Психология

Әйелді бақытты ететін құпия

Психолог Марзия Бекайдар әйел адам өмір бойында негізгі үш психологиялық рөлді бастан кешетінін айтады. Олар: ата-ана, ересек адам және бала кейпіндегі рөл.

Бәрімізге аян, алайда көбісі ескере бермейтін ақиқат бар. Ол – ерінің жанында жадырап-күліп, өзін кішкентай баладай ұстайтын әйелдің бақытты болатындығы.

Марзия Бекайдардың эксперттік ойларын портал оқырман назарына ұсынады.

Марзия БекайдарInstagram: @marziya_bekaidar Хабарласу: +7 747 929 2919

Күліңіз, көмек сұраңыз, таңғалыңыз, толқыңыз!

Күннің астында мәз болып ойнап жүрген балаларға көз тастаңызшы. Біз «күн тым ысып кетті» деп шаршап тұрсақ, олар өмірге мәз. Сіз де өмірдің жауындары мен дауылдарына қарамастан күліп жүріңіз! Күннің көзі күлімдеп тұрса, ренішке себеп іздеуіңіз тіптен ұят!

Балаға тағы қандай қылықтар тән? Кішкентай жүректің иесі эмоцияға толы болады. Қуаныштан бөлек олар шын таңырқай біледі. Сүйіктіңіз сыйлаған алтыннан жасалмаған жүзікке де, былғарыдан тігілмеген сөмкеге де, жібек матадан пішілмеген көйлекке де риза болып, шынайы таңғалсаңыз, бұл тарту етілетін сыйлықтардың алдыңғы легі болмақ. Қаперіңізде жүрсін, түймедей нәрсеге бола қабағын шыта қалатын әйелге ері сыйлық жасағысы келмейді.

Бала десе оны құшақтап, барлық жамандық атаулыдан қорғағымыз келіп тұрады. Жан жарыңыз үшін сіз де әлсіз, қорғансыз, нәзік гүлдей ассоциация туғызуыңыз қажет. Ол үшін жатып қалып ауырып немесе қит етсе мазасын алып «қайтейін?» деп кеңес сұрай берудің керегі жоқ. Алайда бәрін өзім тындырамын деп барлық жауапкершілікті, ауыртпалықты өз мойныңызға алуды тоқтатыңыз. Сіз еркек кіндік емессіз! Қатаюдың орнына әйелге тән энергетиканың молаюын қадағалаңыз. Еден жуып жатып тоңазытқышты өзіңіз итермеңіз. Күйеуіңізден көмек сұраңыз! Жалғыз өзіңізге бар азық-түлікті көтеріп алып келу абыройлы емес. Жолдасыңыз сөмкеңізді көтермей-ақ қойсын, алайда азық-түлікке толы пакетті оның қолына ұстатыңыз! Мұны ұсақ-түйек деп қабылдау – ертеңгі күні көз жасы сіңген жастыққа, өкінішке толы кеудеге алып келеді. Бірден емес, бірақ аяңдап басып ақыр аяғында сіз құздың шыңына жақындайсыз.

Жүгіріңіз, секіріңіз, билеңіз, ләнгі тебіңіз!

Сүйіктіңіз қандай спортпен шұғылданады? Немесе қай спорт түрін тамашалағаннан жаны сергиді? Не нәрсе оған көп эмоция сыйлайды? Атқа қонған шабандоз болса, сіз де сәйгүлікке мініңіз! Стадионға барып теңбіл доп үшін таласты көргенді ұнатса, сіз де футболға махаббатыңызды оятыңыз! Әгәрәки аң аулауға шығуды әдетке айналдырса, тіпті керемет! Сіз оны бетінен сүйіп, сәттілік тілеп, сапарына шығарып саласыз. Келген бетте құшақ жая қарсы алып, шынайы қызығушылық танытып, оның әңгімесін тыңдайсыз. Ара-арасында сұрақ қоюды ұмытпайсыз. Бұл екіжүзділік емес! Өмір бақи қуанышта да, қайғы да қасыңыздан табылатын адамның жан дүниесіне үңілу деп түсінгейсіз.

              Бақытты болыңыз, бай болыңыз, балалы-шағалы болыңыз!

«Менің күйеуім – ең жақсы адам» деген сөз сіздің өмірлік ұраныңызға айналсын. Жолдасыңызды жамандағаннан, жер жебіріне жеткеннен, жынына тигеннен махаббат өшеді. Онда ер адам кім үшін және не үшін тер төгіп, жетістікке жетеді? Бақытты, бай-қуатты болуыңыз шаңырақтағы берекеге тікелей байланысты. Қымбат көйлек киіп, астыма темір тұлпар мінемін десеңіз, дәл қазір азаматыңызға дәмді ас дайындап, ол аңсаған, армандаған музаға айналуға барынша тырысыңыз.

Бір нәрсе жақпаса, ұрыс шақыруға асықпаңыз. Ата-ана рөлінен шығыңыз. Бала сияқты жылап қалудың да пайдасы жоқ. Мұндайда ересек адамдай өзіңізді ұстаңыз. Сол рөлге тән салқынқандылық пен сабырлық танытыңыз. Көңілге тиген ситуацияны талқылап шығуға ұсыныс айтыңыз. Мәселені шешу жолдарын табыңыз.

Негізгі құпия да мынада, қадірменді оқырман, ол – рөлдерді дер кезінде ауыстырып отыру.

Келесі мақалада ересек адам рөлінің артықшылықтары туралы сөз қозғайтын боламыз.

Келесі материалдарда экспертіміз ересек адам рөлі туралы әңгіме қозғайды.

Дайындаған: Жазира Байдалы

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!