Ерте ояну үшін ұйқы режимін бір қалыпқа келтіру керек. Оны дұрыстаңыз, өнімділігіңіз артады. Демек ұйқы мен адамның мақсатқа жетуінің арасында көзбе көрінбейтін байланыс бар. Ендеше ерте ояну үшін көмексетін нюанстарды оқырман назарына ұсынамыз.
Өмірлік мақсат
Көпшілігіңізге ерте оянуға өмірлік мақсаттың қандай қатысы бар деген ой келуі мүмкін. Біріншіден, өмірлік мақсат адамға мотивация береді. Сол үшін ерінбей ұйқыдан ерте оянуға тура келеді. Екіншіден, болашаққа жасалатын қадамын нақтылап, дұрыс жоспар құруға әсер етеді.
Кешкі дайындық
Таңертең ерте жеңіл әрі жайлы оянғыңыз келсе, дайындықты түннен бастау керек. Түнде ертеңгі күнге жоспар құрып қойыңыз. Қайда болатыныңызды, не киіп, не ішетіңізді ойлаңыз. Барлық электронды құрылғыларды ұйықтауға екі сағат қалғанда өшіріп тастаңыз. Сол кезде ерте ұйықтауға ешнәрсе кедергі болмайды.
Өткен күнге есеп беріңіз
Күнде жатар алдында өзіңізден есеп алыңыз. Күні бойы не істегеніңізді ойлаңыз. Бітпей қалған тығыз шаруаларыңыз болса, ерте оянуға себеп болады.
Оқыңыз
Мектептегі баладан қартқа дейінгі адамдар тығыз графикпен өмір сүреді. Кітап оқуға уақыт жоқ. Егер ұйықтар алдында электронды құрылғыларды өшірсеңіз, кітап оқуға тым болмағанда 30 минут уақыт болады. Әрі жүйкеңіз тынышталып, ерте ұйықтайсыз.
Жайлы орын мен киім
Бөлмеңіз бен төсек орныңыз ерте оянуға әсер етеді. Төсегіңізді терезенің жанына бетіңізге күн түсетіндей етіп қойсаңыз, ерте оянуыңызға тура келеді. Сондай-ақ жатарға киетін киіміңізді де ыңғайлы болғанын ойлаңыз.
Салауатты өмір салтын ұстану
Ұйқыға 6 сағат қалғанда кофе мен алкогольді ішімдікті қолданбаңыз. Жатар алдында тойып тамақтанбағаныңыз жөн. Көк шәй немесе су ішіңіз. Сондай-ақ спортпен ұйқыға 3 сағат қалғанда айналысыңыз. Дене шынықтырған соң ұйықтау қиын болады.
Дайындаған: Гауһар Бердібек