Біліп жүр

Икигай және бақытты өмірдің 5 құпиясы

Икигай туралы кітап оқыңыз!

Икигай – жапондардың бақытты өмір сүру концепциясы.Тохоку университеті медицина факультеті студенттерінің (Солтүстік Жапонияның Сендай қаласы)  зерттеуіне сәйкес икигайы барлар ұзақ өмір сүреді. Ал икигайды табу үшін жапон болу міндетті емес. Balbal.kz мотивациялық сайты икигайыңызды табуға барын салмақ.

Кен Моги деген кім?

Кен Моги – нейробиолог, Sony Computer Science Laboratories-тің ғылыми қызметкері. Токио технологиялық институтының оқытушысы. Миды зерттеу, философия теориясы, тіл білімі бойынша көптеген кітап мен ғылыми материалдың авторы. Ең бастысы, «Икигай. Жапондарша өмірдің мәні» кітабымен танымал.

Икигай туралы кітапта не жазылған?

Кітапта автор 4 түрлі адамның оқиғасын келтіреді. Біріншісі – қарапайым балықшы. Екіншісі – үш мәрте Мишлен жұлдызына ие болған аспазшы. Үшіншісі – жас аниме суретшісі. Соңғысы  –  102 жастағы Окинаваның тұрғыны. Олардың тағдыры әр түрлі болғанымен, бәрі де бақытты. Өйткені олар өмірден өз икигаиын тапты.

Икигайға жетудің 5 құпиясы

Ұсақ-түйектен бастау

Бұл ережені суреттеу үшін Кен Моги әйгілі жапондық аспазшы Джиро Ононың оқиғасын айтады. Джиро кедей отбасыдан өсті. Бастауыш мектепте оқып жүргенде кешке мейрамханада жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Кейін ол өзінің алғашқы суши мейрамханасын ашады. Алайда ол кезде Джиро әлемдегі ең үздік суши бар құрам деп ойламады. Ол жай ғана қабілетін шыңдауға тырысты. Ал суши бар үшін қарапайым ас үй ыдысы мен ерекше атмосфера қажет еді. Ол біртіндеп қабілетін, мейрамхана жабдықтары мен интерьерін жетілдірді. Бүгінгі таңда оның мейрамханасы Жапониядағы, тіпті әлемдегі ең үздік мейрамханалардың бірі. Ешқандай асығыссыз аспаз ісін аз-аздан жақсартып отырды. Өйткені ол кішкентайдан бастаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді.

Ұсақ-түйектен бастау –  өміріңізді біртіндеп жақсы жаққа өзгертеді. Бұл дегеніміз таңертең ерте тұру, физикалық жаттығу немесе хоббиге уақыт бөлу, пайдалы тағам дайындау және т.б.

Еркін болу

Икигайдың екінші құпиясын түсіндіру үшін Кен Моги баланың мысалын келтіреді: «Бала дәрменсіз, қоғамға бейімделмеген. Ол әлі де белгілі бір кәсіп не қоғамдағы міндеттерге ие емес. Балалық шақтағы еркіндік өмірде сақталса жақсы болар еді».

Икигайға ие болу үшін сіз өзіңізді қабылдауға міндеттісіз. Өзге қысымдардан, ішкі уайымдардан өзіңізді босатыңыз. Ішіңіздегі баланы оятыңыз. Басқалардың пікірінен тәуелсіз, батыл болуға ұмтылыңыз.

Үйлесімділік және тұрақтылық

«Жапон мәдениетіндегі икигай қоршаған ортамен, айналамызбен үйлесімділікте болуымызға тікелей байланысты. Онсыз тұрақтылық орнамайды» деп түсіндіреді Кен Моги. Жеке амбициялар қоғамның жағдайы мен қоршаған ортаға байланысты өрбиді.

Егер айналаңызда жақсы жандар болмаса, сіз мақсатқа жетіп, жоспарыңызды жүзеге асыра алмайсыз. Жалғыз болып арманыңызға жол бастау қиын. Өзгені ойламай, икигайға ене алмайсыз.

Кішкентай нәрселерге қуану

Жапон халқы таңды әдетте тәттілерден бастайды, көк шай ішеді. Мұның да мағынасы бар. Егер күнді сүйікті тағам немесе сүйікті іспен бастауды әдетке айналдырсаңыз, дофамин гормоны бөлінеді. Осы гормон миды күнде ерте тұруға итермелейтін болады.

Бақыт тек үлкен жетістік,  мақсатқа жету немесе байлық емес. Бақытты күн сайын кішкентай нәрседен сезуге болады. Мысалы, таңертеңгілік ас, мектептегі концертке бару немесе велосипедпен серуендеу. Сізді не қуантады? Қуаныңыз да тағдырға алғыс айтыңыз.

Бүгінгі күнмен өмір сүру

Бұл жоғарыдағы еркін болу және кішкене нәрселерге қуану қағидасымен байланысты.

Дәл қазіргі ісіне берілгенде өзге дүниелер құндылығын жоғалтады. Ол жұмыстан ләззат алады, концентрациясы жоғарылайды. Ақша табу үшін емес, өмірден ләззат алу үшін жұмыс істейтін боласыз.

«Сізді ешкім тыңдамаса да, музыкалық аспапта ойнаңыз. Суреттеріңізді ешкім қарамаса да, сала беріңіз. Ешкім оқымайтын тарих жазыңыз. Өз өміріңізді әрі қарай жалғастыру үшін ішкі қуаныш пен қанағат жетеді. Егер сіз бұған қол жеткізе алсаңыз, бұл қағиданы толық меңгердіңіз деген сөз».

Икигайға жетудің оңтайлы жолы жоқ. Әркім өз жолын іздеп, өзгешелігімен ғана жетеді.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!