Салауат

Ұйқы кезінде болатын таңғажайып заттар

Апталап ұйқыны қажет етпейтін ерекше адамдар болады екен. Дегенмен, адам баласының ұйқысыз өмір сүруі мүмкін емес. Тіпті, уақытылы ұйықтаудың денсаулыққа, адам дамуына тигізер пайдасы зор. Ұйқы кезінде адам сыртқы әлемнен алыстағанмен, біздің миымыз жұмыс істеуін тоқтатпайды. Ол уақытта сіздің ағзаңыз бен миыңызда қандай өзгерістер болатынын білесіз бе? Balbal.kz сайты сіздерге арнап ұйқы кезінде болатын таңғажайып заттардың тізімін дайындады.

  • Біз ұйқының бірнеше циклінен өтеміз
    Алдымен ағза ұйқының баяу фазасына өтеді. Біз ұйқыға толық батпай, сыртқы ортада не болып жатқанын ішінара сезіп жатамыз. Екінші, үшінші кезеңде жылдам ұйқы фазасы басталады. Жылдам ұйқы фазасында адамдар түс көреді. Барлық циклдің өтуіне 90-120 минут уақыт керек. Цикл түн бойына 4-5 рет қайталанады.
  • Ми қалдық заттарды бөліп шығарады
    Зерттеулердің нәтижесі бойынша, ұйқы кезінде адам бойындағы жиналып қалған керексіз заттардың шығу жүйесі реттеледі. Ми арқылы жұлын сұйықтығы тез бөлініп, улы заттар жойылады. Ол сіздің денсаулығыңызды жақсартып, Альцгеймер сынды аурулардан сақтайды.
  • Жаңа ақпарат адам жадысында сақталады
    Ұйқы кезінде ми уақытша ақпаратты ұзақ уақыт сақталатындай етіп жинақтайды. Сол себепті, ұйқы адам баласының дамуы үшін өте маңызды. Күні бойы көрген-білгеніңіз бен алған біліміңізді жадыда бекіткіңіз келсе, жақсы ұйқыға дағдыланыңыз.
  • Адам уақытша қимылдау қабілетінен айырылады
    Тез ұйқы фазасында ми қимыл-қозғалысқа жауап беретін нейрондардың жұмысын тоқтатады. Мұндай уақытша қимылсыздық қауіпсіздік үшін керек. Сол себепті, түсіміздегі іс-әрекеттерді өңімізде қайталамаймыз. Бұл жағдайда сіз 20 минуттай қимылсыз жатасыз.
  • Ми энергия қорын толтырады
    Ағза мен ми дұрыс жұмыс істеп, өзара тепе-теңдікті сақтап тұруы үшін адамға дұрыс ұйқы қажет. Ұйқысыз жүрген адам энергиясын толықтыру үшін тамақты керегінен көп қажет етеді. Ұйқы жетпеген кезде  аштық гормоны грелин көп мөлшерде өндіріледі.
  • Қимылдау қабілеттеріміз жақсы дамиды
    Жылдам ұйқы кезеңінде ми қимыл-қозғалыс дағдылары туралы мәліметтерді шоғырландырып, оны ағзаға жеткізеді. Іс-қимыл туралы ақпарат ағзаға түскеннен кейін ол туралы көп ойланудың қажеті жоқ. Сіз оларды автоматты түрде орындай алатын боласыз. Сондықтан, егер сіз теннисті жақсы ойнағыңыз келсе немесе көлік жүргізуге деген икеміңізді жақсартқыңыз келсе, жақсылап ұйықтаңыз.
  • Ұйқы маңызды шешім қабылдауға көмектеседі
    Егер түйткілді мәселелерді шешуге келген кезде  екі ойлы болып жүрсеңіз, ұйықтап алыңыз. Ғалымдардың айтуынша, ұйқы кезінде ми қиын сұрақтардың жауабын тез табады. Ұйықтап тұрған соң шешім қабылдау әлдеқайда оңайға соғады.
  • Шынайы өмірден алыстаймыз
    Терең ұйқыға батқан кезде ми сыртқы әлемнен алыстайды. Ұйықтап жатып сөйлеу, қимылдау сынды әрекеттер де осыдан болса керек. Ұйқы мәселелерін зерттейтін Америкалық ұлттық қордың мәліметі бойынша, ұзақ уақыт бойы ұйқы көрмеген адамның мінез-құлқы ауытқуға жиі ұшырайды екен. Сондықтан, ұйқыға 7-8 сағат бөлгеніңіз жөн.
  • Шығармашылық әлеует жоғарылайды
    Шабыт іздеп жүрсіз бе? Берклидегі Калифорниялық университеттің ғалымдары ұйқы кезінде ми әртүрлі ақпараттар арасындағы ерекше байланыстарды анықтайтынын дәлелдеген. Күндіз ондай өзгеше ойларға мән бермейміз. Ал, ұйықтап тұрған соң, кез келген мәселенің шешімін тез әрі креативті жолмен табамыз.

Қорытындылай келе, адам ағзасы мен мидың қалыпты жұмыс істеуі үшін ұйқының маңызы зор. Біздің кеңестер сіздерге пайдасын тигізді деген үміттеміз. Жайлы ұйқы тіледік, құрметті оқырман!

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Close