Миллионер

Бизнес серіктес табудың жолдары

Бизнес серіктес іздегенде сақ болыңыз

Бизнес серіктес іздегенде жан-жаққа зер салыңыз. Себебі «Досыңмен бизнес бастама, бизнес арқылы дос тап» деген қағида бар. Көп адам кәсіп бастағанда осы қағиданы ұмытып кетеді. Нәтижесінде ойы бір жерден шықпаған талай достың бір-бірінен көңілдері қалып, аралы суып жатады. Расында, бизнесте сенімді серіктес табу қиын. Десе де іздегенге – сұраған. Мүмкін емес нәрсе жоқ!

Егер жақсы серіктес таба алсаңыз, бастаған ісіңіздің алға басуы тікелей соған байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге аса үлкен жауапкершілікпен келген дұрыс.

Ендеше, неден бастаған жөн?

Алдымен өзімізге бірнеше сұрақ қоямыз.

  1. Маған шынымен бизнес серіктес керек пе?
    Егер «Бәрін өзім істей аламын, үлгеремін» десеңіз, онда серіктестің де қажеті жоқ. Бірақ «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген сөзді де ұмытпаған жөн. Көп жұмысты мойныңызға алып, нәтижесінде ештеңе бітіре алмай жүрмеңіз.
  2. Одан маған не керек?
    Серіктесіңіздің бойында қандай қасиеттер болғанын қалайтыныңызды айқындап алыңыз. Бірінші кезекте ол сіз істей алмайтын жұмыстарды істей алғаны абзал. Мысалы, сіз жаңа идея ұсыныңыз, ол ұйымдастыру жұмыстарын мойнына алсын. Ақшаны басқарыңыз, ол ұжымға жауап берсін.
  3. Мен кәсіпті бөлісуге дайынмын ба?
    Серіктес болғандықтан, онымен істелетін жұмысты ғана емес, түскен пайданы да бөлісу қажет. Сонымен қатар ол да кәсіпті өз ойындағыдай дамытқысы келетіні анық. Ойларыңыз үнемі бір жерден шыға бермеуі мүмкін. Сіз екінші адамның ісіңізге араласып, кеңесін айтып, түзетулер енгізгеніне дайынсыз ба?

Осы сұрақтарға жауап бергеннен кейін де алғашқы ойыңызды өзгертпесеңіз, онда іске кірісіңіз. Бастысы – асықпаңыз. Өйткені, бұл жауапкершілігі көп шаруа.

Үш қадам

Бірінші қадам. Өзіңіз секілді кәсібі бар немесе бизнеске қызығып жүрген жастарды табуға тырысыңыз. Сіз тұратын қалада ондай жастардың әлеуметтік желілерде тобы, мессенджерлерде чаты болуы ықтимал. Сол ортамен араласуға әрекет жасаңыз. Арнайы бизнес-тренинг, семинарларға барыңыз. Адамдармен танысып, байланыс орнатыңыз. Құрылып қойған топты таба алмаған жағдайда, бизнеске қызығатын жастардың ортасын өзіңіз қалыптастырыңыз. «Апта сайын кездесіп, бизнес бастау туралы әңгіме қозғайық, бірге дамиық, білімімізбен бөлісейік» деген үндеу тастасаңыз, айналаңызға белсенді жастар жиналатыны анық.

Екінші қадам. Бизнеске қызығатын жастардың ортасына тап болғаннан кейін, олармен бірге жиі уақыт өткізуге тырысыңыз. Ойындар ойнап, пікір алмасу барысында өзіңізбен ойы бір жерден шығатын адамдарды іріктеп алыңыз. Солармен көбірек сөйлесіп, жеке кездесулер ұйымдастырыңыз. Шығыны аз, бірақ көп тәжірибе беретін жұмыстарды бірге жасап көріңіз. Адамдардың ішкі жан дүниесіне ғана емес, жұмыстағы белсенділігіне де мән беріңіз. Кей адамдар сізге адамгершілігімен ұнап, жұмыс барысындағы әрекеттеріне көңіліңіз толмауы мүмкін. Осының алдын алыңыз. Бірінші кезекте дос емес, кәсіпті бірге істейтін серіктес іздеп жүргеніңізді ұмытпаңыз.

Үшінші қадам. Осы адаммен серіктес болсам деген шешімге келгенде оған бизнес идеяңызды айтып, бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасаңыз. Ол сіздің ойыңызбен «ауырып», оны өз ойындай қабылдауы керек. Тек сол жағдайда кәсіп алға басады. Бірге жұмыс істеуге келіскен жағдайда бәрін ұсақ-түйегіне дейін талқылаңыздар. Кім кәсіптің қай бөлігіне жауап береді, қиын жағдайда шешуші сөзді кім айтады, екі адамның бірі кәсіптен шыққан жағдайда не болады дегеннің бәрін қағазға түсіріңіздер.

Саидмурод Давлатов серіктестік туралы

Мультимиллионер, «САМО» адамды дамыту орталығының жетекшісі, «ТМД аумағында қалай миллионер атануға болады» кітабының авторы Саидмурод Давлатовтың бүгінгі таңда 23 түрлі бизнесі бар. Ол бизнестегі серіктестерге қатысты былай дейді: «Мен осының бәріне қалайша үлгеремін? 23 бизнесті басқарып, қадағалап отыруға менің уақытым жетеді деп ойлайсыздар ма? Шынымды айтайын, бұл мүмкін емес. Сондықтан да серіктестердің «бірге жұмыс істейік» деген ұсынысын қабыл аламын. Олар өз ісін сүйетін, өз жұмысына берілген сенімді әрі тәжірибелі мамандар».

Сонымен қатар кәсіпкер бизнес серіктесті алыстан іздемей-ақ өзіңіз біреуге бизнес серіктес бола алатыныңызды ойланыңыз дейді.

«Сіз жалдамалы жұмысшысыз. Алайда өз жұмысыңызды беріліп істейсіз. Бизнес бастауды армандайсыз. Ендеше, бизнес серіктес атануға шешім қабылдаңыз. Өзіңіздің бастығыңызға барасыз да «Менің мынандай қасиеттерім бар. Мен компанияны дамытқан мынандай идеялардың авторымын. Енді сізге маған көбірек міндет жүктеп, менімен бизнес серіктес болуға ұсыныс жасаймын. Мен бұл салада өз ісімнің шебері екендігіме күмәнім жоқ дейсіз», — деп кеңес береді ол.

Бизнес серіктес іздеудің басқа да жолдары көп. Мысалы, жарнама орналастыратын веб сайттарда «бизнес серіктес іздеймін» деген хабарландырулар толып тұр. Тіпті, тек бизнес серіктес тауып беруді көздейтін жеке сайттар бар. Алайда бар ақпаратты міндетті түрде тексеріп, шынайылығына көз жеткізіп алу шарт.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!