Өмірлік мәні бар мысалдар даналыққа үйретеді, күрделі сұрақтарға қарапайым жауаптар береді. Және мінез-құлқыңыз бен айналаңызда не болып жатқанын қайта қарастыруға көмектеседі. Әлемге өзгеше қарау үшін ерінбей оқып шығыңыз. Өз керегіңізді табарыңызға сеніміміз мол.
Өнімсіз еңбек ету туралы мысал
Аңшы орманды кезіп жүріп бір отыншыға тап болады. Ол қызу жұмысқа кірісіп, құлатқан ағаштарын бар күшімен аралап жатыр екен. Жұмысқа берілгені соншалық, үсті-басы қалың терге малшынған. Осыншама тер төгіп жатқан адамның жұмысы не себепті баяу жүріп жатқанын білмекке ұмтылған аңшы оның жанына жақындайды. Жақындай келе себебін де түсінген сияқты.
— Сіздің араңыздың тістері өткір емес қой, — деді орманшы. — Аздап жүзін өткірлеп алсаңыз болмай ма? — деп сөзін жалғады.
Отыншы қасынан өтіп бара жатқан адамға таңдана қарап: — Мұныңыз не! — деп дауыстап жіберді.
— Менің оны өткірлеп отыруға мүлдем уақытым жоқ, әлі 20 ағашты аралауым керек, — деді отыншы маңдайынан терін сүртіп жатып.
Ол аңшының сөзін ары қарай құлағына да ілген жоқ. Таңнан бері айналысып жатқан жұмысына қайта кірісті.
Түйін: тынымсыз еңбек ету — ол әрине жақсы. Бірақ арасында, көп тер төгіп жатсаңыз да еңбегіңіз не себепті өнімді емес екендігіне зер салғаныңыз дұрыс болар. Тіпті, болмашы нәрсенің өзі сіздің жұмысыңызды баяулатуы мүмкін. Сол себепті босқа күш жұмсағанша, кішкене ақылыңызды іске қосыңыз. Сол кезде жұмысыңызды тез әрі сапалы орындай аласыз.
Аула сыпырушы туралы мысал
Бір кісі «Microsoft» компаниясына аула сыпырушы болып жұмысқа орналасуға келіпті. Кадр бөліміндегілер оған бірнеше сұрақ қойып, тест тапсырмаларын беріп:
— Құттықтаймыз! Сіз жұмысқа қабылдандыңыз. Өзіңіздің e-mail поштаңызды қалдырыңыз. Біз сізге жұмыс кестесі туралы хабарлама жібереміз, — дейді.
— Негізі менде e-mail-ді айтпағанда, тіпті компьютер де жоқ, — деп мойындайды.
— Онда кешірім өтінеміз! Онда біз сізді қызметке орналастыра алмаймыз. Сіз виртуальді жүйеде жоқ екенсіз. Ал «Microsoft» компаниясының қызметкерлеріне жұмысты тиімді ету үшін e-mail арқылы байланысып отырамыз, — деп шығарып салады.
Болған іске қайран жоқ. Ол компьютер сатып алу үшін ақша табудың жолын ойластыра бастайды. Қалтасында — 30$ бар. Ол ақшаға фермерлерден 10 кг алма сатып алады. Көшенің адамдар ең көп жүретін тұсына келіп әлгі алмаларды сата бастайды. Бірнеше сағаттың ішінде оның ақшасы екі есеге көбейеді. Кейін бірте-бірте саудасы жақсы жүріп, табысын 10 есеге ұлғайтады. Оған: «Осындай қарқынмен жұмыс істесем, ешкімге де жалданбай-ақ қойсам болады екен ғой», — деген ой келеді.
Арада бірнеше жылдар өтеді, ол астына көлік сатып алып мінеді. Сосын шағын дүңгіршек ашады, кейін оны дүкенге айналдырады. 5 жылдың айналасында супермаркеттер желісінің иесі атанады. Күндердің күні бизнесін сақтандыру үшін агенттікке келеді. Ал сақтандыру агенті тиімді ұсыныстар болса жіберіп отырамыз деген желеумен оның e-mail поштасын сұрайды. Ал ол болса бұрынғы жауабын қайталайды.
— Менде e-mail поштасы да, компьютер де жоқ!
— Таң қаларлық! — деп сақтандырушы басын шайқайды. — Сондай үлкен кәсібіңіз бола тұра, жеке компьютеріңіз жоқ! Егер сізде компьютер болса, қандай нәрселерге қол жеткізер едіңіз?! — деп таңданысын жасырмайды.
Сол кезде ол:
— Онда мен «Microsoft» компаниясының жай ғана аула сыпырушысы болатын едім, — деп жауап қайтарады.
Түйін: егер қолыңызда бір зат болмаса, бәлкім оның сізге керегі де жоқ шығар?
Ең маңызды сұрақ туралы мысал
Бұл күні ақылдасып алғандай барлығы ұстазға бір ғана сұрақ қойыпты: «Өлгеннен кейін не болады?».
Ұстаз жылы жымиыпты да, ештеңе деп жауап берместен жүре беріпті. Сосын шәкірттері не себепті оның жауап беруден қашып жүргенін сұрапты.
— Ақыретті тек бұл өмірде не істеу керектігін білмейтін адамдар ғана сұрайтынын байқадыңыздар ма? Оларға мәңгілік жалғасатын тағы бір өмір керек, — деп жауап беріпті ұстаздары.
— Сонда да, өлгеннен кейін өмір бар ма? — деп бір шәкірті сұраудан жалықпапты.
— Өлімге дейін өмір бар ма? Міне, ең маңызды сұрақ қайда жатыр, — деген екен Ұстаз.
Үш дос туралы мысал
Бір күні үш дос бірігіп, құрылыста еңбек етіпті. Жұмыстың ауырлығы соншалық, күн сайын қатты шаршайтын көрінеді. Сонда өтіп бара жатқан адамдар «Не істеп жатсыңдар?» деп сұрайды екен.
Үш достың біреуі: «Мен жай уақытымды өткізіп жүрмін», — деп терін сүртіпті. Екіншісі болса: «Маған ақша табу керек. Сол себепті ерінбестен осы жерде еңбектеніп жүрмін», — деп жауап беріпті. Сосын олар үшіншісінің жауабын білмек болып сұрағанда, үшінші жігіт:
— Осы жерге ең әдемі ғимарат салып, іші адамдарға толып, оларға шын мәнінде қуаныш сыйлағанымызды көргім келеді, — деп алысқа көз тастапты.
Түйін: бір іске үш адам, үш түрлі көзқараспен қарайды. Тек өзін ғана емес, өзгелерге де қуаныш сыйласам деп жұмыс істеген адам ғана шынайы бақытқа бөленеді.
Дайындаған: Маржан Сәбет