Салауат

Хабиб Нұрмағамбетов: UFC чемпионының жеңілмеу құпиясы

Хабиб Нұрмағамбетов және оның жеңілмеуінің сыры

Хабиб Нұрмағамбетов – кәсіби мансабындағы 28 жекпе-жектің бәрін жеңіспен аяқтаған жеңіл салмақтағы UFC чемпионы. Хабиб қанша жылдан бері әлемнің мықты промоушнында өнер көрсетіп келе жатса да, жеңілістің дәмін татып көрмеді. Balbal.kz мотивациялық сайты бұл құпияның сырын ашып көрді.

Ерекше стиль

Хабиб Нұрмағамбетов – аралас жекпе-жек әлемінде өзге ешкімге ұқсамайтын ерекше стиль иесі. Оның жекпе-жек стилі күреске негізделген. Иә, мықты күресетін спортшылар аралас жекпе-жекте баршылық. Бірақ Хабиб олардан күрестің жан-жақты түрін білуімен ерекшеленеді.

Хабиб Нұрмағамбетовтың күрес стилі өзгелердікі секілді тек джиу-джитсу не еркін күреске негізделмеген. Қайта дағыстандық спортшы өзінің төбелес мәнерінде еркін күрес, дзюдо, жауынгерлік самбо, қоян-қолтық ұрыс сынды күрес түрлерін біріктіреді. Мұндай жан-жақтылық пен күрестегі тәжірбие UFC чемпионына бокс, каратэ, муай-тай сынды спорт түрелеріне негізделген стилдегі қарсыластарын оп-оңай құлатып, жеңуге жол береді.

Сонымен қатар аралас жекпе-жектегі күрес стилінің ұпай жинауға да өте ыңғайлы екенін айта кеткен жөн. Хабиб Нұрмағамбетов «AKA» орталығында жаттыққалы бері боксерлік шеберлігі мен қорғанысы да жоғары деңгейде. Бұл факторлардың бәрі бірігіп дағыстандық спортшының жекпе-жек мәнерін қарсыластарына мүмкіндік қалдырмайтын қаруға айналдырады.

Психология

Хабиб Нұрмағамбетов – психологиялық тұрғыдан мықты спортшылардың бірі. Бала кезінен әкесі әрі жаттықтырушысы Абдулманап Нұрмағамбетовтың қарамағанында қатал тәртіппен жаттығып, қайсар мінезі қалыптасқан. Қандай қиын жағдайда да қорқыныш пен уайымға берілмей, байыппен шешім қабылдауды үйренген. Ал мұсылмандық тәрбиесі дағыстандық спортшыға қарсыластарының психологиялық шабуылдарына мән бермеуіне және өзінің сөзі мен ісіне орнықты болуына көмектеседі.

«АКА» орталығының бас жаттықтырушысы Хавьер Мендес:

Психологиялық тұрғыда Хабибті ешкім жеңе алмайды. Ол ешкімнен ешқашан қорыққан емес. Қорықпайды да. Оның сабырлығы мен шыдамдылығы мені таңқалдырады. Бірде жаттығу арасында Хабибті күрестен әлем чемпионының қылқындырып жатқанын көрдім. Қазір бірінші рет берілгеніне куә боламын деп ойладым. Бірақ ол асып-сасқан жоқ. Қарсыласының шаршағанын күтті де, қылқындыру әдісінен шығып кетті. Нағыз чемпионның мінезі!

«АКА» жаттығу залы

Америкалық кикбоксинг академиясы – Хабиб Нұрмамбетовті жеңіліссіз чемпионға айналдырған себептердің бірі. «АКА» орталығында аралас жекпе-жекке дайындалу үшін барлық жағдай жасалған. Хабиб бұл залда 2012 жылдан бері бұрыңғы UFC чемпиондары Даниэль Кормье, Люк Рокхольд, Кейн Веласкеспен бірге жаттығады.

Орта салмақтағы бұрыңғы  UFC чемпионы Люк Рокхольд:

Мен жеңіл салмақтағы өзге спортшыларды оп-оңай құлатамын. Бірақ Хабибпен күресетін болсам, ол салмағаның жеңілдігіне қарамай маған қиындық тудырады. Мұндай мықты спортшының біздің залымызда болғанына қуаныштымын.

Тәжірбие мен еңбек

Хабиб 5 жасынан бастап спортпен айналасып, жарыстарға қатысумен келеді. Тіпті әлеуметтік желіде бала кезінде аюмен күресіп жатқан бейнеролигі де тарады. Ал 2018 жылы UFC чемпионы атанған кезде оның спортпен айналысқанына 25 жыл болды. Осы уақыт аралығында жиналған тәжірбие мен төгілген тер – Хабиб Нұрмағамбетовтың жеңілмеуінің басты сыры.

Дайындаған: Досбол Атажан

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!