Миллионер

Ұлтуған Әблежанқызы.12 000 теңгемен басталған бизнес

Ұлтуған Әблежанқызы – «Казспецвоенторг» компаниясының қалаушысы

Ұлтуған Әблежанқызы – арнайы киім тігетін «Казспецвоенторг» компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер. 1995 жылы арман қуып Алматыға келген ол 2012 жылы «Казспецвоенторгты» құрады. Кәсіпкерлікке жасалған бірінші қадам, бастапқыда қатар жүрген үміт пен үрей туралы Ұлтуған Әблежанқызы Balbal.kz мотивациялық сайты оқырмандарына айтып берді.

Ұлтуған Әблежанқызы:

Клиенттің қалауы

«Өндірістік тауарлар ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша кооперативті техникумын тәмамдадым. Дүкенде сатушы болдым. Одан кейін Жаркенттен ауылға зат тасып, сауда жасадық. 1995 жылы Алматыға арман қуып келгенім бар. Халық арасында «Барахолка» деп аталып кеткен базарда аяқ-киім, ойыншық саттым. Көрмегенді көрдік. Күннің ыстығында да, суығында да сатушы да, жүк тасушы да өзіміз едік.

Одан кейін «Сайран» автобекетінде сатушы болып ауысып кеттім. Сол кезде халықтың көбі бекет ішіндегі дүңгіршектерден гигиеналық тауарларды таппай қиналатынын байқадым. Әсіресе халықты таситын жүргізушілер бірінші мен екінші рейстің алдында суға түсіп, бір сергіп алғанды жөн көретін. Ал автобекеттің ішінде сусабын, кәдімгі сабын, іш киім дегенді таппайтын. Сондықтан олар жолдан өтіп, басқа дүкен аралап кетуге мәжбүр болатын. Бізді техникумда клиенттің қалауын бірінші орынға қоюды үйреткен. Ойлана келе 5 000 теңгеге бір дүңгіршекті жалға алып, жалпы сомасы 12 000 теңгелік гигиеналық тауарларды сөреге шығарып қойдым. Өтті де кетті бәрі. Сол уақытта сұранысқа ие дүниені сатылымға шығарсаң, опық жемейтініме көзім жетті.

Бизнес бастау үшін 0 капитал керек

«Сайранда» бірнеше дүңгіршегі бар Сәулет есімді келіншекпен танысып, құрбы-құрдас болып кеттік. Сәулет тігін курсын оқып, белдемше тіге бастады. Содан соң тігіншілікті әбден меңгеріп алып, жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істей бастады. Мені өз қатарына шақырды. Сәулеттің жанында жүріп мен мол тәжірибе жинақтадым. Тігін тігуге ебім бар екендігін байқадым. Жеті жылдан кейін Сәулеттің батасын сұрап, бөлек шығуға шешім қабылдадым. Сұранысқа сай арнаулы әскери киім тігуді қолға алуды дұрыс деп санадым. Бір нәрсе түсінгенім, бизнес бастау үшін шын мәнісінде капитал қатты қажет емес. Бастысы, «бастаймын, істеймін» деген ниет екен. Мен болсам, ешкімге қол жаймай, өз ісіммен айналысуды ниет еттім. Ниет еттім де білек сыбана жұмысқа кірістім. Бұл жолда мен жылдар бойы тынбадым, демалмадым, қажымадым.

Ешнәрсеге кеш емес

2012 жылы ЖШС болдық. Өз-өзіңді дамытуға, қосымша білім алуға ешқашан кеш емес екен. Әйтпесе мен сияқты елуінде бизнеске қадам басу үшін үлкен тәуекел қажет. Қайталап айтамын, кәсіпке қадам басу үшін теңгеден бұрын тәуекел мен табандылық қажет. Мотивациялық тренингтерден, семинар-мастер-кластардан қалмайтын болдым. Басында менеджер де, жеткізіп беруші де, материалдарды сатып алушы да, тіпті тазалықшы да бір өзім едім. Уақыт өте келе жаныма бухгалтер, заңгер алдым. Сөйтіп жұмыс ақырын-ақырын жүре бастады. Бүгінде «Казспецвоенторг» 20 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған отбасылық бизнес.

Арзанның сорпасы татымайды

«Казспецвоенторгтың» табысқа жетуінің құпиясы – сапалы өнім ұсынуы. Бұл да клиентің қалауын ескеру деген сөз. Клиент өзі киіп, өзі тоздырғысы келеді. Алайда бір киімді екі түрлі бағада көрсе, арзанына қарай жүгіреді. Біз тігетін жейделер басқа жерде бірнеше мың теңгеге арзан. Неге? Арзан бағаны ұсынатындар өзбектерді жалдап, тіккізіп алады. Біршама уақыттан кейін киімнің өңі кетіп, быт-шыты шығады. Ал біз техникалық сипаттамаға сай тігеміз.

Ішкі істер министрлігінің, өрт сөндірушілердің, «Мега» сияқты сауда орталығының күзет қызметкерлерінің үстіндегі киім біздікі. Бізге бір рет тапсырыс берген клиент міндетті түрде келер жылы қайта тапсырыс жасайды. Өйткені мен киімнің сапалы болуын жіті бақылайтын адаммын. Бүгінде қол астымда жұмыс істеп жатқан тігіншілердің барлығын үйреткен де, қырағы еткен де өзім.

Кадрлардан қиналамыз

Мен әлі күнге дейін таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін тік тұрып жұмыс істеуден жалықпадым. Еңбек қана бәрін жеңетінін білемін. Мені қынжылтатын бір-ақ дүние бар, ол – кадр мәселесі. Тігін тігемін деп келген жастардың жұмыс істеуге, жаңа нәрсені іліп алып кетуге деген ынта-жігерлерінің жоқтығы. Бес минут көзден таса қылсаң, ұялы телефондарын шұқылап құр отыратындары. Өз басым жылдар бойы жалдамалы қызметкер болған адаммын. Алайда өз нәпақамды маңдай термен табуды жөн санайтынмын. Ал әңгіме соғып не сериал көріп отырып жұмыс істеуге қарсымын.

Тігіншілік не дизайнерлікке оқып жүрген қыздардың көбісі тәжірибесіз келеді. Оларды қалта жасаудан бастап бәріне үйретеміз. Алдағы уақытта тігіншілік курсын ұйымдастыруды ойластырып жүрмін. Жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерді жылы офисқа кіргізіп, уақытылы айлығын беріп, ісімді берекелі етуді армандаймын.

«Сайранның» жанындамыз

Жылдар бойы мен тапқан таянғанымды осы кәсібімнің дамуына жұмсаппын. Табысымның жартысы әлі күнге дейін ғимаратты жалға берушінің қалтасына кетеді. Маған жай ғана кішігірім кеңсе емес, үлкен цех сиятындай ғимарат керектігі қынжылтады. Тігіншілерімнің көбі қаланың сырт жағында тұратындықтан таңертең жұмысқа келерде қиналмасын деп әзірге отырған орнымыздан яғни «Сайранның» төңірегінен жылжымай отырмыз.

Бақытты отбасымыз

Зырғып өткен уақытқа қарасам, тәуекелшіл болуым да, табандылық танытуым да жанымда жүрген отбасым болмаса, мені алысқа апармайтын еді. Әр бастамамды қолдап отыратын да, жауапкершілікті бөлісіп алатын да солар. Жан жолдасым бір ауыз жылы сөзін айтып, жаны ашып, иық тіресіп еңбекке араласпаса, мұның бәрі құр арман болып қалар ма еді?!

Бүгінде аяулы ана болып отырған екі қызым жылдар бойы «Казспецвоенторгтың» жұмыстарымен зыр жүгіріп жүрді. Бір қызым бүгінгі таңда мемлекеттік қызметкер атанса, екінші қызым жеке дүңгіршегін алып, тігін тігу бизнесімен айналысып жүр. Ал кенже қызым университет қабырғасында «инженер бағдарламалашы» мамандығы бойынша білім алып жүр. Технология тез дамып жатқан заманда ауадай қажет құнды білім алып, отбасылық бизнесті одан сайын өркендетеді деген үмітіміз бар. Ұлым да, келінім де бір жағыма шығысқанын мақтанып айтамын. Солардың арқасында енді біз жеке тапсырыспен қатар тендерге қатысып та тапсырыс орындап жүрміз.

«Казспецвоенторг» жоғары қоятын құндылық – ол отбасылық береке мен бірлік.

Тег
Көбірек көру

Оқи отырыңыз

Close

Тегін бизнес консалтинг

Balbal.kz материалдарын email-ға жіберіп отырамыз. Тек сала/тақырып таңдап әр 5 күн сайын e-mail-ды тексеруді ұмытпаңыз!