай алмаса, ол кәсіпкерлікте де, басшылық қызметте де, табысқа жетіп, ұтымды ұйымдастыра алмайды.

Бизнесте қорқынышқа орын жоқ

Садхгуру бизнес пен кәсіпкерлікте қорқынышқа жол жоғын айтады яғни адамда қорқыныш сезімі болса, ол үйреншікті іске құмар болады. Демек ешқандай тәуекелсіз, кепілдендірілген және тексерілген кәсіпке барғысы келеді. Ал табысты бизнес түрі жаңашылдықты қажет ететінін бәріміз білеміз. Сондықтан тәуекелге бару керек, алайда, қорқынышқа жол жоқ. Табыстың басты құпиясы да осы шығар.

Бүгінде танымал әрі ықпалды тұлғалардың өмір жолымен таныссаңыз, олардың өткен өміріндегі қиындықтары бүгінгі жетістіктеріне мотивация болғанына көзіңіз жетеді. Бәрі қорқыныштарын жеңе алды. Қорқыныш болмаған жерде қиындық болмайды. Қиындықтан қорқудың еш қажеті жоқ. Мәселен, атақты голливуд жұлдызы, актер Сильвестр Сталлоне кезінде өзі туралы қызықты деректермен бөліскен еді.

Сильвестр Сталлоненің көрген қиындығы

Дәрігерлер оны ақыл-есі кем балаларға арналған мектепке беруді ұсынған. Тәртібі үшін 14 мектеп оны оқудан шығарған. Ақырында мінез-құлқы қиын жасөспірімдерге арналған колледжде оқиды.Тамақтану орындарында күзетші болған, хайуанаттар бағында торды тазалаған, ақшаға карта ойнаған. Мектепте оқып жүргенде ара-тұра театр қойылымдарына қатысады. Сол ісі оны шабыттандырып, актер ретінде қалыптасуды қалайды. Мың мәрте бағын сынаса да, жұмысқа алынбады. Пәтерден қуылып, 3 апта Нью-Йорк автовокзалында түнеді. Ақша жағынан қиындықтар артып, ақыры порнофильмдерге түседі. 16 сценарий жазған. Есесіне тек 3-ақ күнде жазылған «Рокки» ғана сәтті шығады. Бірде ол телетрансляция арқылы Мұхаммед Әли мен Чак Вепнердің жекпе-жегін көреді. Сол сәтте оған: «Сәтсіздікке толы өмір сүріп, ғашық болып, соңында чемпион атанған боксердің өмір желісімен неге фильм түсірмеске?» деген ой келеді.

Сильвестр Сталлоненің 150 000 долларлық тәуекелі

«Универсал» кинокомпаниясы оның жазған алты сценарийін қабылдамай, «Роккиді» бірден мақұлдайды. Продюсерлер оған қомақты 150 мың доллар ұсынады. Бірақ, аяғы ауыр әйеліне қарамастан, қалтасында соңғы 106 доллар қалса да, Сталлоне ол ақшадан бас тартады. Ол сценарийді бір долларға сатып, бірақ өзіне басты рөлді беруін сұрайды.  Осылайша, өзі сценарийін жазған фильмде өзі басты рөлді сомдап шығады. 150 000 долларлық тәуекел оны қазір атақты әрі абыройлы етті. Егер сол кезде тәуекелден қорқып, кепілдендірілген 150 000 долларды алып өмір сүруін жалғастыра берсе де болар еді. Бірақ ол өз жазбасында: «Мен бұл өмірде ешкім бола алмас едім. Барлық продюсерлер мен сценаристер маған бұл салада жетістікке жете алмаймтынымды қадап айтты. Мен жеті жыл арыстандардың торын тазалап, жалданып жұмыс істеп 1 жыл бойы небәрі 1600 долларға өмір сүрдім. Бірақ мен өзіме сендім. Сіз қорықсаңыз, сіз де бұл әлемнің бөлшегі ғана боласыз. Өмірге келесіз, өмірден өтесіз. Мақсатыңыз болмаса, мақсатты орындаудан қорықсаңыз, сіз Ешкім емессіз!» дейді.

Қорқыныштан арылу Сильвестр Сталлонені бай-дәулетті әрі әлемнің ең танымал актерларының бірі қылды. Демек біз жетістікке жете аламыз. Ал әлі күнге дейін жетістік жолында жарқырай алмасақ, өзімізге шектеулер ойлап тапқанымыз. Өз эмоциямызды басқара алмай жүргеніміз. Қорқыныштан арылу сіздің жетістікке жету жолындағы ең алғашқы қадамыңыз болсын.

Дайындаған: Балжан Халық

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!