Біліп жүр

Еркебұлан Елжан «Apple» компаниясы ұйымдастырған байқауды қалай жеңді?

ТМД елдері арасында жеңімпаз атанған алғашқы жас өнертапқыш

Еркебұлан Елжан- Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген ең дарынды оқушылардың бірі. Ол Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы. Balbal.kz мотивациялық сайты жас өнертапқыш Еркебұлан Елжан ұсынған қосымша мен оның жетістіктерін назарларыңызға ұсынады.

Еркебұлан бағындырған белестер

2019 жылы өткізілген «Astana Innovations Challenge» байқауының, «HACKDAY ONLINE-2020» республикалық инновациялық идеялар фестивальнің жеңімпазы. Сонымен қатар «Ozen App» атты жобаның авторы. Робототехника саласы бойынша халықаралық  байқаудың алтын және қола медаль иегері.

Ауқымды халықаралық байқау

2020 жыл Еркебұлан Елжан үшін сәтті болды. Себебі ол әлемдегі ең ауқатты «Apple» компаниясының ұйымдастыруымен өткен «Swift Student Challenge» атты сайысында бағы жанды. Осымен 31-інші мәрте өткізіліп отырған халықаралық байқауға әлемнің 41 елінен милиондаған бағдарламашылар өтініш берді. Байқау осы жылдың 5-мамырында «Apple» компаниясының ресми сайтында хабарланды. Талап бойынша 12 күн ішінде қатысушы арнайы компьютерлік қосымша жасап шығару қажет. 13 жастан бастап қатысуға мүмкіндік алатын жас өнертапқыштар ортаға өздерінің креативті жобаларын ұсынып, жаңа техникаларымен бөліседі.Ұйымдастырушылар тек идеяға ғана емес, қосымшаның жұмыс істеу функциясына, құрылымына да толық мән берді. Осылайша, компания шешімімен ең үздік деп 350 қосымша таңдап алынды.

Өнертапқыш өнертабысы

Еркебұлан Елжанның ойлап тапқан қосымшасы бұл байқауда бас жүлдені қанжығалады. Байқау еркін тақырыпта өткізілді. Жас зияткер бұл мүмкіндікті пайдаланып, аутизм ауруымен күресіп жүрген балаларға арнап «Emoji Find» қосымшасын ойлап тапты. Екі күнде жасап шығарылған қосымшаның атқаратын қызметі — аутист балалардың эмоциясын тану. Оның интерфейсі балаларға қолайлы етіп ойластырылған. Қосымшаға алдын ала эмоциялар жүктеліп қойған. Яғни қолданушы қосымшаға мән берген сәтте оның эмоциясы жайында ақпарат беретін болады. Еркебұлан Елжанның бұл қосымшаны ойлап табудағы мақсаты — аутист балалардың өмірін жеңілдету, оларға қол ұшын созу, қоғамда алар орны ерекше екенін жеткізу. Еркебұлан Елжан өнертабысының озық деп бағаланғандығы үшін шексіз қуанышты. Бұл сәтте қолдау көрсетіп, жетекшілік еткен информатика пәнінің мұғалімі Қуаныш Мағауиннің үлесі зор. Ұстазының айтуынша, бұл жеңісі оқушының болашақта шетелдегі жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.

Жеңімпаздың марапаты

Компания жеңімпаздарға арнайы сыйлық үлестірді. Компания бағдарламасы бойынша жарық көрген барлық құрылғыларды бір жыл бойына тегін пайдалануға болатындығын жеткізді. WWDC конференциясы жеңімпаздарды бір арнада тоғыстырды. «Apple» компаниясының бас директоры Тим Кукпен кездесіп, шеберлік сабағын алуға мүмкіндік беретін. Дегенмен, әлемді жайпаған пандемияға байланысты жыл сайынғы дәстүр өзгеріп, барлығы онлайн форматта өткізілетін болды.

Жас өнертапқыштың мақсаты

Еркебұлан алдағы қашықтықтан өткізілетін кездесуде білімін жинақтап, қосымшаның функцияларын жетілдіруді көздейді. Сонымен қатар «App Store» және «Play Market» мобильді қосымшаларына қосу — Еркебұлан Елжанның алға қойған мақсаты. Техника, компьютерлік іске деген қызығушылығының арқасында болашағын IT саласымен ұштастырып отыр.Еркебұлан Елжан — бұл байқау бойынша ТМД елдері арасында жеңімпаз атанған алғашқы оқушы.

 

Дайындаған: Салтанат Кенжебай

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!