Тұрмысқа шығуға асығатын, уақытылы күйеуге шықпаса, жанарын мұң шалатын нәзік жандылар көп. Мен неге әлі тұрмыста емеспін? Бұл сұрақты олар күн сайын өз өздеріне қоюы мүмкін. «Тұрмыс құрмаудың өзіндік себептері болады» дейді еліміздің танымал психологының бірі Марзия Бекайдар. Ендеше маманның айтар кеңесіне құлақ қағыңыз.
Марзия Бекайдар:
Марзия Бекайдар / instagram @marziya_bekaidar
Ата-анаға деген өкпе-реніш
Қыз бала әкесі немесе анасына іштей ренжіп, өкпе-назы бейсаналы түрде жадысында сақталып қалады. Өкпені ата-анасына айтпады, жібермейді, өйткені кешірудің маңыздылығын білмейді. Сырттай күлгенімен, іші ренішке толы қыздар ер адамға тартымсыз көрінеді екен.
Тұрмысқа шығудағы ниет
Тұрмыс құрудағы ниетіңіз түзу болсын. Яғни «Барған жерімді бақытты етемін» деген ойда болыңыз. Алла тағала отбасыңызға берекесін береді. Егер өзгелерге ерегесіп, әлденені дәлелдеу мақсатында тұрмысқа шықсаңыз, отбасыңызда түсініспеушілік орын алуы мүмкін.
Мысалы: Екі қыз тұрмыс құрғысы келеді. Айман тас жинайды, іші өкпе-ренішке, наразылыққа толы. Шолпан гүл жинайды, күлімсіреп, үнемі жақсы көңіл-күйде жүреді. Екеуі тұрмыс құрып жаңа үйге қадам басады. Айманның ол үйге берері не? Ішіндегі өкпе-назы, ешнәрсеге көңілі толмайды, сәйкесінше Шолпан ол үйге шуақ шашып, бақыт әкеледі. Ішіңізде не болса, айналаңызға соны бересіз.
Тәкаппарлық
Бұндай қыздар өздерінің кемшіліктерін мойындамайды, ер адамнан кемшілік-қателігін іздеп отырады. Өзін емес, ер адамын өзгерткісі келеді. Ер адамды түзеуге тырыспаңыз, одан да өзіңізбен айналысыңыз. Әйел қауымының басты миссиясы — ер адамды бар қалпымен қабылдау. Сіз оны қабылдай білгенде ол өзгереді.
Қыз баланың ашына рөлінде болуы
Қыз баланың төрт рөлі бар. Қыз бала, ханша, ашына, үй шаруасындағы қыз. Қыз бала ашына рөлінде қалып қойғанда тұрмыс құра алмайды. Бұл рөл қыз балада тек 2% болса жеткілікті. Ер адам үй шаруасы рөліндегі қыздарды тұрмысқа алады. Осы рөлді дамыту керек.
Орташа позицияда болыңыз
Тым пассивті позицияда болсаңыз, тұрмыс құру қиындай түседі, тым активті болу да шешім емес, сондықтан орташа позицияны сақтаңыз.
Тұрмысқа шығу керек деген идеяға көп қадалмаңыз
Тұрмыс құруым керек деп мазаланбаңыз. Неғұрлым көп ойласаңыз, маңыздылығы соғұрлым арта түседі, орындалуы алшақтайды. «Тұрмысқа шыққым келеді» деген сөзді «келіншек болғым келеді», «ана болғым келеді» деген сөздерге алмастырыңыз.
Сіз саналы түрде тұрмыс құрғым келеді дейсіз. Шын мәнінде, бейсаналы түрде тұрмыс құрғыңыз келмейді. Себебін түсіну үшін жаттығу жасап көріңіз.
Бойыңызды еркін ұстаңыз. Терең демалыңыз, «Мен тұрмыстамын, менің күйеуім, бала-шағам бар» деңіз. Сізге неге тұрмыста еместігіңіз жайлы түсінік келеді. Мысалға сіз еркіндігіңізді жоғалтып алуға қорқасыз. Бұл шектеулерді жою үшін сіз өз өзіңізді еркіндіктен алшақтатыңыз: күйеуіңіз бардай үйге ерте оралыңыз, үй шаруасымен айналысыңыз, тәртіп құрыңыз. Болашақ енеңізден қорқуыңыз мүмкін, ол үшін анаңызды, әйел қауымын қабылдаңыз. Яғни сіз түпкі санаңызды жаттықтырып, шектеулерді жоюыңыз керек.
Егер қорқыныш болса, «менің тұрмыс құруыма не кедергі?» деп сұраңыз, қорқынышыңыздың алдынан шығыңыз. Түпкі санаңыз үшін бұл жаңалық емес қалыпты жағдай болып көріну керек.
Бір нәрсеге қарсы күрескен жағдайда сіз оның энергиясын күшейтесіз, сондықтан әлдебір нәрсеге қарсы емес жақсылық үшін істеуіңіз керек.
Келесі жазбада Марзия Бекайдар ханымның қыз баланың төрт рөлі жайлы айтқаны туралы сөз қозғаймыз.
Дайындаған: Назгүл Алмабекова