Біліп жүр

Атын шығару үшін жеті кереметтің бірін өртеген Герострат

Эфестегі Артемида ғибадатханасы өз дәуіріндегі ерекше ғимараттардың бірі еді

«Әлемнің жеті кереметі» жаңартылып, «Әлемнің жаңа жеті кереметі» деген тізімнің шыққанына да он жылдан асты. Адамзат салған сәулет өнері туындыларының ішінен жаңа кереметтерді анықтаудың басты себебі, көне тізімдегі нысандардан тек Мысыр пирамидаларының аман қалып, басқаларының біздің күнімізге дейін жетпегені еді. Бірі су тасқыны кезінде қирады, бірі жер сілкінісінен кейін қалпына келмеді. Арасында адам қолымен қасақана өртелгені де бар. Ол — Эфестегі Артемида ғибадатханасы.

Эфестегі Артемида ғибадатханасы өз дәуіріндегі ерекше ғимараттардың бірі еді. Б.з.б. VI ғасырда салынған нысан кезінде әлемдегі ең үлкен ғибадатхана болған. Көне грек мифологиясы бойынша, Артемида саятшылық, шұрайлылық құдайы және Жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің жебеушісі саналған. Оның ғибадатханасын салуға қаржыны Лидия патшасы Крёз өз қазынасынан бөлген. Тарихшы Страбонның дерегі бойынша, ғибадатхананың жобасын кностық архитектор Херсифрон дайындаған. Десе де, ол өз жобасын толық жүзеге асырмай бақилық болған. Кейін құрылысты Херсифронның ұлы Метаген  жалғастырған. Алайда, ол да жобаны аяқтап үлгермеген. Ғибадатхананы Пеоний мен Деметрий есімді архитекторлар салып бітірген. Бұл, шамамен, біздің заманымызға дейінгі V ғасырдың басы немесе VI ғасырдың аяғы болған екен. Ғибадатхананы алғаш көргенде Эфес халқы қатты таңғалған деседі. Деректерге сенсек, ғимарат ішіндегі мүсіндерді дайындауға көне Грекияның үздік сәулетшілері қатысқан. Ал, ондағы Артемиданың мүсіні алтын мен пілдің сүйегінен жасалған. Айта кетерлігі, ғибадатхана діни жоралғыларды өткізетін орын ретінде ғана емес, сондай-ақ, Эфестің қаржылық және іскерлік орталығы ретінде белгілі болған.

Эфестегі Артемида ғибадатханасын біздің заманымыздан бұрын 356 жылы «Атың шықпаса жер өрте» деген сөзді желеу еткен Герострат есімді адам өртеген. Тарихшы Феопомптың деректеріне сүйенсек, Герострат ұсталғаннан кейін бұл қадамға өз есімін ұрпақтар жадында мәңгілік қалдыру үшін барғанын айтқан. Қала басшылығы мен тұрғындары оны өлім жазасына кесіп, енді атын атамауды және ол туралы деректі келесі ұрпаққа жеткізбеуді серттеседі. Тіпті, ресми құжаттарға атын енгізбей «Ғибадатхананын өртеген бір есалаң» деп қана жазып қояды. Алайда, Феопомп жеткізген ақпараттың арқасында Геростраттың аты тарих бетінде мәңгілікке сақталып қалады. Қазіргі күні ел арасында «Геростраттың атағы» деген тіркес бар. Ол «мәңгілікке масқара болу» деген мағына береді.

Эфестегі Артемида ғибадатханасы кейіннен қайта қалпына келтірілсе де III ғасырда готтардың тонауына ұшырап, IV ғасырда христиандардың қолымен түбегейлі қиратылған.

 

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!