Бүгінгі технологияның дамыған заманында сағыныш архаизмге айналып бара ма деген қорқыныш бар. Өйткені ұялы телефонның сан тарау функциясы айшылық алыс жердегі туыс, дос, ата-анаң, бауырыңмен күнде көрісуге мүмкіндік береді. Сағынсаңыз бейнеқоңырауды қосыңыз, скайппен сөйлесіңіз, сөйтіп мауқыңызды басыңыз. Алайда сағыныш деген сырға, жырға, мұңға толы сезім адамдар арасында өлмепті. Бар екен…
Жақында ғана әлеуметтік желіден «Америкалық жігіт Қазақстанда қалған бауырларын іздейді» деген ақпаратты көзім шалды. Бірден елең еттім. Шетелде жүрген қаракөздің сағынышы екенін. Зерттей келе Теодор Уолтон есімді жігіттің бұрынғы аты кәдімгі Марат екенін білдім. Мараттың жазбасы алдымен өзінің Facebook-тегі парақшасына жарияланды. Одан соң Америкадағы қазақтардың өмірін жазатын Kazakh American Association фейсбук парақшасына шықты. Бұл қауымдастық араға күн салып қазақ текті америкалықтардың «сағыныш» хаттарын осылайша бөліседі екен. Сол хаттың бірі – Марат яғни Теодор Уолтондыкі. Хаттың қазақша қысқаша мазмұнын назарға ұсынам:
«Сәлеметсіздер! Бұл жазба арқылы туыстарым туралы қандай да бір ақпарат таба аламын деген үміттемін. Мені кезінде асырап алған. Жақында Қазақстандағы отбасыммен бірге түскен фотомды тауып алдым. Өзім Өскеменде дүниеге келіппін. Осы фотодағы әпкем мен ағама іздеу жариялаймын. Менің қазақша атым – Марат Тоқтарұлы Оразғалиев. Мына фотолардың бірінде биологиялық ата-анамның (Оразгалиева Жанар Ахметқызы және Оразғалиев Тохтарбек Әлиұлы) есімдері бар екен. Қандай да бір ақпарат, көмек болса, разы болар едім».
Марат 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келген. 2002 жылы оны америкалық ерлі-зайыпты асырап алған. Theodore Walton атану тарихы, міне, осындай. Ол бүгінде 19 жастағы тепсе темір үзетін жігіт. АҚШ-тың Флорида штатындағы Пенсакола қаласының тұрғыны. Колледжде оқиды. Асырап алған ата-анасы Теодордан шыққан тегін жасырмапты. Тіпті 2008 жылдан бастап асырап алған балаларының туыстарына іздеу салған. Тағдырдың жазуымен мұхит асқан қаракөз 18 жылдан соң тегін іздеп аласұруда. Бұл әрекетіне америкалық ата-анасы қарсы емес.
Өмірге келмей жатып алдымен әке-шешесінен, одан соң туған елінен айырылса да адамды бір құдірет қорғайды екен. Өйткені Теодордың жазбасынан кейін сүйінші хабар кешіккен жоқ. Оның Семейдегі ағасы табылды, ал фотодағы апам дегені немере әпкесі екен. Ағасының аты – Рүстем. 1998 жылы дүниеге келген. Інісі екеуі де Өскемендегі балалар үйінде болған. Рүстемді 5-ші сыныпта Күршім ауылының тұрғындары асырап алған. Жасқа толар толмастан інісін бөгде біреулердің алып кеткені есінде.
Теодор – Марат пен Рүстем интернет арқылы қайта қауышты. Теодор аударма көмегімен ағылшын тілінде, Рүстем қазақ тілде тілдесті. 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия бауырлардың тезірек кездесуіне кедергі болып тұр. Тағдыр ажыратқан екі бауыр енді қуанышты күнде көріспек.
Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты мәселесі басқармасының бастамасымен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының ұйымдастыруымен жетім балалардың әлеуметтік жағдайына қолдау білдіретін қайырымдылық жобасы басталды. Жоба мақсаты – тағдыр жетімдікті сыйлаған балаларға жақсылық жасау. Сол арқылы болашағына үміт пен сенім сыйлау. Ертеңіне деген еркін көзқарасты қалыптастыру. Адами құндылықтарды сіңіру. Себебі бұл бір ғана Марат – Теодордың басындағы тағдыр емес, мыңдаған жетімнің тағдыры. Ал Марат сол тағдырдың жеңімпазы секілді…
Дайындаған: Гүлжан Абайқызы