Armani брендінің сән әлемінде өзіндік орны бар. Аталмыш брендтің негізін қалаушы дизайнер Джорджио Армани. Armani тек қана талайлардың арманына айналған дизайнерлік бренд қана емес, сонымен қатар табысы 3,3 миллиард доллардан асатын ірі компаниялардың бірі. Алайда қанатын кеңге жайған алып империяның бірден құрылмағанын еске сала кетейік. Джорджио Армани өзінің жеке топтамалары көрсетілген Armani сәнді киімдер брендін тек 40 жасқа толғанда ғана жүзеге асырды.
Яғни компания 1975 жылы құрылды. Ол кезде Джорджио Армани сән әлемінде біраз тәжірибе жинақтаған білікті маман болатын. Оған дейін киім сатушы, кейін дизайннер Нино Черчуттидің көмекшісі болып жұмыс істейді. Алайда 30 жастан аса бастаған кезде, біреуге тек көмекші болып жүре беру аздық ететінін түсінеді. Осылайша өз арманын жүзеге асырудың сан мың жолын қарастыра бастайды.
Досы, серіктесі Серджио Галеоттидің оның бұл бастамасына қолдау көрсетті. Джорджио кәсібін бастамас бұрын астындағы көлігін сатып, оған арнайы кеңсені жалға алады. Осылайша Armani сән үйі дүниеге келеді.
Кез келген италяндық отбасыда ұл балалар дүниеге келсе, міндетті түрде дәрігер немесе заңгер болуы керек деген қағида қалыптасқан. Джорджио Арманидың да әкесі дәл солай армандады. Сол себепті баласын Милан университетінің медицина факультетіне оқуға түсірді. Алайда арада ұзақ уақыт өтпестен, медицина оның қалауы емес екендігін түсіне бастайды. Сөйтіп 1957 жылы Италияның ірі дүкенінде әрлеуші болып жұмыс істейді.
Джорджио Армани дизайнер ретінде бірден қалыптаспаса да, сән әлеміне үлкен өзгерістер енгізді.
Ерлерге арналған костюмдер «төртбұрышты» болу керек деген заңдылықты өзгертті. Ол өзінің сән әлемін құрды. Сонымен қатар костюмдердің классикалық түстерін сұр және жасыл-қоңыр реңктерге алмастырып, іскерлік стильді қалыптастырды. Бұл ерлер киімдерінің тарихында болған өзгешелік еді. Тіпті жеңіл күртешелерінің өзі сұранысқа ие болды. Ал 1980-90 жылдары барлығы Armani-дің киімдерін кие бастады. Сәннен қалмауды жақсы көретін жастар үшін Armani-ден киіну трендке айналды.
«Өз идеяңызға адал болыңыз. Күшіңізді жинап, күндіз-түні арманыңызды жүзеге асыруға әрекет етіңіз. Аспандағы айды армандаудың қажеті жоқ. Қарапайым болыңыз. Өз ісіңізді қолға алған күннен бастап барлығын өзіңіз қадағалаңыз. Осылай ойлау арқылы ғана мен өз биігіме шықтым», — дейді Армани.
Джорджио өз киімдер топтасын шығарар алдында минимализмге мән береді. Киім барынша қарапайым, бірақ ерекше әсер қалдыруы керек деген қағидатты ұстанады. Компания тек қана ерлерге арналған киімдерді ұсынбайды, бүгінгі таңда ауқымы кеңейген. Бірақ дизайнерлік өнімдерінің барлығы бірден танымалдылыққа ие болып жатады.
Дайындаған: Маржан Сәбет