Кітап
Қуаныш Шонбай оқуға кеңес беретін 7 мотивациялық кітап
Қуаныш Шонбай табысты кәсіпкер, танымал ресторатор.
Қуаныш Шонбай оқуға кеңес беретін мотивациялық кітаптардың топтамасын назарларыңызға ұсынбақпыз. Кітаппен достасып, табыс сырын еселеген кәсіпкердің «Екінші болма», «Құпия» атты кітаптары бар екені қалың оқырманға белгілі.
Автор «Екінші болма» кітабында: «Ізденіс жолында жүргенімде Бодо Шефер, Роберт Кийосаки сияқты авторлардың кітаптары қолыма бірінші болып түсті. Олар шынында да мықты мотивация береді, болашаққа сенім сыйлайды. Ертеңгі өмірің қандай болатынын әдемілеп суреттеп береді. Аптасына бір кітап оқимын деп нысана қойған адам, ең азы, бір жылда елу кітап оқиды. Бір сала бойынша кітаптарды үздіксіз оқу әдетке айналса, бірнеше жылда сен сол саладағы сарапшы болып шығасың» деп жазады.
Сонымен болашағыңды бағдарлап, әр парағы табысқа жетелейді деген сеніммен Қуаныш Шонбай қандай кітаптарды ұсынады?
1. Теодор Драйзер «Финансист»
«Финансистің» басты кейіпкері Френк Каупервудтың тұлғасына, іс-әрекетіне қарап, өзіңе образ қалыптастырасың, «осы сияқты болмайыншы» дейсің. Кітапты оқып, образ қалыптастырудың тағы бір жақсы жағы — ол образды, форманы өз көзіңмен көресің, түйсігіңмен сезінесің. Ол қатып қалған образ емес, оны өзің ойыңнан құрастырасың.
Романның оқиға желісі 19-шы ғасырдың екінші жартысында АҚШ-та өрбиді. Қарапайым адамдар үшін түсініксіз болып келетін қаржы әлеміндегі «қозғалыстардың» барысы баяндалады. Сонымен қатар ақылды адамдардың аз ақшаның көмегімен мол табысқа жету жолдары суреттеледі.
2. Вик Джонсон «52 дүйсенбі. Бір жылда кез-келген мақсатқа қалай жетуге болады» (52 понедельника. Как за год добиться любых целей)
Егер бүгінгі күнге дейін есептесек, соңғы бір жылдың ішінде қандай жетістіктерге жеттіңіз? Бәлкім өміріңізге сабақ болған оқиғаларды да еске алатын боларсыз? Қаншама қателік жасадыңыз, қандай жеңістерге жеттіңіз, нені жоғалттыңыз? Бізде сұрақ көп, сізде де жауаптар әр қилы. Бір жылдың ішінде өмір аумалы-төкпелі, қызық пен шыжыққа толы болуы заңды.
Иә, бұл мақсатқа жетудің жолдарын анық көрсететін кітап. Кітаптың өзіндік ерекшелігі бар. Барлық құралдар, идеялар мен әдістер белгілі бір дәйектілікпен жазылған. Кітаптың оқырманы әр дүйсенбі сайын жаңа құралмен танысады. Сонымен қатар, кітапта әңгіме мен жаттығулар (техникалар) шеберлікпен байланыстырылған.
3. Бернард Рос. «Мақсатқа жету әдеті» (Привычка достигать)
Бернард Рот бұл кітабында ірі жобалармен жұмыс істеу үшін дизайнерлік ойлаудың көмегімен өз өміріңде оң өзгерістерге қалай қол жеткізуге болатындығын айтады. Ол өмірдегі қиындықтарды жеңуге және мақсаттарды жүзеге асыруға көмектесетін әңгімелер, ұсыныстар, жаттығулар мен идеялармен бөліседі.
Кітапты оқыған адам:
- босқа әрекет етуді доғарып, нақты іске кіріседі;
- сылтаулар мен ақталулардың сәтсіздікке ұшырайтынын түсінеді;
- мақсатқа жету жолында тұрған кедергілерді елемеуге үйренеді.
4. Регина Бретт «Керемет бол. Мүмкін еместі жасауға көмектесетін 50 сабақ» (Будь чудом. 50 уроков, которые помогут тебе сделать невозможное)
Менің қолымнан түк келмейді, мен өзгелерге көмектесе алмаймын деп ойлайтын болсаңыз, қатты қателесесіз. Қатып қалған заңдылықтар мен орнықты қағидалар жоқ. Барлығы адамның өз қолында. Кітаптың авторы Регина Бретт — танымал америкалық журналист, рак ауруын жеңіп шыққан қайсар әйел.
Кітапта әрқайсысы өмірлік сабақ болатын 50 әңгіме берілген. Әңгімелердің барлығы бір-біріне ұқсамайды. Бірақ барлығын біріктіретін күш — мүмкін еместі мүмкін ету! Әр әңгіме шабыттандырады, тіпті көзіңізге жас алуыңыз мүмкін.
5. Мейсон Карри «Данышпанның уақыты. Ұлы адамдардың күн тәртібі» (Режим гения. Распорядок дня великих людей)
Шығармашылықпен айналысатын адамдар қалай жұмыс істейді? Күнделікті күйбең тіршілікте шығармашылыққа қалай көңіл бөледі? Кейде ойға алған ісіңе уақыт жетпегенде ұйқыңды қиюға, табысыңды құрбандыққа шалуға, тұрмысыңды қараусыз қалдыруға бола ма?
Осы және өзгеде сұрақтардың жауабын білу үшін Мейсон Карри 161 танымал тұлғаның күн тәртібін зерттеп шыққан. Ол зерттеген белгілі адамадардың ішінде Бетховен және Кафка, Жорж Санд пен Пикассо, Вуди Аллен мен Агата Кристи, Лев Толстой мен Чарльз Диккенс, Джон Апдайк пен Харуки Мураками сынды танымал тұлғалар бар.
6. Коносуке Мацусита «Сенің жолың» (Твой путь)
Бойыңда шабыттандыратын арман болсын. Тау-тау болып үйілсе де, қиындықтардан қашпа! Мәселелермен бетпе-бет келу — жеңістерге жетелейді. Бұл Коносуке Мацуситаның өмірлік қағидалары. Өзі өмірден өтсе де, әлі күнге дейін менеджменттің гуруы атанған кәсіпкердің өмір жолы барлығына қызық.
Жаһанға танымал Panasonic корпорациясының негізін қалаушы Мацусита байлықты жинауды түпкілікті мақсат ретінде емес, өмір жолы сипатында көрді. «Сенің жолың» кітабында Мацусита өзінің даналығымен бөліседі және өмір бойы кездесетін құбылыстардың мәнін түсінуге үйретеді.
7. Дэниел Канеман. «Асықпай ойлан… Тез шешім қабылда» (Думай медленно… Решай быстро)
Осы уақытқа дейін сан мыңдаған психологиялық кітаптарды оқып тауысқан боларсыз. Тіпті олардың бір-бірінен айырмашылығы жоқтай көрінуі заңды. Алайда бұл кітапты ең алғашқы кітаптардың бірі деп атауға болады. Өйткені бұған дейін білмеген жайттарды кітаптан таба аласыз.
Адамдарда ойлаудың екі жүйесі бар: баяу (ақылға қонымды) және жылдам (автоматты). Д.Канеман қарапайым және түсінікті мысалдармен (түрлі психологиялық тәжірибелермен) бұл жүйелердің бір-бірімен қалай әрекеттесетінін, адамның мінез-құлқын қалай анықтайтындығын көрсетеді.
Материал Қуаныш Шонбайдың рұқсатымен «Екінші болмада» жиі айтылған кітаптар негізінде дайындалды.
Дайындаған: Маржан Сәбет