Психология
«Қазақпыз ғой»: Кездесуге кешікпеудің амалдары
Кешіккен сайын «Қазақпыз ғой» деген тіркесті сылтау етіп шаршасаңыз, Balbal порталы дайындаған кешікпеудің амалдарына назар салыңыз. Бәлкім, осы топтаманы оқығаннан кейін кездесуге дәл уақытында келетіндердің қатарынан боларсыз.
1. Сағатыңыздың санын көбейтіңіз
Смартфондағы сағатты ғана пайдаланбай, қол сағат, қабырғаға ілінетін сағат сатып алыңыз. Бәлкім, уақытқа жиі қарау кешігіп бара жатқан шағыңызда жылдамырақ қимылдауыңызға әсер ететін шығар. Сағаттардың біріне еске салғыш орнатып қойсаңыз, тіпті, жақсы.
Сағаттап кешігетіндер үшін бұл әдіс жұмыс істемейді. Ал, үнемі 5-10 минутқа қалып жүретіндерге таптырмас амал. Уақыт өте «Сағатым алда ғой, үлгеремін» дейтін сылтау пайда болмаса, әрине.3. Жиналуыңызға қанша уақыт жұмсайтыныңызды біліңіз
Кешігушілер — өз уақытын дұрыс есептей алмайтындар. Олар 5 минутта басын жуып, шашын кептіріп, киініп, сыланып үлгеремін деп ойлайды да тура шығар кезде қалбалақтап, қарбаласқа түседі. Сондықтан қанша уақытта жиналатыныңызды алдын ала білгеніңіз дұрыс.
4. Төтенше жағдайға уақыт қалдырыңыз
Уақыт тапшы кезде түрлі жағдайлар орын алып қалуы мүмкін. Түйме түсіп, шұлық тесіліп, кілт жоғалып, кептеліс сіз ойлағаннан ертерек басталып кеткен жағдайда кездесуге кешікпес үшін, үнемі 10-15 минут қосымша уақытыңыз болсын.
5. Барар жерге ертерек жетуді жоспарлаңыз
Кездесетін жерге тура уақытында бару міндет емес. Үнемі 15 минут ерте жүруді әдетке айналдырыңыз. Күтерсіз, бірақ күткізбейсіз. Тым ерте келген жағдайда уақытыңыз босқа өтпес үшін дорбаңызға кітап салып жүріңіз.
6. Басқаға алаңдамаңыз
Кездесуге жиналып жатқанда артық нәрсеге көңіл бөлмеңіз. Мысалы, жиналып болғанға дейін әлеуметтік желіге кірмей тұра тұрыңыз. Ұсақ-түйектер сіз ойлағаннан да көп уақыт алады.
7. Күткен тарапқа сыйлық сыйлаңыз
Өзіңізбен бәстесіңіз. Кешіксеңіз, күткен тарапқа сыйлық алып баруды әдетке айналдырыңыз. Бұл қатеңізді жуып-шаюға көмектеседі және екінші жақтың көңілін көтереді. Содан кейін өз қалтаңызды ойлап, уақыт өте кешікпейтін боласыз.
8. Күн тәртібін қалыпқа келтіріңіз
Күн тәртібін дұрыс құрсаңыз, оның пайдасы көп. Таңнан кешке дейінгі әр минутыңыз құнды екенін түсінесіз, уақытыңыз бекер кеткенін қаламайтын боласыз және жұмыстарыңыз алға басады.
9. Алдын ала жиналыңыз
Кездесуден бір күн бұрын киіміңізді, өзіңізбен алатын заттарыңызды дайындап қойсаңыз, көп нәрсеге үлгеретініңіз анық. Тіпті, «Кеше дайындап қойғаным дұрыс болған екен» деп, өзіңізге риза боласыз.
10. Қосымша жұмыстар күте тұрады
Үйден шығар кезде қырсыққандай істейтін шаруа да көбейіп кетеді. Қатты шұғыл болмаса, соларды кейінге қалдырғаныңыз жөн. Өйткені кездесуге кешікпеу — өте маңызды.
11. Өзіңізді күтуші тараптың орнына қойыңыз
Әдетте, кешігетіндер өздерін ғана ойлайтын жандар. Оларды екінші тараптың алтын уақыты алаңдатпайды. Ал, сіз күтуге тұрарлық жансыз ба? Кездесуге уақытында келген адам 15 минуттан кейін кетіп қалса, ренжуге құқыңыз бар ма?
12. Сылтау іздемеңіз
Іздеген адамға сылтау үнемі табылады. Анау бүйтіп қалды, мынау сөйтіп қалды… Айта берсең, көп қой. Бірақ, қателікті мойындаған да ерлік. Сылтау айтуды қойсаңыз, кешігуіңіз де азаяр.
13. Өзіңіздің шамаңызды біліңіз
Кездесулер ұйымдастырғанда да шамаңызға қараңыз. Бірнеше кездесу ұйымдастырар кезде уақытты дұрыс есептеңіз. Кездесудің созылу ықтималдығы, кептеліс секілді дүниелерді ұмытпаңыз.
14. Кешікпейтін, кешігетін жерлердің тізімін жасаңыз
Сіз қай жерлерге жиі кешігесіз? Ал қайда мүлде кешікпейсіз? Сол орындардың тізімін жасап, салыстырып көріңіз. Екеуінің де себептерін анықтаңыз. Неге бір жерге кешіктіңіз, екінші жерге кешікпедіңіз? Осы сұрақ төңірегінде ойланыңыз.
15. Өзіңізден бастаңыз
«Бәрі кешігеді, мен де кешіге салайын» деген ойды қойып, ортаңызға әсер етуге тырысыңыз. Кешікпеңіз, басқалардан да соны талап етіңіз.