Мидың жаратылысы біз ойлағаннан да мықты. Адамзаттың ойлау қабілеті мен саналы іс-әрекеті тікелей миға байланысты. Назарларыңызға ми қызметінің ерекшелігі мен мүмкіндіктерін ұсынамыз.
Мидің үлесі
Ми біздің жалпы салмағымыздың екі-ақ пайызын құрайды. Ал мидың қан тарататын мыңдаған талшықтары ағзамыздағы оттегінің жиырма пайызын пайдаланады. Тіпті аш болған сәтімізде ми ағзадағы қоректік заттардың көптеген мөлшерін тұтынады екен. Қажетті мөлшерде тамақтанбаған бала салмағының 50%-ын жоғалтса, ми тек 15 %-ын ғана жұмсайтын көрінеді.
Мидың қанша пайызын қолданамыз?
Фантастика жанрында түсірілген «Люси» (Lucy) фильмінде адам миының он пайызын ғана қолданады дейді. Ал еліміздегі жалғыз нейробиолог Кәмила Сәлібаева мұнымен келіспейді. Оның айтуынша, кез келген адамның миы өз мүмкіндігінің жүз пайызында жұмыс істейді. Миды пайызбен өлшеу – адами әрекеттерді пайызбен есептегенмен тең дейді.
Ми сезімтал ма?
Ми ештеңе сезбейді. Оны электр тогымен тітіркендіруге, тіпті кесуге болады. Бұл мезетте адам оның ауырғанын білмейді. Сондықтан зерттеушілер электр тогын пайдаланып, зерттеу жүргізе береді. Канадалық нейрохирург У.Пенфильд науқасқа ота жасағанда ми қабығының самай жағындағы нейронға электродты тигізген. Сонда есін жоғалтқан науқас сөйлеп, өзінің балалық шағын, өмірін айтып берген.
Мидың жұмыс істейтін кезеңі
Ми ешқашан ұйықтамайды. Қалың ұйқыға батқанда миымыз тынығады деген қате пікір. Керісінше күндізгі уақыттан гөрі түнде мидың жұмыс істеу жиілігі артады.
Ми қызметіне пайдалы тамақтар
Адамның миы дұрыс жұмыс істеу үшін жақсы тамақтану керек. Ботқаны тұтынған дұрыс. Әсіресе сұлы, күріш ботқаларын таңертең жеу пайдалы. Таңертең тамақтанбайтындар миларына зиян тигізеді. Мәселен таңертең тамақтанып шыққан жүргізуші жол апатына сирек түседі екен. Сондай-ақ мидың жасушаларына майлы қышқыл мен мырыш жетіспесе, оның есте сақтау қабілеті төмендейді. Зейін салу мүмкіндігі нашарлайды. Сол үшін сарымсақты тұтынған жөн.
Артық салмақ және ми
“Time” журналында жарияланған мақаласында британ ғалымдары артық салмағы бар адамдарда ми көлемі аз болатынын айтқан. Нейрофизиолог Юрген Зандкюлердің пікірінше, артық салмақ кесірінен адам аз қимылдайды. Бұл когнитивті қабілетке де, есте сақтау қабілетіне де кері әсерін тигізеді. Орталық Еуропадағы жүрек-қантамыр ауруларынан болған өлімнің 40%-ы дұрыс тамақтанбаудан болған.
Қорылдаудың қаупі
Қорылдаудың әсерінен бас сүйектері жұқара бастайды. Бұл жұлын-ми сұйықтығының ағып кетуіне әкелу мүмкін. Қорылдау жүрек соғу жылдамдығын бұзады. Жүрек-қан тамырлары аурулары, соның ішінде инфаркт пен инсульт қаупін арттырады. Қорылдау қандағы оттегінің жетіспеушілігін тудырады, депрессия, бас ауруын және стресске түрткі болады.
Тәттіге құмарсыз ба?
Ал жақында тәттілер қант диабеті, жүрек ауруларына ғана емес, мидың жұмысына да зиян келтіретіні анықталды. Тәтті ағзаға енгенде ми мен жүрек тым белсенді жұмыс істейді. Ол денені әлсіретіп жібереді. Күйзеліс гармонының көбеюінен жүйке жасушалары өле бастайды. Есте сақтау мен ойлау қабілетінің нашарлайды.
Мидың маңыздылығы
Егер сіз тек денені жаттықтыру керек деп ойласаңыз, қателесесіз. Ағзамызға ми жауап береді. Тіпті сіз жаттықтырғыңыз келетін бұлшық етке де сигнал жіберетін ми. Сондықтан дұрыс тамақтанып, уақытылы демалуды да ұмытпайық.
Дайындаған: Тыныс Шұғыла