Психология

Марзия Бекайдар. Ер адамды қандай әйел қызықтырады?

Марзия Бекайдар "ер адамға ұнаудың құпиясы қарапайым" дейді

Марзия Бекайдар  бүгінгі таңда елімізге танымал психолог-тренер. Balbal.kz сайтының оқырмандары үшін ер мен әйел арасындағы қарым-қатынастың құпия сырымен бөліскен болатын. 

Жаны нәзік болғанымен, болмысы ерек әйел заты қашанда өмірдің бұралаң сәттеріне төтеп бере алатын күшке ие.Үй шаруасымен қатар кәсібін жүргізіп, ерінің разылығына бөленуі тағы бар. Өйткені ол – әйел, ол — әлемнің анасы. Қыз-келіншектерге жүктелген шаруалардың санын таңды-таңға ұрып тізбектей беруге болады. Дегенмен…

Марзия Бекайдар,
Instagram: @marziya_bekaidar Хабарласу: +7 747 929 2919

Күйеуіңізге сеніңіз

Ер мен әйелдің арасындағы көзге көрінбейтін, бірақ қарым-қатынасты сақтайтын қарапайым алғышарттың бірі — сенім арту. Сіз өмірге әйел болып келдіңіз, әрдайым қолдау мен қорғауға мұқтажсыз. Ал ер-азаматыңыздың міндеті сізге қамқорлық таныту. Ер азаматтың қамқорлығын сезінбесеңіз, демек өзіңіз кінәлісіз. Неге барлығына әйелдер кінәлі болады? Өйткені өзіңіздің табиғатыңыздан нәзік жаратылыс иесі екеніңізді ұмытып кетесіз. Әрдайым ер-азаматқа арқа сүйеп, оның сіз үшін қорған бола алатын адам екендігіне сеніңіз. Еріңізге сенетініңізді сездіріңіз.

Күйеуіңізге қолдау білдіріңіз

Күйеуіңіз сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да жиі қателесетін болады. Өмірлеріңізде түрлі сәтсіздіктер мен қуанышты күндер болуы мүмкін. Барлығы әркез 100 пайыз жақсы бола бермейді ғой. Тіпті күйеуіңіздің жұмысы жүрмей,  табысы ортайып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда қам жемеңіз, бұл жай ғана өткінші кезең. Сіз еріңіздің басындағы қиыншылықты қабылдаған сәттен бастап, оның ісі оңала бастайды. Яғни, сіз оны сынауды қойып, оған сенім артасыз. Барлық аурудың емі қабылдауда жатыр. Тіпті күйеуіңіздің жұмысқа қабілеті болмаса да, оған әрдайым қолдау көрсетіңіз. Оны шабыттандырыңыз. Күйеуіңіз сіздің тарапыңыздан қолдауды сезсе, ол алмайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Ол жанұясының өзіне сенім артып отырғанын сезіп, мың есе табысқа жететін болады. Ер адамды табиғат күшті етіп жаратқан. Сол себепті ол сіздер үшін қорған бола алатын азамат екенін біліп жүргені маңызды. Осы кеңеске құлақ түріп, ер-азаматыңызға деген көзқарасыңызды өзгертіп көріңіз, көп уақыт өтпей-ақ нәтижесін көресіз.

Бақытты әйел болыңыз

Ер адамға ешқашан оның кемшілігін бетіне баспаңыз. Айтқыңыз келіп, жарылып бара жатсаңыз да сабыр сақтаңыз. Айтқыңыз келген күннің өзінде де оны басқаша жолмен жеткізу керек. Оны қалай айтуға болады? Сізге күйеуіңіздің бойынан не ұнамайды? Мысалы, күйеуінің кеш келгені ұнамайды делік. Әдетте, әйелдердің жауабы біреу. Олар міндетті түрде айқайға басады. Бірақ күйеуі кешігуін тоқтатпайды. Ал егер кешігіп келсе, күліп қарсы алып, барлығын дау-дамайсыз шешіп, ақырындап түсіндіру керек. Мысалы: «Сен кеш келесің. Сені күтіп отырып, жүрегім ауырды. Сені қатты сағындым. Сен ерте келгенде мен сондай бақытты боламын», — деп айтып көріңіз. Ол ертесі 10 минутқа ерте келеді. Сол кезде: «Жаным, сен бүгін ерте келдің ғой», — деп мақтап, қуаныңыз. Содан кейін барлығы жайымен ретке келеді.

Сондай-ақ ешқашан жақын құрбыңызға, анаңызға, бауырларыңызға, тіпті туыстарыңызға күйеуіңіздің кемшіліктерін айтпаңыз. Біздің үнемі көңіліміз толмай жүреді. Көңілі толмайтын әйелдің күйеуі міндетті түрде өзін өмірде жолы болмаған адаммын деп есептейді. Өйткені ол әйелін бақытты ете алмады. Ер азамат үшін әйелінің бақытты болуы маңызды. Сол үшін қиын болса да әрдайым күліп жүруге тырысыңыз.

Ниет етіңіз

Егер сіздің басыңызда белгілі бір мәселе болса, демек сіз сол мәселемен өмір сүруді жақсы көресіз. Сіз үшін өзгелердің аяушылық танытқаны маңызды. Сол мәселемен бір жылдан аса уақыт өмір сүріп келе жатсаңыз, демек сіз ол мәселені шешуге тырысқан жоқсыз. Сіз үшін солай өмір сүру ыңғайлы. Олай емес, мен әрдайым шешімін табуға талпынамын. Бірақ қолымнан келмеді, сол үшін осы мәселемен өмір сүруге мәжбүрмін деуіңіз мүмкін. Жоқ, сіз шынайы күрескен жоқсыз. Сіз үшін осылай өмір сүру ыңғайлы. Сол себепті Алла мәселенің үстіне мәселе жамайды. Шын көңіліңізбен қаласаңыз, шешілмейтін түйін жоқ. Барлығы өзіңіздің қалауыңыз бен ниетіңізге байланысты.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!