Психология

Өмірді өзгерту өзіңнен басталады

Бірде гүл сатушы қыз қолындағы раушан гүлдерін түгел сатып болған соң үйіне қайтуға қамданады. Қараса, себеттің түбінде бір тал раушан гүлі қалып қойған екен. Гүл сатушы қыз ойланбастан жолдың қарсы бетінде күні бойы қайыр тілеп отыратын тілемшіге осы соңғы гүлді сыйлап, өз жөніне кете барады.

Қайыршы аң-таң… Ол адам болып дүние есігін ашқан күннен бері мұндай жағдайға жолықпаған. Жолығып көрмек түгілі, хор қызындай арудың өзіне гүл сыйлайтынын үш ұйықтаса да армандамаған-ды. Бұл жағдай қайыршыға ерекше әсер етті. Ол өмірінде біреуді сыйлап, алақанында аялап, шынайы сүйіп көрмеген еді. Сол үшін де өзгенің өзін сүйіп, аялауынан үміттенбейтін. Ол бүгінгі оқиғаны іштей ғажайыпқа балады.

Гүлді қолына алып, қуанышы қойнына сыймай қала маңындағы аядай лашығына қарай аяңдады. Үйіне келген соң сынық құмыра тауып, оған су толтырып, гүлді салып қойды. Ол үн-түнсіз гүлге ұзақ қарап отырды. Өзі жаңа ғана тауып алған лас құмыраның әдемі гүлдің сәнін кетіріп тұрғанына ашуланды. Кенет орнынан тұрып, әлгі құмыраны жуып, тазалап, мөп-мөлдір су құйып, гүлді қайта салады. Ол іштей: «Мұндай әдемі гүл қалайша кір-кір құмырада тұрады екен? Міне, мен оны жуып-тазалап қойдым», — деп масаттанды. Қайыршы әсем гүлге тағы құмарта қарап отырады. Ол ақырын қозғалып келіп, гүл құмырасы тұрған үстелді қолымен сипап қарап еді, шаң-тозаңнан көрінбей қалыпты. Әсем гүлдің тұруына бұл үстел лайық емес деп ойлап, үстелді де жуып, айнадай етіп қояды.

Гүлге құмарта қараған сайын, таза үстел мен нарттай қызыл раушан салынып тұрған мөлдір құмыраға мына былыққан лашық мүлдем сай келмейтін сияқты болып көрінді. Ол бар пейілімен өзінің жылдар бойы тұрып келе жатқан күркесін жинастырып, шаңын сүртіп, тазалап әбігерге түсті. Тап-таза етіп жинағаннан соң, өзінің үнемі үңірейіп тұратын бөлмесіне жылулық еніп, жайлылық орнағанын байқады. Алғаш рет жайлы өмірдің адам жанына осыншама қуаныш сыйлап, бақытқа бөлейтінін сезінді.

Ол бөлменің дәл ортасында тұрып, бұрыштағы сынық айнадан өзінің ұсқынсыз кейпін көрді. Шашы өскен, киімінің алба-жұлбасы шыққан, үсті-басы лас, денесінен жағымсыз иіс мүңкіп тұр. Қызыл шырайға бөленген раушан гүліне, таза үстелге, мұнтаздай етіп жиналған лашыққа өзінің осынау ұсқынсыз түрінің мүлдем келіспейтінін тағы байқады. Дереу осы күнге дейін қайыр тілеп тапқанын алып, жуынуға кетті. Жұқа болса да таза киім сатып алды, сақал-мұртын қырды, шашын тарап ретке келтірді. Өмірінде дәл бүгінгідей рахаттанып көрмеген шығар. Киімдерді үстіне өлшеп жатып айнадан мүлде басқа адамды, жастық оты жалындаған келбетті жігітті көрді. Сосын: «Мен не үшін қайыршы болып өмір сүруім керек?», — деп өзінен сұрады. Ол өмірінде бірінші рет өзіне осындай сұрақ қойып тұр еді. Жігіттің рухы әп-сәтте көтеріліп шыға келді. Ол үйіне келіп мұндағы барлық дүниеге соншалықты риза пейілмен сүйсіне қарады. Екінші күннен бастап қайыршылықтан бас тартып, басқа жұмыс іздеуге кірісті. Жолы болғыш екен, жайлы жұмыс та табыла кетті. Күндер зулап, жылдар жылжып жатты. Кешегі қайыршылықпен күн кешкен өмірі артта қалды. Қажырлы еңбегі мен алға қойған мақсатының арқасында мол табысқа кенелді. Үлкен компания құрып, қалталылар қатарына қосылды.

Ия, адам жас күнінде өз ішкі әлеміндегі түнекке тұншығып, өмірінің көркем көкжиегін көруден мақұрым қалмауы керек. Адам баласы өзіне тиесілі раушан гүлін тапқанша, теңізде бағдарсыз малтыған дәрменсіз сушыға ұқсайтын сияқтанады.

Өзіңізге кішкентай өзгеріс жасаңыз. Сіз өзгерсеңіз, сіздің әлеміңіз де өзгереді. Өмірдегі барлық мүмкіндікке қол жеткізу тек өзіңізге ғана байланысты. Басыңыздан арылмайтын қиындық пен кедергілер үшін ешкім кінәлі емес. Өмірдің дұрыс бағытын таңдау да өз қолыңызда. Бүгіннен бастап өмірге өзгеше көзқараспен қараңыз. Өмірді өзгерту өзіңізден басталады. Тек соған кішкентай мейірімділік себепші болу керек. Мейірімді болыңыз. Егер раушан гүлін тапқан болсаңыз, оны басқаларға да сыйлаңыз.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!