Біліп жүрСұхбат

Алтынай Ергенбай: Арзан киініп қымбат көрінудің өз құпиясы бар

Алтынай Ергенбай нейростилистика туралы

Алтынай Ергенбай – нейростилист. «Өз стиліңді қалыптастыр» секілді сән саласына қатысты түрлі мастер-класстардың авторы. Жеке кеңесінде миллиондар алып келетін образ жасауға көмектеседі. Алтынай Ергенбай құпиясын balbal.kz сайтымен бөлісті.

Мамандығым – педагог

Сәл саласына келмес бұрын репетитор ретінде жұмыс істеген кездерім болды. Негізі мамандығым қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі.

Орамалда болғаннан соң мектепте қызмет ете алмадым. Хабарландыру беріп, одан келген клиенттерімнің үйіне барып сабақ беруге тура келетін. Кейіннен «Неге осыны кәсіпке айналдырып шағын орталық ашпасқа деген инсайт келді. Сол уақыттары балаларыммен бір бөлмелі пәтер жалдап тұратын едік. Дереу екі бөлмелі пәтерге көшіп, бір бөлмесінде балаларды оқыттым. 4000 жарнамалық қағазды түнімен көше-көшені аралап, өзім жапсырып шыққанмын. Осылай 80-90 мың теңгеге айлыққа жұмыс істеп жүрген мұғалім жеке кәсібін ашып 300-500 мың теңге тұрақты табысқа шыққан болатын.

Қалай стилист болдым?

Өзімді әрмен қарай дамытқым келіп жүрді. Құрбымның кеңесімен бір коуч-тренердің есігін қақтым. Мынадай тапсырма берген еді. Айналамыздағы таныс жандардан өз бойымыздағы қасиеттер жайлы сұрау керек болатын. Маған «тілге жүйріксің, жақсы жазасың» деген пікірлер айтылады деп күттім. Сөйтсем, барлығы талғамыма қатты қызығады екен. Бәрі «сәнқой қызсың» деп айдар тақты. Кейбірі тіпті «сырттан қараған адам киінгеніңе қарап сені миллионер деп ойлайтын шығар» деген пікір айтты. Бірақ шын мәнісінде мен ол кездері қымбат дүкендерден кейінбейтін едім. Осы жағдайлардан кейін мен ойлана бастадым. Ақыры білім жинау мақсатында стилисттің көмекшісі болып жұмысқа кіріп алдым. Кейіннен 1 апталық курсқа қатысып, «стилист-кеңесші» деген сертификат алып шықтым. Бастапқыда өзімді «стилист Алтынай Ергенбай» деп таныстыруға ұялып та жүрген кездерім болды.

Нейростилистика жайлы. Психотипіңізге қарай образ таңдаңдаңыз!

Киім адамның психологиялық жағдайына сай болып тұру керек. Іскерлік сатыдан өскісі келе ме әлде ғашығына ұнағысы келе ме, мүмкін енесіне жақсы көрінгісі келген келін шығар. Аузыңыздан айтар ойыңыз шықпай жатып-ақ киіміңіз сол сөздеріңізді жеткізіп тұруы шарт.


Мәселен, стилистикада адамдарды психотипіне қарай мынадай 4 топқа бөледі. Олар: драма, классик, романтика, спорт.


Драманың адамдары елдің назарын жақсы көреді. Өзіне сенімді образ таңдай алады. Белгілі бір ортада жұртты өзіне қарату үшін батыл түстерді таңдаудан еш тартынбайды.. Макияж жасағанда қасына баса мән беретін болып келеді. Ал, романтиктер нәзіктікті ұнатады. Аксессуарларға баса мән бергіш болып келеді. Қыздарға қатысты айтсам, макияжында көзіне көп мән береді.
Классиктер қатты көзге түсуді ұнатпайды. Барлығын уақытымен, белгілі бір реттілікпен жасағанды жақсы көретін жандар. Сол себепті олар осы мінезіне сай жинақы образға жақын болғаны дұрыс. Ал, спорт типі динамиканың адамдары. Киім таңдағанда  ыңғайлылықты бірінші орынға қойған олар үшін тиімді.

Кеңсе стиліндегі 2020 жылдың күзгі тренді

Байқаған боларсыздар, қазір оверсайз стилі сәнде. Бүгінгі тренд – заманның бетбейнесі. Қазір қыз-келіншектер іскерлік әлемде жүрсе ешкім таңқалмайды. Иықты пейджактар – басшылық, күштің белгісі. Оның бәрі біздің стилімізге әбден сіңді. Коко Шанель ерлер гардеробын әйелдер гардеробына алып келген алғашқы дизайнер еді. Пиджак, жакетті қыздарға лайықтап ұсына білді. Көбіне қырлы киімдер адамға сенімділік сыйлайды. Сол себептен кеңсе стилінде осындай киім үлгілерін жиі қолданамыз. Сондай-ақ, офистік стильде сұр, қара, көк түстермен достасқан жөн.

Гардеробты қалай жаңартамыз?

Гардеробтың 50%-ы базалық яғни сәннен шықпайтын киімдер болуы керек. Ал қалғанын жаңартып отырасыз. Маусымдық сәнге қарай, не жай қалауыңызға да байланысты. Қаладым екен деп кезіккенді ала беруге де болмайды. Үйлестіріп кие алмасаңыз, ол кетірген қаражатыңызды ақтамады деген сөз. Жан дүниеңіз бен мүсініңізге сай киім таңдаған дұрыс.

Киілмей сөреде сақтаулы тұратын киімдерден бірден құтылыңыз. Психологияның заңдылығы бойынша кеңістік қаңыраған дүниені ұнатпайды. Бос орындар міндетті түрде толығып отырады дейтін қағида бар. Сондықтан қимастық сезімін ысырып қойыңыз.

Бобби Томс осыған қатысты «Гардеробыңды өзгерт, өмірің де өзгереді» деген кітап жазған. Өкінішке қарай, бізде мәдениеттің бұл түрі аса қалыптаса қойған жоқ. Меніңше, білім ордаларында әр түрлі жағдайларға байланысты киіну үлгісін, шаш әсемдеу жағын үйрету керек. Тым құрығанда, болашақ өнер адамдарын дайындайтын академияларға осы дүние енсе деймін. Өйткені қазақ сахнасында жүргендердің көбінің талғамы нашар.

Арзан киініп, қымбат көрінудің құпиясы

Қымбат көрінерлік образ жасау үшін аксессуарларға аса мән беру керек. Аяқ киім, сөмке, сағат секілді дүниелерде баппен таңдап, бағалысын алсаңыз, арзан киімдермен қоса образ жасап көзді алдауға болады. Жаңағы айтқан базалық киімдерден ақша аямау керек. Монохромды түстер де образды қымбат көрінуіне әсер етеді.

Стилист болғыңыз келсе, берер кеңесім

Стилистикаға келгісі келетін жандар болса, теориялық білімнен бөлек практиканы әбден жетілдіру керек. Стилисттің жанында көмекші болып бастасаңыз да, қызметке кіріспей тұрып жұмыс барысына қанық болсаңыз ұтасыз. Құрбыға, анаға кеңес беру практика болып есептелмейді. Ертеңгі күні бай-дәулеттілерге киім жөнінен кеңесіңізді бергенде мысыңыз басылып қалуы әбден мүмкін. Екі жағдайды мүлде салыстыруға келмейді. Қымбат брендті дүкендерге бой үйретудің өзі біраз уақыт, еңбекті талап етеді.

Сұхбаттасқан: Асмира Ермекқызы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!