Әлеумет
Бүкіл ғұмыр және қас-қағым сәт
Кейіпкеріміз туралы қысқаша мәлімет бере кетейік. Салих Қалиев балалар үйінде тәрбиеленген. Бүгін ол өзін әнші, сазгер, қоғам белсендісі, мәдени жұмыстарды ұйымдастырушы ретінде танытып отыр. Өзінің жеке ән кештерін де ұйымдастырып, одан түскен қаражатты мүгедек және жетім балалар үйлеріне аударып, қайырымдылық жасап жүрген жас меценаттардың бірі. Бір айта кетерлігі, оның тағдыры ғажайып һәм шұғылалы сәттерге де толы. Ең бастысы, ол арада жиырма төрт жыл өткеннен кейін барып, туған анасын іздеп тапты! Екі арадағы сұқбатымыз да оның бүкіл ғұмыры мен бақытқа бөленген қас қағым сәті тұрғысында өрбіген.
Ол қалай алаяқтықтың құрбаны болды?
– Жалпы, сен де, Рүстем де балалар үйінде тәрбиеленген екенсіңдер. Ол сені қалай алдап соқты?
–Маған балалар үйінен түлеп ұшқаннан кейін мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер үй берілген болатын. Досымның соған көзі түсіпті. Бірде «Қане, сенің үйіңді сатып, ақшасын биржаға айналымға салып, еселеп көбейтейік. Үй де аламыз, сенің бейнеклипіңді де түсіреміз» десін. Көңілімде ештеңе жоқ, әрі ол әңгімесін «Бисммилаһи» деп сабақтағаннан кейін мен оның мұнысына бірден келістім. Оған бауырым, ағам ретінде Құдайдай сендім.
–Бұл құқықтық сауаттың кем болғанынан-ау…
–Шынында да солай. Біздің әріптестеріміз, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері заңды жақсы біле бермейді. Тіпті құқықтық сауаттылығы жоқтың қасында. Содан да жиі арандап қалып жатады.
–Досыңның әу басында игі мақсатты көздеген жайы бар сияқты. Екеуің биржаға үйдің ақшасынан бөлек несие алып та салыпсыңдар. Рүстем саған сонымен 15 миллион теңге қарыз болып отыр.
–Иә, жолдасым мұны қайтарам дейді. Бірақ қайтаруға қауқары жоқ.
–Оқырмандарымызға айта кетейік, жалпы осы істе алаяқтықтың белгісі бар сияқты. Бұдан біраз уақыт бұрын үйсіз, күйсіз қалғандықтан «Астана» телеарнасының «Айтарым бар…» бағдарламасына басты кейіпкер ретінде қатысқан едің. «Айтарым бар…» бағдарламасының жүргізушілері осыған қатысты тергеу, тексеру жұмыстары жүріп жатыр, бұл мәселені бақылауымызда ұстаймыз деп отыр… Ал анаңды қалай таптың?
Анасы телефонмен тілдескен…
–2018 жылдың қазан айында Өскемен қаласындағы достарым мен бауырларымның көмек көрсетуінің арқасында анамды таптым. Ол маған кешкі сағат 21: 00- де өзі қоңырау шалды. «Кешірші…» деп, бірден жылап қалды. Ол кісінің осы күйін көріп, аяп, сол сәтте көңіліме «анамды бекер іздеп таптым ба» деген ой келіп, қобалжығандай болдым. Бұл ахуалдың соңы немен аяқталарын, неге апарып соғарын сол сәтте білген де жоқ едім. Жай-жапсарын тәптіштеп түсіндіре де алмаймын.
–Қанша жасыңда балалар үйі қамқорлығына алындың?
–Мен өзім Өскемен қаласының тумасымын. 1996 жылы 13 қаңтарда дүниеге келгенмін. Сәбилер үйіне қабылдануымның себебі, анам менен бас тартқан екен. Мұрағатта осы тұрғыда жазылған хаты да сақтаулы. Анам хатында сүйген жігітім маған үйленуден бас тартты, ал жүктілік кезімде ешқандай да қылмыспен байланысты жағдай болған жоқ, баламды біреулер асырап алар болса, қарсылығым жоқ деп бұл әрекетінің себебін де түсіндірген екен. Өзімен алғаш рет тілдескенімде, анамнан мұның жайын тәптіштеп сұраудың мүмкіндігі де болмады. Бұл тақырыпта сөйлескен де жоқпыз. Ал менің бұл істің нақты қалай болғанына көз жеткізгім келген…
«Анам менен неге қашады?»
–Анаңызбен алғашқы тілдесу кезінде қандай әсерде болдың?
–Иә, сол жолы «Салих, қалайсың, мен Жаннамын ғой» дегенде жүрегім қуаныштан ба, қорқыныштан ба атқақтай соғып кеткенін білемін. Бұл өміратада күтпеген кездесу еді. Екеуіміз де бір сәтке бір-бірімізге не айтарға білмей абдырап, сасып та қалған едік. Аз уақытқа үнсіз тұрып қалдық. Ол жылап алды. Мен «Мама, маған көз жасыңды көрсетпе, өткенді ұмытайық» деп жұбаттым. «Қазіргі уақытта қайдасыз, қайда тұрасыз, маған сол маңызды. Болар іс болды. Оны қайта оралта алмаймыз. Енді арамызда сүйіспеншілік, жақсы қарым-қатынас болса – жеткілікті» дедім. Енді ше… бәріміз де пендеміз ғой. Бәрімізді Алла кешіргенде, мен неге кешірмейін. Негізі, мен анамды өзім ниет етіп іздедім. Өйткені, руым, тегім, әкем кім екенін, туыстарымның бар-жоғын білу өзім үшін маңызды болған еді… Әкем өмірде бар ма, қай жерде тұрады деген сұрақтар туындады. Анамды ең біріншіден сол үшін ғана іздеген едім. Ол кісіден қандай да бір көмек, ақша сұрау ойымда да болған жоқ.
–Анаң біле ме сенің өнерлі болып өскеніңді?
–Жоқ, мен анаммен сол кездесуімнен соң шығармашылығыма қатысты материалдарды, суреттерімді әлеуметтік желіге жолдай бастадым. Бүгінде өзім Шымқаладағы М. Әуезов атындағы университеттің төртінші курсында «мәдени тынығу» мамандығы бойынша білім жетілдіріп жатырмын ғой. Сондықтан да өнер мен үшін өте маңызды. Осындай мәліметтерді анама жібергенімде, «Мен сені мақтан етемін. Мен де жас кезімде өнерге жақын болған едім» деп риза болды.
– «Айтарым бар…» телехабарына қатысқандағы мақсатың тегіңді тану ғана емес, анаңды бір көрсем деген аңсар арманнан туындаған болар? Анаң қайда тұрады?
–Әрине, солай. Анам қазір Өскемен қаласында. «Қазақтелеком» компаниясында оператор ретінде жұмыс істегеніне сегіз жылдай болып қалыпты. Айтпақшы, мен әкем кім деп сұрадым. Менің аты-жөнім құжатым бойынша Хамит Советханұлы Қалиев. Анамның аты-жөні Жанна Қайылханқызы Қалиева. Алайда анам «Осы тақырыпты мүлде жауып қояйықшы. Мен өзіңмен жасырын араласқым келеді. Осыны ешкім білмей-ақ қойсын, сені ешкім көрмей-ақ қойсын» деп өтінді.
Мен де «Аға, әпкелеріңіз бар ма?» деп сұрап, тықақтап қояр болмадым. Ол кісі «Бар. Бірақ, олар сенің дүниеде бар екеніңді мүлде білмейді» деді. Ол кісінің жасырын түрде араласайықшы дегеніне бола көңілім қалып қойды. Даусын да, өзін де сан жылдар бойы аңсаған едім. Ал менің әжемді, атамды, бауырларымды көргім келген. Анам менен неге қаша береді деген ойға келдім… Содан да іздеуімді үзбей жалғастыра бердім.
Ол отбасындағы тұңғыш немере екен…
–Бұл «Айтарым бар…» телехабарының бірінші түсірілімінде болған жайлар ғой. Ал екінші хабарында әжеңмен де, анаңмен де кездестің емес пе?
–Иә, солай болды. Оған Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында тұратын әжем (анамның анасы) Хамила арнайы келіп қатысты. Ол кісі өзінің мен жайлы ештеңе де естімегенін, мүлде білмейтінін, әлдебіреулерден естіп, қуанғанын айтты. Ол кісінің айтуынша, мен ол кісінің жеті немересінің (бәрі де ұл бала) ішіндегі тұңғышы болады екенмін. Руым орта жүз, найман болып шықты. Осы жолы анаммен де көрісіп, қауышып, татуласып табыстық. Міне, менің өмірдегі үлкен бақытым, жанған үмітім, орындалған арманым осы. Осылай өмірім өзінің қалыпты арнасына түскендей болды. Ата-анамды, туыстарымды таптым. Бұл мұндай бақытты қауышулардың соңы емес! Ендігі жерде мен өнерімді өрістете беретін боламын. Димаш Құдайбергенов секілді айтулы әнші болуды армандаймын.
–Арманыңа жет, талабың таудай болсын!
–Рахмет!
P.S. Басқосу барысында сонау шығыстан, Қатонқарағай жерінен ат арытып жеткен Халима апайдың «Қызымның бұл қателігі, жастығы, бізден қорыққаны, ел-жұрттан ұялғаны шығар. Тастап кетіпті. Бұл жайлы түк те білмедік. 2018 жылы екеуі бірін-бірі іздеп тауыпты. Маған қызым оны да айтқан жоқ. Айтса, Салихты сонда- ак келіп алып кететін едім ғой. Салихтың мамасынан басқа бір ұлым, екі қызым бар. Барлығына айтып, ақылдаса келе Салихты бірауыздан отбасымызға қабылдадық. Баламызды тауып алып, бауырымызға басқанымызға Алланың, сосын Салихтың алдында үлкен күнәдан арыламыз ба деп ойлаймын. Мұны кезінде білмедім. Бұл күнәні менің қызым жиырма төрт жыл иініне жүктеумен жүрді. Қызымның тағдыры да осы күнәсінен бе, аса тәтті бола қойған жоқ. Енді Салихтың өмірі жақсылыққа бет бұрар, қызымның да жағдайы оңалар деп ойлаймын.
Салихтың әкесі кім екенін де өте жақсы білемін. Екеуіміз бір жерденбіз. Ол отбасылы, ұлы, қызы бар. Өскеменде тұрып жатыр. Осында келер алдында онымен де сөйлесіп, Салихтың жайын айтып кеттім. Ол бұл туралы білмейді екен. «Бұл жайлы анасы кезінде неге айтпады екен, мұндай жағдай орын алмас та ма еді» деп қиналып қалды. Құда қаласа, әке мен бала кездесіп те қалар» деп ағынан жарылуы көпшілікті бей-жай қалдырмаған еді.
Айтпақшы, аталған басқосуда Салихтың жанашыры, досы, өзі де балалар үйінде тәрбиеленген, журналист, заңгер Айгуль Курумбаева да «Досым, сен бақыттысың. Менде мұндай мүмкіндік жоқ, Ата-анам кішкене кезімде дүниеден өтіп кетті. Өмірің әлі алда. Ата-анаңды таптың. Олармен байланысыңды үзбе. Ең бастысы, осы» деп өз тілегін жеткізді.
Бір жетім баланың тағдыр жолы, міне, осылай өрілді. Көңілі налаға, көзі жасқа толы бір жасөспірімнің бақ жұлдызы көгінде жарқырай жанды. Сол жұлдыз ешқашан сөнбегей!
P.S. Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының «Интернаттан кейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды бейімдеу және қолдау» жобасы аясында жазылған оныншы материал – осылайша бір жетім баланың болсын Анасымен қауышқан әдемі оқиғасымен тәмамдалды. Сондай-ақ, аталған жоба барысында жазылған бұған дейінгі біраз материалдар – балалар үйінде тәрбиеленсе де қоғамда өз орнын тауып, ата-анасыз бала түгілі толық отбасында өскен жас пенен жасамысқа да үлгі, мотиватор болатындай бірнеше жігерлі жастардың өмірін өрнектеп, тағдырын тарқатып айтып берді.
Дайындаған:
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Нұр-Сұлтан қаласы филиалының
атқарушы директоры
Лариса Алдабергенова