Миллионер

Камила Әділхан. «Look by Kamila»-ны табысты еткен факторлар

Камила Әділхан инстаграмға қызыққандар үшін жаңадан курс бастамақшы

«Камила Әділхан есімді блогерді қалайша танымайсың?» деп сөгуге дайын тұрмаңыз. Balbal.kz сайты Камила Әділханды сізге блогер ретінде емес, бизнесвумен ретінде жақынырақ таныстырмақшы. 3 курсында жүріп-ақ өз бизнесін бастаған әдемі келіншектің әдемі әңгімесіне құлақ түріп, жетістік құпиясына қанық болыңыз.

Камила Әділхан:

Камила Әділхан
Камила Әділханның жеке мұрағатынан

874 000

Осыншама адам инстаграмда отырып менің өмірімді бақылайды. Аузымнан шыққан әр сөзге құлақ тосатын, жасалған әр іс-әрекетімнен мән мен мағына іздейтін адамдардың көп болғаны көңіл қуантады. Көбісі мені «Қалаулым» шоуының қатысушысы ретінде таниды. Аталмыш бағдарлама менің мерейімді асырып, танымал еткенін мойындау қажет. Алайда «Қалаулымға» дейін мен өз өмірлік бағытын айнымай тапқан тұлға болып қалыптасып қойғанмын. Бүгінгі оқиғамды айтпас бұрын өткен шаққа оралуға рұқсат етіңіздер.

140 000 теңге

4-ші сыныптан бастап анам мені өнерге баулыды. Домбыра үйірмесіне, би, сурет салу сабақтарына қатыстырды. Менің мың бұралып би билей алуым, домбырада ойнауым, сурет салуым анамның арқасы. Анам сурет салуға қабілетті емес қызының шимайларын мақтап, оларға сүйсіне қараудан шаршамады. Биге икемі жоқ қыздан кәсіби биші жасады. Жоғары оқу орнының 2-ші курсында жүргенде той бизнесіне араласа бастауым бишілігіммен байланысты болды. Тойға шығып өнер көрсететін шоу-балеттің құрамына кірдім. Ал бір жылдан соң бөлініп шығып, өз шоу-балет труппамды құратын кез келді деп шешім қабылдадым. Бірақ анам болмаса, ойым іске аспаушы еді. Себебі бизнес бастауға қажет алғашқы қаражатты анам тауып берді. Сөйтіп 4 қызға 16 көйлек тіктіртіп алғашқы ісімді бастап кеттім.

Күндіз оқу, түнде той…оңай болмағаны анық. Университеттің өмірінен тыс қалмадым, барынша белсенді болдым. «ҚазБСҚА-ның» миссі атанып, «Алматы миссіне» жолдама ұттым. Бәрі қарбалас болып кеткендіктен анам бишілікті тастауымды өтінді. Мақұл көрдім. Сол кезде мені байқаған сұлулық конкурсының бір мүшесі «Қалаулымға» қатысуға ұсыныс тастады.

                                                          500 000 адам

Инстаграмның қыр-сырын үйренейін деп арнайы SMM курстарына қатысқан емеспін. Қазір ойланып қарасам, мен ол кезде «постты қалай жазу керек?», «қандай уақытта жазу қажет?», «күніне қанша пост шыққаны тиімді?», «сториздің пайдасы қандай?» деген сұрақтардың жауабын білмеппін. Бүгінгі күні инстаграм парақшаның ауқымын кеңейту үшін күніне бірнеше пост шығарып, бар білгеніңмен бөлісіп отыру, сториздерді жиі шығару ең тиімдісі дейді. Тіпті осы инстаграмдағы танымалдылық құпиясы турасында жария көрген кітаптар бар. Солардың бірін қолыма алып парақтап шықтым. Шынымды айтсам, мен мұның бәрін білмей жасадым. Уақыт өте келе оқырмандарымның көбейе бастағанын байқадым. Бірде анам маған инстаграмды белсенді болуды жалғастыруымды, жақсы-жақсы жазбалар жариялауымды өтінді. Көңіл бөліп өсірген ағаштың түзу өсіп, бір күні бүр жаратынын меңзеді. Содан бері инстаграмды уақытша ермек емес, хоббиімнің бірі деп қабылдай бастадым.

Инстаграм арқылы пайда табудың бірден бір жолы – жарнама. Өз басым инстаграмымды дамыту арқылы жарнама жасап күн көре бастадым. Бірақ жарнамалаудың қиын жұмыс екендігін айта кеткім келді. Мен ол кезде жарнама жасалған соң тапсырыс берушінің үміті ақтала ма, оқырмандарым оның клиенттеріне айнала ма деп кәдімгідей уайымдайтынмын. Сондықтан әр жарнамаға жіті көңіл бөліп, жарнамалаудың креативті идеяларын ойластыратынмын. Қазіргі күні салонды жарнамалап, қызметін тегін алғанша ақша төлеп бара салғаным мен үшін тиімдірек. Өйткені жарнама біршама уақытқа созылатын ой жұмысын талап етеді.

6 қаңтар

Дәл осы күні қыз-келіншектерге қолжетімді бағада сәнді киім ұсынатын @Lookby_Kamila бутигі өз есігін айқара ашқан болатын. Дүкеннің жұмысы жақсы жүргендігін мақтанышпен еске аламын. О баста 600 000-700 000 теңге көлемінде ақша құйдым. Ойланып қарасам, ең көп қаражатты да мен осы бизнес түрінен тауыппын. Алайда киім-кешу кез келгеннің оң жамбасынан келе қоятын кәсіп емес. Неге дейсіз бе? Сіздің өз стиліңіз қалыптасып үлгермесе, өзгелерге де сәнді киіну бойынша кеңес бере алмасаңыз, сән әлемі жаңалықтарынан хабардар болмасаңыз, жалпы ондай ақпаратқа мән бермесеңіз, киім сату бизнесіне жоламаңыз. Ал егер бәрі керісінше болса, жұмысыңыздың алға басуы әбден мүмкін.

«M» және «L»

Талғам мәселесіне келгенде кімнің не киетіні жайлы білу аздық етеді. Өз басым басында қыз-қырқынның бәрі өзім сияқты «S», «XS» өлшемді деп ойлаппын. Уақыт өте келе стандартты яғни көбісі киетін өлшем түрі «M» және «L» екенін білдім.

Жолдасбеков 9а

Бутик не дүкен ашарда орналасу мекенжайына қатты мән беріңіз. Ол кезде менің инстаграм парақшамда 500 000 оқырман болғандықтан, локация мәселесіне мен қатты мән бермедім. Сататын киімді киіп, оны өзім жарнамалағандықтан қыздар қандай түкпірде орналасса да іздеп келетін. Ал егер сіз ондай танымалдылыққа ие болмасаңыз, халық көп жүретін жерлерді зерттеп шығыңыз. Бір бұрышта емес, іздегенге оңай табылатын локацияға ақшаны аямаңыз.

Басында ол дүкенде өзім сатушы боламын деп жоспарладым. Алайда жақындарыммен ақылдаса келе сатушы алғаным дұрыс болады деген тоқтамға келдім. Бұл шешімнің дұрыс екендігін уақыт көрсетті. Көбісі мені инстаграм арқылы танығандықтан, менің жүріс-тұрысыма қызыққандықтан дүкен жайлы естіп жататын. Ал олар киім іздеп дүкенге келгенде мені көрулері арамыздағы дистанцияның бұзылуына алып келуші еді. Ал бұл болса, блогерлікке де, бизнеске де кері әсерін тигізер ме еді?! Сондықтан да мен барынша абай болуға тырыстым.

Ал егер сіз жоғарыда айтылғандай блогер болмасаңыз, сатушы болғанда тұрған дәнеңе жоқ. Кәсіп иесі сияқты дүкенге жаны ашитын сатушы болмайтындығы баршаға аян шындық. Ешкім сіз сияқты зыр жүгіретін шапшаң, әңгімені жарастыра отырып көбірек тауар сататын сатушы бола алмайтынды. Сондықтан да бизнесім тезірек көтеріліп кетсін десеңіз, ең бірінші өзіңіз білек сыбанып жұмысқа кірісіңіз. Уақыт өте келе жұмысыңыз алға басады, міне, сол кезде сатушы алуға тура келеді.

@Lookby_Kamila

Камила Әділхан
Look by Kamila бутигі

@Lookby_Kamila – бүгінгі күні тек онлайн форматта ғана бар. Тұрмысқа шығып, келін атанған соң инстаграмға бұрынғыдай көңіл бөлмейтін болғанмын. Бутик ұстау тіпті қиындай түсті. Сондықтан жабуға тура келді.  Онлайн дүкен де әзірге тайм-аут алды. Бірақ мұным селқостық емес. Ұзақ жылдар бойы күндіз оқу, кешке жұмыс деп ұйқысы қанбай жүрген блогер қыздың уақытша үзіліс алуы деп қабылдаймын. Ал қазір сәби күтіп жүргендіктен бар махаббатымды, уақытымды, назарымды балама арнағым келеді.

Тоғыз ай тоғыз күннен кейін аман-есен босанып алған соң инстаграмға көңіл бөлуді қайтадан қолға аламын деп отырмын. Көңіл бөлуім жазбаларды жиі салуым емес. Үйде отырған қыз-келіншектердің инстаграм арқылы табыс табуына септік еткім келеді. Көбісі әлі де инстаграмға құр уақытын өлтіру үшін кіреді. Біреудің өміріне қызығып, жеген тамаған, барған жерін тамашалап отырады. Олар инстаграм арқылы табысты болуға болатындығына сенбейді. Мен мұның мүмкін екендігіне көздерін жеткізуді армандаймын. Қалыптасып үлгерген қасаң қағиданы бұзуды ниет етіп отырмын.

82 200

«Инстаграмым бар, алайда мен ол жерде не туралы жазсам болады?», «Менің жазғаным кімге қызық?», «Қолымнан ерекше не келеді?» деп бас қатыратындар көп екенін білемін. Мен инстаграмды жаулауды енді ғана қолға алған адамдарға блогерлік кез келген адамның қолынан келетін дүние екендігін баса назар аудартып айтқым келеді. Мысалы, менің анамның инстаграм ашқанына көп болмады. Бала тәрбиесі туралы мотивациялық жазбалар жариялап жүр. Қазір 82 200 оқырманы бар. Әр қазақтың анасы тәрбие туралы сағаттап мағыналы әңгіме айта алатынына сенімдімін. Демек елуде де, алпыста да блогерлікті бастау кеш емес. Әр қазақтың әйелі дәмді тамақ пісірудің шебері деген үміттемін. Ендеше тамақтың қалай жасалатындығы туралы видеолар ең көп лайк-лүпіл жинайтындығынан хабардар болыңыз. Әр студенттің өмірі қызық пен шыжыққа толы. Жатақханада тұратындардың тіпті әңгімесі қызық. Онда соның бәрін қалжың араластырып неге инстаграм парақшаға шығармасқа?!

                                                 @Almagulasubaeva

Анам жайлы әңгіменің шет жағасын айтып қалдым. Анам әркез қолдау білдіріп, шабыттандырып отыратын мотиваторым. «Мынау өмір ғажайып!», «Сенің қолыңнан бәрі келеді», «Жасап көр» деп анам үнемі мотивация беретін. Әйтпесе мотивациялық не психологиялық семинар-тренингтерге барып көрмеппін. Ішкі сырыңды тыңдайтын, сенің болашағыңа сенім артып, кез келген жағдайда қол ұшын созатын ата-ананың болуы кез келген баланы табысты ететін фактор. Сондықтан осы орайды пайдалана отырып анама барша жақсылығы үшін алғыс айтамын.

Жалғасы бар…

Келесі материалда Камила Әділхан қаржы сауаттылығы бойынша әңгіме қозғайды.

Сұхбаттасқан: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

2 пікір

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!