Миллионер

Аманжол Рысмендиев: «Халықаралық нарықты бағындырамын»

Amanzhol International көшбасшылықты дамыту академиясы ашылды

Аманжол Рысмендиев – халықаралық деңгейдегі трансформациялық бизнес-тренер. Бизнесті басқару ғылымдарының докторы (МВА, ДВА). Әр түрлі салада жұмыс істейтін 7 компанияның негізін қалаушы, 200 000 тиражбен таралған 6 бестселлер кітаптың авторы.

Неге кәсіпкерлік жолды таңдадым?

Әр баланың бала кезде өзіндік арман-мақсаты болады. 3 сыныптан  бастап өлеңдерім аудандық газетке шықты. 5 сыныптан  бастап  айтысқа қатыстым. Содан болуы керек «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» секілді жарыстардан жүлделі 2-3 орындарды алып жүрдім. Осы бағытта жүргеннен соң бала көңілмен диктор болсам деп армандадым. Сол арманның жетегінен қуып, 7 сыныптан соң  республикалық «Дарын» мектебіне түстім. Ол кезде журналист болсам деп ниеттендім.

9 сыныпта Қазақ радиосында қосымша жұмыс істеп, кешкі поэзия бөлімінде өлеңдер оқитынмын. Осы жылы толық журналистика курсынан өттім. Мектеп қабырғасында жүріп «Қыз құпиясы» деген журналда бас редактордың  орынбасары болып, «Ара» журналында редактор болып жұмыс істедім. Басты арманым – филология факультетіне түсу еді.

10  сыныпта ғылыми жұмыс қорғап, жүлделі орын алдым. ҰБТ-дан шектік балл жинасам, филология факультетіне грантқа түсіп тұр едім. Бірақ өмір болған соң түрлі жағдайлар болады. 10 сынып оқып жүргенімде анам қатерлі ісік ауруына шалдықты. Отбасымның барлық жауапкершілігі маған артылды. Жалдамалы жұмыс істеп көп ақша таппайтыным белгілі болғандықтан, кәсіп істей бастадым.

Бизнесті дамыту үшін сол жылдары енді ғана шығып жатқан тренерлердің сабағына қатыстым. Бизнес әлемі – жұмбақ, не боларын білмейсің. Ал, екінші бағытта арман еткен журналистика тұр. Қолымда жеңіп алған грантым, жинаған тәжірибем болды. Дегенмен болашағым үшін бизнеске ауысып кеттім. Содан кейін тренерлік жол басталды. Қазір қарап отырсам, журналистикалық арманымнан бас тарттым деп айта алмаймын. Қаншама адамның қолы жете  бермейтін тұлғалардан сұхбат алдым. Өзімнің Youtube арнамда жарияланған сұхбаттарым жақсы көрілім жинады. Жазу жағына  келетін  болсақ, осы жасыма дейін 6 кітабым жарық көрді. Тренер ретінде сахнада келе жатқаныма 13 жыл болыпты. Тренерлік қызметімде ақындығым да, тренерлігім де, сахнада өзімді ұстай білуім де, ораторлық қабілетім де пайдасын тигізді.

Медианың өзінде жүрмесем де, медиабизнес, инфобизнес саласында жүріп, белгілі бір деңгейге жеттім. Бизнес әлемінің мүмкіндігі көп. Армандарыңмен ұштастырып та жіберуге болады.

Көшбасшылық – туа бітті қабілет

Басқарушы адам, менеджер мен көшбасшы, лидер деген екеуі екі бөлек ұғым. Менеджментті дамытуға болады. Бірақ көшбасшылық – туа бітті қабілет. Ерекше рухпен, білімге деген құштарлықпен берілетін дүние. «Баланың жақсы болуы 3 нәрсеге байланысты: бірінші – туғанынан бастап, екінші – ата-анасының тәрбиесінен, үшінші – ортасы, ұстазына байланысты» деген Абай атамыздың сөзімен толықтай келісемін. Сондықтан да көшбасшылық қасиет, ұлы көшбасшы болу – Құдайдан берілген деп ойлаймын. Бірақ адам қабілетін, дарын, талантын дамыту үшін қашан да ұмтылуы керек.

Аманжолды Аманжол еткен еңбек         

Тұлға – белгілі бір қасиеттердің жиынтығы. Әркімнің шыңы өзіне биік, көтерген жүгі өзіне ауыр.

Егер Аманжол қандай да бір шыңның басына шыққан болатын болса, ол қадалған жерінен қан алмай қоймайтын табандылық дейтін қасиетінен шығар.

Ойыма идея келіп, сол ойды жүзеге асырып, көз жеткізбегенше тынбаймын. Екіншісі – 100 % еңбекқорлық. Ешқандай сылтаусыз, артық ойсыз, тек қана істеу. Әрине, басқа да қарым-қабілет көп. Бірақ жетістікке жеткізетін, арманыңды орындайтын, мақсатыңа апаратын ең негізгі екі қасиет – осылар.

Халықаралық деңгейдегі академия ашылады

2018 жылдың соңында тренинг саласындағы 10 жылдық шығармашылық кешімді Алматыда өткіздім. Сол кезде «тренерліктен кеттім» деп айтқан болатынмын. Дегенмен мақсат біржола кету болған жоқ. Тек негізгі бағытты ауыстырдым. Өзімнің саламда ғана дамығым келді. Бұрынғыдай ТМД мен Қазақстанды шарлап тренинг өткізуді тоқтаттық. Бүгінде тренингтерім тек Алматы қаласында болады. Қазір әртүрлі тренерлер бар. Бірі сатылым жөнінен, бірі ораториканы оқытып, бірі қаржы жағын үйретіп жатыр.

Біз құрған Amanzhol International –  көшбасшылықты және бизнесті дамыту академиясы. 5 модуль бойынша білім береді. Негізгі мақсаты – кәсіпте дамығысы келетін және кәсібін дұрыс басқарғысы келетін адамдарға көмектесу. Академия жәй кәсіпкерлерді емес, ірі кәсіпкерлерді, нағыз көшбасшыларды тәрбиелеп шығатын орталық.

Академиянің бірінші бағыты – оффлайн. Көшбасшылық бойынша 5 модуль, бизнес бойынша 2 модуль бар. Екіншісі – онлайн, әлемнің кез келген жеріндегі адамға білім алу мүмкіндігін сыйлайды. Біз тек Қазақстан емес, әлем бойынша жұмыс істейтін академияға айналуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін Аманжол да әлемдік деңгейдегі тұлғаға айналуы керек.

Сондықтан да осы жылы Америкаға қоныс аударуды көздеп отырмын. Тікелей тұрғыда Американы бағындыру – әлемді бағындырғанмен тең ғой.

Сонымен қатар бір бағытта шектеліп қалмай, басқа да қосалқы Гарвард, Бизнес Конструктор секілді білім беру ордаларымен серіктестік құрып, коллаборация жасауды қолға аламыз. Қазір келісім жүріп жатыр. Болашақта академияның түлектері Мәскеудегі халықаралық бизнес академиясының да дипломын алып шығатын болады. Арманым – Нұр-Сұлтан, Алматы және басқа да алыс, жақын шет елдерден халықаралық көшбасшылық пен бизнесті тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ашу. Оның бағдарламасын жазып, жоспарын құру керек. Бұйырса, алдағы бес жылдықта осы мақсатымызға жетіп қаламыз.

Кәсіпкер кез келген адамға бизнес жасауды үйрете алмайды

Бізде «біреудің кәсібін дамыту үшін өзің мықты кәсіпкер болуың керек» деген қалыптасқан түсінік бар. Бұл қате пікір. Педагогтық қабілет – мүлдем басқа дүние. Кәсібің болса, тәжірибеңді бөлісесің. Ал, бизнес әлемі әртүрлі болады. Бір жобаға құрылған жоспар келесісіне келмейді. Коуч, тренер деген әр адамды аша білетін, анализ жасап, психологиялық тұрғыда көмектесіп, мотивация бере алатын педагог.

Кәсіпті дамытатын адам өзі кәсіпкер болуы міндетті ме? Жоқ, міндетті емес.

Мысалы, CRM жүйесін қоятын адам кәсіпкер емес. Ол – IT маманы. Кәсіп  деген бір  ғана дүние емес. Оның ішінде қаржы жүйесі, маркетингі, сатылымы, имиджі, логистикасы, заң жағы, инвестициясы, менеджері бар. Оның  бәрін бір  адам дамыта алмайды. Жақсы кәсіпкер де бір адамға жақсы кәсіп жасауды үйрете алмайды. Оған педагогтік қарым-қабілет те болу керек. Сонымен қатар, әр тренер тек өз саласы бойынша ғана білім бере алады.

Бизнестегі ең үлкен мәселе

Кәсіп ашпаған адам «ақша керек, анау-мынау керек» деп сылтау қылады. Ол бірінші мәселе емес. Кәсіптегі ең үлкен мәселе – дұрыс адамды тауып, командаға алу және оны дұрыс басқару, ұстап қалу. Ақшаны табуға болады, ал адам таба алмайсың. Адам басқару – ең қиын дүние. Өйткені, біреуді басқармас бұрын адам бірінші өзін басқарып үйрену керек. Менеджмент бәріне бір жүйе қоятын болса, лидер бәрін бір жүйемен басқара алмайды. Командадағы әр адамға, маманға жеке қарым-қатынас жасай алу керек. «Кімнің қарсылас екені маңызды емес, қасыңда кімнің болғаны маңызды» деген жақсы сөз бар. Лидер командада интеграция жасай алды ма, командада ауызбіршілік, бірлік құра алды ба? Болды, оны ешқандай кризис те, мәселе де құлата алмайды. Біздің қазақстандық компаниялардың ең үлкен минусы – бірлігі бір команда жоқ. Менің  мақсатым – қайда болмасын ауызбіршілігі мықты команда құру.

Мықты команда қандай болады?

Команда мықты болу үшін адамдарды топтастыратын ортақ мақсат болғаны маңызды. Лидер  команданың алдына үлкен мақсат қойып беруі керек. Одан кейін белгілі бір заңдарға бағыну қажет. Мемлекетті мемлекет ететін дүние – рәміздер. Оның ішінде конституция. Компанияда да өзіндік ережелер жиынтығы болуы шарт. Үшіншісі – команда лидерді жақсы көру керек. Жақсы көрсе ғана соңына дейін бірге бара алады. Ақшамен не басқа құндылықпен ешкімді ұстап тұра алмайсың. Төртінші – корпоративтік мәдениет қалыптастыру. Адам өзін нашар сезінетін жерден кетеді, жақсы сезінетін жерге барады. Ал, өзін жақсы сезіну үшін жақсы эмоционалдық атмосфера болуы керек. Ішкі өзара мәдениет реттелу керек. Осының бәрі командада бірлікті қалыптастырады. Сонымен қатар адам өзін бағалы, маңызды сезінетін жерден кетпейді. Ең соңғысы – табыс, қаржы.

Өзі өзгермей, адамның өмірі өзгермейді

Америкалық психолог, бизнес философ Джим Ронның «Басқаша өмір сүргің келсе, басқа адам болуың керек» деген жақсы сөзі бар. Өйткені өміріміздегі нәтижеміз, бақытымыз, табысымыз, бақытсыздығымыз, кедейлігіміз – біз қабылдаған шешімдердің нәтижесі. Адам күнделікті қабылдайтын шешімдерінің 90 пайызын автоматты түрде ойланбастан қабылдайды. Роботтың қандай да бір қызметін өзгерткіміз келсе, біз оның программасын ауыстырамыз. Тура сол сияқты адам өмірін өзгерткісі келсе, бірінші өзін өзгертуі керек. Өзі өзгермей, адамның өмірі өзгермейді

Адамды өсіретін не, өшіретін не?

Адамды өсіретін де, өшіретін де бір нәрсе – мінезі. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді қазақ. Өзің жақсы болсаң, болмысың, қабілетің жақсы болса, кез келген жерде қалыптасып, кез келгенмен дос болып кете бересің. Сондықтан мінезіңе мән беріп, өзіңе-өзің бақылау жасап отыру керек.

Сұхбаттасқан: Сымбат Еркінбек

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!